Жағдай тұрақталғанмен, тоқмейілсуге болмайды

1019

0

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Жедел жәрдем қызметі күрделі кезеңде тәулігіне 2 жарым мың шақырту қабылдап, жүктемелері екі есеге дейін артқан еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сәбит Пазыловтың айтуынша, маусым айындағы шақыртудың шарықтау шегімен салыстырғанда 52,7 процентке төмендеген. Соңғы екі аптадағы көрсеткіш 39 процентке азайған.

– Жедел жәрдем үшін ең күрделі кезең 20 маусымнан кейін келді. Бұған дейін әр топқа 35-38 шақыртудан келсе, қазір бұл көрсеткіш 16-18-ге түскен. Бір айта кетерлігі, шақыртудың басым көпшілігі тұмау, өкпе аурулары, пневмония ауру­лары­ның бел­гілеріне байланысты. Ста­тис­­ти­калық мәліметтерді са­ра­ласақ, ауру­ханаға тасы­мал­­данған науқастардың 85 проценті жатқызылатын. Қазір 45 проценті ғана жат­қы­зылуда. Демек, ауыр нау­қастар саны азайды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Осыған дейін жедел жәр­дем көлік­тері шақы­рту­ларға уақытылы барып та үлгермейтін. Бұл мәселені шешу мақсатында 30 топ көмекке жұмылдырылды. Бұдан бөлек, рес­публикада алғашқы болып өңірде 161 мобильді топ құрылған. Мұның барлығы қауіпті індетпен күресте қабылданған негізгі шаралардың бір бөлігі ғана. Сәбит Бексейітұлы жедел жәрдем шақыртушылар кезек күтпейтінін айтты.

Мамандардың мәлі­метін­ше, тыныс алу жолдары аурулары 74 процентке, жедел-респираторлық вирусты инфекция 82,5 процентке, пневмония 60 процентке азайған. Басқарма басшысы жағдай тұрақ­талғанмен, тоқ­мейілсуге болмайтынын айтып, халықтан жиын-тойды тоқтатуын сұрады.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<