Вакциналау бойынша бесінші орындамыз

474

0

Бүгінде  коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Қызылорда облысы «сары аймақта». Осы себепті әлі де болса карантиндік талаптардың  сақталуы бойынша түрлі іс-шаралар атқарылуда. Оған қоса вакциналау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде  тұрғындардың 78,4 проценті, яғни, 354536 адам екпенің алғашқы компонентін алса, 2-компонентін  284957 адам салдырған.

Қазіргі кезде екпе салдырудан аудандар ішінде Жалағаш ауданы мен қаладағы №1 қалалық емхана аумағы көш бастап, бірінші компонент бойынша екпе салуға болатын санаттағы адамдар 100% қамтылған.

Айта кетейік, жалпы облыстар арасында вакцина алу бойынша Сыр өңірі республикада бесінші орында тұр. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің  25 қазандағы мәліметі бойынша елде I компонентті 8 168 114 адам, II компонентті 7 329 137 адам салдырған.

Осы күнгі дерек бойынша елде бір тәулікте  1,5 мың адам коронавирус жұқтырса, 1176 адам аурудан жазылып шықты.

Алматыда індет жұқтыру көрсеткіші 14 жасқа дейінгі балалар арасында артты. Жыл басынан бері мұнда 14 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам бала ауруға шалдыққан. «Биылғы 9 айда 14 жасқа дейінгі 3438 баладан коронавирус анықталды. 2020 жылдың осы кезеңінде Алматыда 363 бала ауырған болатын. Балалар арасында жұқтыру едәуір артты», – деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

ДДҰ мәліметінше, Ұлыбритания, Румыния және Балтық жағалауы елдері коронавирустың таралуы жөнінен  антирекорд орнатып отыр. Ал Ресейде бесінші күн қатарынан коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша рекорд жаңарды. «Бір тәулікте вирустан 1075 адам көз жұмды», – деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа вируспен күрес жөніндегі федералды жедел штаб таратқан ақпаратқа қарағанда, пандемия басталғалы бері вирустан барлығы 229 528 адам көз жұмды. Атап айтқанда, бір тәулікте Мәскеуде 82, Санкт-Петербургте 67, Краснодар өлкесі мен Нижегород облысында 42-ден, Башқұртстанда 35, Ростов, Свердлов облыстары мен Ставрополь өлкесінде 34 адамнан қайтыс болған. Жаңа жағдайлар саны бір тәуліктің ішінде 37 678-ге өсіп, 8 205 923-ке жетті. Бұл пандемияның басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, елде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд қатарынан үш рет жаңарып отыр. Штабтың хабарлауынша, қазіргі кезде ел астанасында 174 310 адам ем алып жатыр.

«Әлемнің пандемияны жеңуі үшін медициналық мүмкіндіктерін қосқанда, барлық құралдары бар. Алайда олар тиісті деңгейде қолданылмайды», – деп мәлімдеді  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Берлинде өтіп жатқан Денсаулық сақтау саммитінде.

Гебрейесус әлем қауымдастығын жылдың соңына дейін барлық елдерде вакциналаумен қамтуды кем дегенде 40%-тен асыруға шақырды. Ол өзіне пандемияның қашан аяқталатыны туралы сұрақтың жиі қойылатынын мәлімдеді. «Менің жауабым мынадай: Пандемия әлем оны тоқтатуды толық қалап іске кіріскенде ғана аяқталады. Бәрі өз қолымызда. Алайда әлем өз мүмкіндігін тиісті деңгейде қолданған жоқ. Күнделікті 50 мың адам вирустан қайтыс болып жатыр, пандемия аяқталған жоқ. Мұның өзі – тек бізге белгілі статистика», – деді ол.

Гебрейесус ДДСҰ-ның бұрын жариялаған мақсатын атап өтті. «Ол – 2021 жылдың соңына дейін әр ел халқын кем дегенде 40% вакциналаумен қамту. Бұл вакцинаны жеткізуді бақылайтын елдер мен компаниялар айтқандарын орындаған жағдайда ғана жүзеге аспақ», – деді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<