Тоқмейілсуге мүлде болмайды

806

0

«COVID-19»  пандемиясы адамзат баласына  үлкен залал келтіргені белгілі. Биылғы көктем-жаз айлары әлем жұртшылығы үшін қарусыз майдан іспеттес болды. Қанша адам жақын-жуығынан айырылып, қайғыдан қан жұтты.

Алайда адам қиыншылық­ты тез ұмытатын қасиетке ие емес пе? Індет сәл толастап еді дереу бұрынғы әдетіне басып, бетпердені шешіп, той тойлап, жиын жасаумен әуре. Пандемия әлі аяқталған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметтеріне сүйенсек, шет мемлекеттерде осы вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрлері анықталуда. Өз айма­ғымызда да індеттің тіркелуі баяу болса да, тоқтаған жоқ. Есесіне, республиканың басқа ірі аймақтарында індет таралуы өрши бастады. Ендеше тоқмейілсуге мүлде болмайды.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы – 30 жылдық тарихымен аймақта кездескен небір аса қауіпті індеттерді ауыздықтаған мамандар ордасы. «COVID-19» пандемиясы кезінде де ұжым бірауыздан тізе қосып тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Қызметкерлер айлап үй бетін көрмей  мыңдаған науқасты аяғына тұрғызып, отбасына қосылуына барын салды.

Қазіргі кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыс, қала басшылығы, денсаулық сақ­тау басқармасының бақы­лауы­мен ауруханада 150 инфек­циялық төсек-орын бүкіл құрал-сайманымен індет жұқтырған науқастарды емдеу­ге дайын. 19 өкпені жасанды желдету аппараты, 55 оттегі концентраторы, дәрі-дәрмек, залалсыздандыру препараттары мен жеке қорғаныш заттары қоры жасалған.  Меди­циналық қызмет көрсетуге жұмылдырылатын мамандар қайта аттестаттаудан өтіп, семинар сабақтарға қатысып, өз білімдерін шыңдап да­йындалуда. Әйтсе де, аурудың алдын алудың маңызы зор екені белгілі. Осы орайда тұрғындардан індетті өз қолымызбен таратпай, сақ­тық шараларын ұстанып, той-жиынды азайтуға, бет­пер­дені тастамай, індетке қарсы санитарлық шараларды орындауға шақырамыз. Өйт­кені сақтыққа салғырт қара­мағанда ғана қауіпті кеселді ауыздықтауға қол жеткізеріміз анық.

Айна МҰХАМБЕТОВА,

 облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының

бас дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<