АРДАГЕР ТҰРҒАНБЕК АЛТЫНБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІ

448

0

Өткен аптаның соңында Қызылорда қаласындағы мұз айдынының волейбол алаңында ұлағатты ұстаз, спорт ардагері, волейболшы  Тұрғанбек Алтынбеков атындағы ашық турнирі өткізілді. Турнирдің ашылу салтанатын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, облыстық волейбол федарациясының президенті Олжас Акимов құттықтау сөз сөйлеп ашып, өткізіліп отырған турнирдің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, спорт ардагері Жақсылық Егізбаев,  Оңтүстік қазақстаннан келген волейболдан жоғарғы ұлттық дәрежелі төреші Марат Божбанбаев, туыстары атынан інісі Жаңабек Алтынбековтер лебіздерін білдірді. 

  Топтық ойындарда да тартысты өткен бәсеке өз топтарының арасынан шыққан жеңімпаздар сайысында тіптен қызықты бола түсті. Алаңғы ширығып шыққан жаңақорғандықтар «Қызылорда ардагер»  командасына әуелгі партияда 23:25 есебімен есе жібергенімен келесі екі партияда үстемдік жасап, жалпы есепте 2:1 етіп таразы басын өздеріне бұрды. (25: 16 және 15-5) Ал Байқоңыр қаласының құрамасы шиелліктерден 2: 0 есебімен басым түсті. Сонымен үшінші орын үшін айқас «Қызылорла- ардагер» мен Шиелі ауданының командасы арасында өтті. Мұнда Шиелі ауданының белді ойыншылары Өтеп Әбдіраманов, Елтай Серікбаев, Батыр Пазылбеков, Ғалым Әбдіқалықов және басқалары командалық ширақ ойын көрсетіп, 2:1 есебімен үстемдік танытты. Осылай ашық турнирдің үшінші жүлдесін қанжығасына байлады. Ал финалдық сайыста Қуаныш Рақатов сынды белгілі волейболшысы бар Байқоңыр командасы алғашқы ойында қарсыластарына 25: 22 есебімен дес бермегенімен кейінгі екі партияда жаңақорғандықтар жеңіске жетті. Сонымен жалпы есеп 2:1. Соңғы жылдары жеңіс төқрінен жиі көрініп жүрген  Жаңақорған ауданының командасы осылай ашық тунрнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарындағы команда ойыншылары Әбдібек Әбілсейітов, Жұмахан Нұртазаев, Самат Сопбеков, Шәдібек Накиповтар жас кездеріндегідей жігерлі және ұйымшыл ойын өрнегін тамашалатып, жанкүйерлдер қолдауына ие болды. Сондай-ақ, Қызылордалық ардагерлер Сабыр Жанбыров, Бағдат Сардаров, Абай Дауытовтардың қимылы сүйсінтті.

Иә, волейбол сұлу да сырбаз ойын. Міне, облысымызда осы спорт түрінің негізін қалап, республикада топ жарған ардагер атындағы турнир өзі өмірден өткеннен кейін алғаш рет ұйымдастырылып, мәресіне жетті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен қатар Тұрғанбек Алтынбеков туралы жинақталған «Дауылпаз Динамо» естелік кітабының тұсауы кесіліп, жарысты тамашалауға келген көрермендер мен спортшыларға таратылды. Соңынан ас беріліп, дұға бағышталды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<