«Сақтықта қорлық жоқ»

854

0

Президент карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Індет бәсеңдемейінше осылай болуы заңды. Өйткені белгілі бір шектеулерге бағыну арқылы ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.

«Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана халқымыз. Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген де қанатты сөзі бар. Пандемия тәртіпті талап етеді. Сондықтан Үкімет белгілеген карантиндік шектеулерге бағынып, дәрігерлердің талабын орындау маңызды.

Коронавирус инфекциясы өте жұқпалы. Ол адамнан адамға ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде таралады. Сондай-ақ, науқас пайдаланған тұрмыстық заттар, ауа, тамақ өнімдері және тұрмыстық заттар арқылы жұғады. Инфекция қысқа уақытта көп адамды үйіріп әкететінін ескерсек, әр азамат өзі сақтанса, вирустың қоршаған ортаға таралуына тосқауыл болар еді.

Сақтанудың жолы қандай? Ең әуелі медициналық маска киіп жүру және оны жиі ауыстырып тұру қажет. Мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармаған жөн. Ауру белгілері бар адамдарға жақындау денсаулығыңызға қауіп төндіреді.

Әркім өз денсаулығына өзі жауапты екенін ұмытпайық. Санитарлық режимді бұзбай, оны қатаң қадағаласақ, бұл індеттен де арылатынымызға сенемін.

А.Сейітқалиева,
қалалық «Сенім» емханасы

бас дəрігерінің орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<