Вакцина кеселдің жолын кеседі

837

0

Коронавирус инфекциясы пандемия деп жарияланғалы шектеу көбейді, адамзат өмірі өзгерді, әлем вирус құрсауында қалды. Біз көзге көрінбейтін кеселмен күресті жалғастырудамыз. Десек те, той-томалақ толастамай тұр, сақтыққа әлі де салғыртпыз. Ал, инфекцияның қайта бас көтеріп, өрши түскені байқалады.

Вирус мутацияға ұшырады

Бірнеше ай бұрын ұлы­бри­таниялық штамның шық­қаны хабарланды. Вирустың мутацияланған бұл түрі әдет­тегі коронавирустан 70 процентке тез жұғады деген дерек бар. Мұнан соң артынша АҚШ-тың Калифорния штатында адам ағзасынан екі штамм бірігуінен пайда болған гибрид коронавирус штамы табылды. Әзірге гибрид штамды жұқтырудың бір ғана жағдайы белгілі. Бірақ, сарапшылар оның тексеруден өтпеген нау­қастарда жұқтыру дерегі болуы мүмкін деп топшылайды.

Әлемдегі ахуалдың күрде­ленгенін статистика көрсетеді. Бүгінде 221 елде COVID-тің 130 млн-нан астам жағдайы тіркелген, науқастану өсімі – 0,5. 2,8 млн-нан астам адам қайтыс болды. Қаңтар айында науқастанудың жалпыәлемдік статистикасы біршама төмен­дегенімен, ақпаннан бас­тап қайтадан тұрақты өсім байқалды. Франция, Польша, Түркия, Украина сынды жекелеген елдерде 1 млн тұрғынға шаққанда тәулігіне 400-ден 800-ге дейін жағдай тіркелуде.

Елдегі жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сай, қазір коронавируспен ауыр­ған­дардың тәуліктік көрсеткіші 2 мыңнан асып түскен. Бұған қоса жауапты саланың тізгініндегі Алексей Цой келер айда тағы 370 мың адам COVID жұқтыруы мүмкін деген болжам келтірді. Бұл ретте бір ғана сауал туындайды. Жұқпалы індетті құрықтаудың жолы қайсы?

Тағы да оқыңыздар!

Қызылорда «сары» аймаққа кірді

Жақында осы күрделі ахуалды алға тартқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министріне бір ай ішінде жағдайды түземесе, қыз­меттен кетуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Президент бұл орайда Қазақстан вакциналау қарқыны жағынан көшбасшы мемлекеттерден әжептәуір артта қалғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде иммунизация курсын 47 мыңға жуық адам ғана аяқтаған. Оған вакцина тапшылығы себеп. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкімет «Спутник V»  бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакциналау қажеттілігін толығымен өтейтініне сендірді. Осы ақ­параттың негізінде 1 ақпан­нан жаппай вакциналау бас­талатынын жарияладым. Алайда, екі ай ішінде екпе ал­ған­дардың саны 0,1%-ке де жетпейді. Енді басқа мемлекет басшыларымен қосым­ша вакцина жеткізу туралы уағдаласуға тура келеді. Біз жеделдету үшін өзімізге тиім­сіз коммерциялық және қар­жылық шарттарға келісуге мәж­бүрміз» деген пікір білдірді.

6 млн адам вакцина алады

Ал, сейсенбіде өткен Үкі­мет отырысында Пре­мьер-Ми­нистр Асқар Мамин алдағы 3 айда 6 млн адамға вакцина егілетінін жеткізді. Толығырақ тар­қатсақ, министрлік вакци­нациялау бойынша жос­пар әзірледі. Биыл сәуір, мамыр жә­не маусым айы аралы­ғын­да өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вак­цина алу мүм­кіндігі қам­тамасыз етіл­мек. Сондай-ақ, қыркүйек айын­да 10 миллионға жуық адам­ға вакцина салуды аяқтау жос­парланып отыр. Содан ке­йін ұжымдық имму­нитеттің жи­нақтаушы әсері күтіледі. Бі­рер күн бұрын Президент те Қарағанды фармацевтика зауыты шы­ғарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Бұдан бөлек, бүгінгі күнге дейін ел­де 194 706 адамға ерікті түрде екпе егілді деген дерек бар.

Ендігі кезекте өңір­де­гі жағ­дайға тоқтал­сақ. Облыс­та вирус жұқты­ру­­дың қарқыны артқан, қазір инфекция жұқ­тыр­ғандар саны 4198-ге жетті. Оның 3%-і сырттан та­­сы­малданған болса, 56%-і скринингтік тексеру нә­ти­­же­сінде анықталған, 41%-і қа­рым-қатынас ар­қы­лы жұқ­тыр­ған. 6 сәуір­дің өзінде облыста 39 жағдай тіркелді. Басым бө­лігі COVID-19 инфекция­сын жұқтырғандармен жа­қын қарым-қатынаста бол­­ған. Бұл ұжымдарда вирус жұқтыру дерегі кө­бей­ген дегенге саяды. Осы­ған байланысты об­лыс­тың Бас мемлекеттік са­­­­нитариялық дәрігері Ди­нара Жаңабергенова жұ­­­мыс орын­дарындағы са­­ни­­та­рия­лық-эпидемио­ло­гиялық, де­зин­фекция­лық талаптардың орын­да­луына жіті мән беруді тап­сырып, үндеу жариялады.

– Әрбір тұрғын вирус­тың таралуын тоқтата ала­ды. Бет­перде киюді, жеке гигиена ережелерін, қо­ғам­дық орындарда ара­қашықтық сақтауды қа­пер­ден шығармау, дене қы­зуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағ­дайда медициналық кө­­мекке жүгіну керек. Халық көп шоғырланатын орындарға баруды, шектен тыс қонақ шақырып, отбасылық мереке­лерді тойлауды кейінге қал­дыру маңызды. Індетке төтеп беру өз қолымызда, – деді Динара Жаңабергенова.

Сондай-ақ, мамандар ін­детті ауыздықтаудың та­ғы бір жолы – жаппай ек­пе алу екенін айтады. Сан­дарды сөйлетсек, 1 ақ­­паннан бастап екпе­нің 1000 дозасы өңірге жет­кізіліп, алғаш­қы кезең­де ол медицина сала­сының қыз­меткер­ле­ріне, педагогтар мен полиция қызметкерлеріне са­­лын­ған. Бүгінге дейін ек­пенің І компоненті 7000-нан аса адам­ға, ІІ ком­поненті 2623 адам­ға егіл­ген.

Жалған ақпараттың жазасы қандай?

Десе де, қоғамда әлі де «Екпе ем бе, әлде екпеген жөн бе?» деген екіұдай пікір бар. Бұған дейін әлеуметтік желіде түрлі қауесет, фейк ақпараттар тарағаны да жасырын емес. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаға қа­тысты фейк ақпаратпен кү­рес күшейтілетінін ха­бар­лады. Енді елдегі эпи­де­миологиялық ахуалға қатысты жалған ақ­парат таратудың жауапкер­шілігі қатаң. Денсаулық сақ­тау саласының ардагері Тұр­ғанбай Маханов та қазір ек­пені ем дейтіндер мен пайдасы кем дейтіндердің таласы тоқтамағанын, алайда алдын алу шараларына бейжай қарауға болмайтынын айтты.

– Коронавирус инфек­ция­сы басқа вирус­тар­ға қарағанда азулы. Мәсе­лен, осы уақытқа дейін ғалымдар таралған ви­рус­тың барлығын ғылыми жолмен тоқтатқан. Сондықтан екпе ұжымдық имунитетті қа­лыптастырады деуге не­гіз ай­тарлықтай. Кез кел­ген вакцинаны 99 адам жақсы қабылдап, біреуіне кері әсер етуі мүмкін. Бі­рақ, сол үшін жаппай екпеден бас тарту дұрыс емес, – деген ойымен бөлісті.

«Үрей – дерттің жарты­сы, сабыр – емнің жартысы, төзім – сауығудың басы» де­ген ға­лым Ибн Сина. Сабыр мен сақтықты, төзім мен тәртіпті серік ет­сек және әлем ел­де­рінің тәжіри­бесіне сү­йен­сек, бұл күннің артта қалары анық. Локдауннан шығу жо­лын ертерек ойлас­тыр­ған елдердің тәжіри­бе­сін парақтасақ, Израиль мен Біріккен Араб Әмір­лік­терінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мей­рамханалар желісі, ша­ғын және орта бизнес қайта жандана түскен. Осы­ған қарап, кеселмен кү­рестің сенімді жолы вакцина деп ашық айта аламыз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<