Жаздағы жағдайдан сабақ алуымыз керек

689

0

Бүгінде пандемияның екінші толқынына қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Кейбір шетелдік сарапшылар екінші толқын ауқымдырақ болады дегенді айтып жүр.

Десе де, белгіленген шектеу шараларын бұзбай және жеке сақтық шараларын ұстансақ, тұрғындарды індеттен  қорғауға болады.  Бетперде тағу,  әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, түрлі отбасылық іс-шаралардан бас тарту – аурудан аулақ болудың бірден-бір жолы. Өкінішке қарай, карантин талабы сәл бәсеңдегені сол еді, жұрт жаппай той тойлауға көшті. Бұл, әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін аса қауіпті екенін ұмытпауымыз керек. Қарттар мен балаларды барынша қорғауға тиіспіз.

Облыста орын алған жаздағы күрделі жағдайдан сабақ алуымыз керек. Маусым-шілде айлары тұрғындар үшін де, медицина қызметкерлері үшін де ауыр болды. Бұл уақытта 103 қызметіне шалынған қоңыраулар саны 2,5-3 есеге дейін көбейіп, тәулігіне 2500-ге дейін қоңырау түскен болатын.

Жалпы пандемия басталғалы облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы қауырт жағдайда жұмыс істеді. Облыс бойынша 49 жедел жәрдем тобы болса, оның 18-і дәрігерлік, 31-і фельдшерлік топ. Мамандарымыз маска, қолғап, обаға қарсы бірреттік костюм секілді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді. Кеселмен күресте 12 қызметкеріміз індет жұқтырып, екеуі қайтыс болса, пневмониямен ауырған 60 қызметкердің біреуі көз жұмды. Қайтыс болған қызметкерлерге 10 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленіп, отбасыларына Қазақстан медицина қызметкерлері ассоциациясының «Мейірім» төсбелгісі табысталды.  Осындай қайғылы жағдайлардан біз аталған індеттің ешкімді аямайтынын байқадық. Сондықтан тұрғындарды ауруға бейжай қарамай, сақтық шараларына, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Ғалия НҰРСЕЙТОВА,

 облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің медицина

ісі жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<