Жақсының жарық жолы

1224

0

Өткен ғасырдың бас жағында өмірге келген аға-апаларымыздың заманы тар болды. Ауыр тұрмыс, жоқшылық көріп өсті. Соған қарамастан еңбек майталмандары, мәдениет-әдебиет қайраткерлері саналы ғұмырын туған топыраққа қызмет етуге арнады. «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші. Сондықтан артына ісі мен жақсы сөзін қалдыруы керек» деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай, ізінде сөзі мен ісі қалған ардақтылар баршылық.

София Мақашова туралы білетіндер азайып қалды. Бірақ мен және әріптестерім қоян-қолтық 30 жыл бірге жұмыс істеген соң ол туралы аз білеміз деп айта алмаймыз. Он бір жылдай орынбасары ретінде, одан кейін де бірге жұмыс атқарған апайым өте ыстық көрінеді, бейнесі көз алдымнан кетпейді. Өмірден озғанымен, көргендер көңілінде ұзақ уақыт сақталатын жандардың бірі, мен үшін бірегейі – Мақашева София Өтегенқызы.

Адамға болмысы мен жүріп өткен  еңбек жолына қарай баға беріледі. Облыстық денсаулық сақтау саласының негізін қалаған маман, білікті ұстаздың туған еліне жасаған қызметі ұшан-теңіз. Басқасын былай қойғанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасын 30 жыл басқарған Қазақстанда осы кісі ғана. Оның өресі биік, кісілік келбеті жоғары, ажарына ақылы сай болатын. Жақсы адам жөнінде жылы лебіз айту, мақтау, мадақ айту қандай жеңіл. Апай туралы мені айт, мені айт деп тұрған  жақсылықтары жеткілікті. Қатарластары ел ішінде «Біздің София» деп, ал біз апай деп атап кеттік.

Ол рухани бай адамдар қатарында еді. Облыс дәрігерлерінің ұстазы, шәкірттеріне деген қамқорлығы зор болатын. Соның бірі – мен.

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Жақсы әйелдің киесі болады» дегені бар. София Өтегенқызының ерекше жаратылысына  Алла тағала  бар құдыретін төккен. Табиғаты  нәзік болғанымен, сын сәттерде қуат-күші тасып, бар қиындықты еңсере алатыны да содан болса керек. Адалдығымен  өрілген  өмір жолынан осындай қайтпас қайсарлықпен, сарқылмас қуат-күшпен қатар ана жүрегіне тән  ізгілік пен өнегелі өрісін көруге болады.

София Өтегенқызы 1923 жылдың 23 желтоқсанында Қызылорда қаласында дүниеге келіп, 2006 жылы бұл фәни  дүниеден өтті. 1940 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін,  Алматы дәрігерлік институтына түскен. Ұлы Отан соғысы басталған соң, уақытша үзіліс болады.  1942-1944 жылдар  аралығында Қызылорда қалалық  ішкі істер басқармасы паспорт  бөлімінде жұмыс атқарған. 1948 жылы Душанбе  дәрігерлік институтын бітіріп, Шиелі, Сырдария аудандары денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда медициналық училищесінің  директоры қызметтерін, сонымен қоса емдеу жұмыстарын қоса атқарып, абырой иеленген. 1952-1982 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды.

Парасат иесі, өмірден түйгені мол жан аймақтың  көкейтесті мәселелеріне ешқашан да бей-жай қарап көрген емес. Соның нәтижесінде облыстық  денсаулық сақтау саласын басқарған кезеңі салыстырмалы түрде өрлеу кезеңі болғандығы айдан анық.

Атап айтатын болсақ, 1952-1982 жылдар аралығында облыс ауруханаларында төсек орны 970-тен 6540-қа, оның ішінде Қызылорда қаласында төсек орын 150-ден 2600-ге көбейді. Дәрігер саны 92-ден 142-ге, орта буын медицина қызметкерлері 520-дан 4750-ге жетті. Медициналық бекеттер саны 76-дан 220-ға, 19 санитарлық автокөлік саны 300- ге артты. Ең бастысы, аурухана саны 32-ден 82-ге жетті.

Апайдың ешкімге ұксамайтын тағдыры бар, он бес бала тапқан ата-анасына тірі бұйырған жалғыз тұяқ екендігі, өзінің алғашкы еңбек жолын қарапайым төлқұжат тіркеушіден бастауы көп нәрсе аңғартса керек. Тек қажырлы еңбек, тынымсыз тірлік, уакытпен үндесу үрдісі ғана адамның өз мүмкіндігін толығымен пайдалануына қол жеткізеді. Оны София Өтегенқызының  жемісті жылдары  айғақтай алады.

Мүмкін өлім мен өмір күресінің ащы дәмі тез есейіп, өмір жолын дәрігерліктен  іздеуіне жетеледі ме білмеймін, әйтеуір ол өз бақытын қиналған сырқат жанға  араша болудан тапқандығы  шындық.  Басшылық жұмыстан  қолы  қалт еткенде акушер-гинеколог қызметін қоса атқарды. Сирек мамандар жетіспейтін кезде медициналық институттан алған жоғары білімін қолдана білді, жаңа өмір иелерінің дүние есігін ашуына барынша жәрдемдесті.

Ол елді мекендердегі медициналық мекемелерді өз көзімен көру мақсатында жиі аралайтын. Тұтқиылдан шыққан індет барысын өзі көріп,  жете танысып, инфекцияны тоқтату жөнінде ойларын жеткізетін. Сондықтан да болар,  сол кездегі ауыл медицинасының өкілдері облыстық денсаулық сақтау басшысының кабинетінде емес, ауыл алқасында араласып, еңбек етуге деген ынтасына жігер қосатын.

Талайдың көңіл түкпірінде ұялаған тұлғаларды еске алып отыру бізге парыз ретінде қалған болу керек. Апайдың бір азаматтық  мінезі бар еді. Ешкімнің бетіне жел болып тимейтін. Қабылдауға келетін адамдарды жылы сөзімен жебеп, қолдан келетін көмегін аямай, шығарып салып жататын. Парасаты пендешіліктен биік тұратын еді.

Өз заманындағы  классикалық әдебиеттерді  оқуды көбірек ұнататын София апай ойшылдардың тасқа басып қалдырған мол мұрасынан өз керегін ала білді. Менің тағы да көңіліме түйгенім, апайдың ел ішінде кең тараған әндер жазылған қалың дәптері болушы еді. Сыртқа шыққанда оны тастамайтын.  Ол өз мамандарына қатаң талап қойғанымен өте кешірімшіл еді. Қисық пен қыңырды  шыдамы  жеткенше тәрбиелеуге тырысатын. Бір жерге екі тентектің басын қоспайтын. Шынында, шуақты кісі еді. Бізге,  әсіресе жастарға үлкен үміт артып, кәміл сенетін, ұстаздық  үлкен жүрек, тілекші, қамқоршы, адал көңілімен қарайтын. Апайдың зор адамгершілік қасиетін өз өмірімнің  үлгісі ретінде пайдаланушы едім.

Облыс тарихында өзіндік ізі, қолтанбасы бар, кезінде Шиелі, Жаңақорған аудандарының бірінші хатшысы, облыстық партия, совет қайраткері болған асыл ағамыз Ғафур Мұхамеджанов өзінің София Өтегенқызы туралы естелігінде: «Мен ол кезде Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде едім. Ауданға екі бірдей жас дәрігер София Өтегенқызы Мақашева мен Әмина Лапина келді. Екеуі  де Душанбе  медицина институтын бітірген, үріп ауызға салғандай көркі бар, жүзіктің көзінен өтердей хас сұлу. Алла тағала екеуіне де ажарды аямай сыйға тартқан екен. Мінездері жібектей есіліп тұр, мөлдіреген қарақат көздері айналасына нұр шашып, әр жігіттің  жүрегіне от тастағандай» деп бағалай келе, жастық уақыттарын бірге өткізген, тай-құлындай тебіскен қатар-құрбыларын, өз замандастарын сағынышпен еске алуы бекер емес. Мұнда ұзақ  жылдар бойы  жалғасқан достық, бір-біріне деген ілтипат, құрмет жатыр.

София Өтегенқызы туралы кезінде облыстық, республикалық басылымдарда мақтаулы шығармалар шығып жатты. Соның бірі Асқар Тоқмағамбетовтың «Дәрігер София Мақашқызына» атты өлеңінде:

– Бас ауырып, балтыр сыздап,

Болса үйде көңілсіздік.

Біреу сілтеп айтусыз-ақ.

Сені іздедік, сені білдік, – деген жолдар бар.

Әріптес, құрбысы Әмина Жағыфарқызы Лапина Софияны қазақтың маңдайалды, ата-анасынан асыл туған азаматқа бергісіз қызы деп бағалаған. «Өйткені қазекең жігітті мақтағанда, қыздай, ал қызды мақтағанда, азаматтай деп сипаттайды ғой. Софияны азамат деп ауыз толтырып айта аламын. Мен өмірімде осындай адаммен кездескенімді зор бақыт санаймын. Біз студент кезімізден жақсы жолдаспыз, сырласпыз.  Содан бері жарты ғасыр уақыт өтіпті. Сол кездер жадымда жаңғырып, көңілімде сайрап жатыр. Софияның кісілігі, азаматтығы мен өзімді туыс тарта білген қасиеті арамыздағы қарым-қатынасты  туған бауырдай дәрежеге жеткізді. Байланысымыз бен сәлем-сауқатымыз ешқашан үзілген емес. Қызығымыз да, қиыншылығымыз да бірге өтті» делінген естелікте.

КазССР Денсаулық сақтау министрі болған Төрегелді  Шарманов оны еліміздегі денсаулық сақтау саласында өзіндік із қалдырған қазақтың аяулы қызының бірі ретінде құрметтеген. «Өңір тұрғындарының денсаулық  жай-күйінің басқалармен салыстырғанда өзінше ерекшелігі бар. Сыр елінде ширек ғасырдан астам қызмет атқарып, ондағы медицина саласын қалыптастыруға аянбай тер төккенінің куәсі болдым.

Асыра айтқандық емес, ер азаматтың өзі зорға шыдайтын басшылық қызметте әйел адамның болуы, оның өзіне тапсырылған жұмысты абыройлы атқаруы – сирек кездесетін құбылыс. Қызмет бабымен Қызылорда облысында болған кезімде облыс медицинасын С.Мақашева басқарған тұста жаңа денсаулық кешендері бой көтергенін көріп, көңілім бір марқайып калатын еді. Сөзі сындарлы, ісі мығым ол ауыл медицинасын көтеруге зор көңіл бөлді» делінген оның естелігінде.

Басшы әсіресе маман мәселесін, олардың біліктілігін арттыруға баса назар аударды. Ел азаматтарының медициналық жоғары білім алып, ауылға қайта оралып, оны көркейтуге үлес қосатынына сеніммен қарады.

София Өтегенқызының 80 жылдығына арналған «Әйел бақыты» кітабы С.Смағұлұлымен бірлесіп 2002 жылы жарық көрген болатын. Кітапта ғұмырнамалар, жазбалар, Сыр елі медицинасы дамуында айтарлықтай із қалдырған, елеулі еңбегінің көрсеткіштері және өмірі мен қызметі сөз болды.   

Халқымызда  «бейнетіне қарай зейнеті» деген ой-толғау бар. С.Мақашева КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ленин, «Октябрь революциясы» ордендерімен, КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал «Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген дәрігер» атағының орны қашанда биік. Қазақстан Коммунистік партиясы съездерінің делегаты болып сайланды, ширек ғасыр пленум мүшесі және облыстық кеңес депутаты болды. Жиырма жылға жуық халық депутаты облыстық кеңес атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс атқарды. Ұланғайыр еңбегін ескеріп С.Мақашеваның есімі есте қалу үшін Қызылорда қаласынан көше аты берілді.

Сыр елінің сый-құрметіне  бөленген, абырой арқалаған, қоғамда нәтижелі қызмет атқарып, өңірдің мақтанышына айналған ол адалдықтың ақ туын кірлетпей өмірден озды.

Біздің мақсатымыз – қазақ қыздары арасынан алғаш болып білімге ұмтылып, өзінің ақыл-зеректігі арқасында қызылордалықтардың құрметіне бөленген София Мақашеваның ғибратты ғұмырын ұлықтап, туғанына 100 жыл толуына байланысты халқымыздың жадында жаңғырту. Ардақты апаның балалары мен немерелері қадір-қасиетін биік ұстап, болмысын, адамгершілігін, дәстүрін жалғастырып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Өмір деген ұлы көште кездесетін кейбір қиын сәттердің өзінде ұстамдылық танытып, ерекше қасиеттерімен бізге өнеге болған жанның тәлімі, тәрбиесі, ұстаздығы осы уақытқа дейін жадымызда сақталып келеді.

   Тұрғанбай МАХАНОВ,

 облыстың Құрметті азаматы,

республикаға еңбегі сіңген дәрігер 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<