Бақ пен бап

1783

0

Биыл Сыр спорты үшін жемісті жыл болды. Саңлақтарымыз біраз белесті бағындырды. Дүбірлі додалардағы жетістігімен ел абыройын асқақтатты. Осы орайда, 2023 жылғы айтулы сәттерге шолу жасағанды жөн көрдік.

Венгрияның астанасы Будапешттегі WKF каратэден Әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Байрақты бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз  Мөлдір Жаңбырбай ешкімге дес бермей, Әлем чемпионы атанды. Атап айтарлығы, Мөлдір – спорттың осы түрінен ересектер арасында бұл атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ.

Еске салайық, 50 келі салмақта 56 елдің таңдаулы спортшылары күш сынасты. Мөлдір алғашқы кездесулерінде Алжир мен Жапония және Словакия каратэшісін қапы қалдырса, жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы венесуэлалық Салазар Йоргелисті айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасаған. Ал ақтық сында тәжірибелі италиялық Эрминия Перфоттадан айласын асырды.

Бұған дейін ол Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені қанағат тұтқан болатын. Осылайша, екі айда екі жүлде жеңген саңлағымыздың еңбегі көп ұзамай еленді. Нақтырақ айтсақ, 25 желтоқсанда Астана қаласында «Спорт саласындағы үздік номинациясы – 2023» атты ауқымды шара өтті. Үздік деп танылған өңір, федерация, жаттықтырушы мен спортшыларды марапаттайтын салтанат төрінен каратэші Мөлдір Жаңбырбай да көрінді. Ол «Жылдың үздік нәтижелері» номинациясымен марапатталып, Сыр жұртшылығының мәртебесін тағы да асқақтатты.

Шыны керек, биылғы Азия ойындарында дзюдо спортының өкілдері жарады. Сыр елінен дүбірлі додадағы алғашқы жүлдені Мағжан Шамшадин алды. 60 келі салмақта өнер көрсеткен ол тәжікстандық балуан Мехрзод Суфиевті жеңіп, қазақ еліне қола жүлде тарту етті. Арасын ұзатпай Қытайдан тағы бір ақжолтай хабар жетті. Бұл жолы дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар үздік үштікті қорытындылады. Мұнан соң 100 келі салмақта Нұрлыхан Шархан әріптестерінің жолын жалғап, қола жүлдеге ие болды.

Айта кететін жайт, Азия ойындарына Қазақстаннан дзюдо құрамасының сапына барлығы 7 спортшы енген. Солардың үшеуі қызылордалық болса, үшеуі де жүлделі орын иеленді. Ал бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда үндістандық Нарендрді 5:0 есебімен ұтып, 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Алайда, ақтық сында өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Бұдан бөлек, Дубайда  парапауэрлифтингтен Әлем чемпионаты өтіп, жасөспірімдер, жастар, ерлер мен әйелдер арасындағы жарыста 80 мемлекеттен 500-ден аса спортшы бақ сынаған болатын. Байрақты бәсекенің алғашқы күндерінде қуанышты жаңалық жетті. Сыр спортшысы Снежанна Бойко жасөспірімдер арасында І орын иеленіп, чемпион атанды. Ал Астанада өткен белбеу күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында 76 келі салмақта Арайлым Оразбай бас жүлдені қанжығасына байлап, халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын алды. Ал Нұржан Тумырзаев Будапештте самбодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанып, аталған спорт түріне қайта дем берді. Бұған дейін 17 жыл бұрын оның қазіргі бапкері Дархан чемпион болған.

Тағы бір айта кететін жайт, «Қайсар» футбол клубы биыл бірінші лигадан Премьер-лигаға оралып, маусымды тәуір нәтижемен тәмамдады. Үздіктермен үзеңгі қағыстырған «Қасқырлар» 14 команданың арасынан алтыншы орынға тұрақтады.

Жалпы тізе берсек, биыл аймақ спортында айтарлықтай жетістік мол. Мәселен, жыл басынан бері ел чемпионаттары мен кубоктарында мыңнан аса медаль (1158, 376 алтын, 358 күміс, 424 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 245 медаль (94 алтын, 71 күміс, 80 қола) алды. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында 6 спортшы, IV Жазғы Пара Азия ойындарында 3 спортшы сәтті өнер көрсетіп, жүлдемен оралды.

Мемлекет басшысы «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деген еді. Бұл бағытта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің бой көтеруіне мейлінше ықпал етті.

Нақтырақ айтсақ, аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 денешынықтыру кешені салынуда. Бүгінде оның 8-і тапсырылды, қалғаны жақын күндері пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар  Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарының ауылдарында бой көтерді. Осындай жұмыстардың арқасында облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 38 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті.

Халықты одан әрі ынталандыру үшін талапқа сай келетін спорт нысандарының қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан алдағы жылы облыс орталығында 7 мың орынға арналған Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Үстел теннисі орталығының құрылысы да жуырда басталатын болады. Айта кетейік, жаңа нысан құрылысына облыстық бюджеттен 514,5 млн теңге бөлінді. 100 орынға лайықталған кешенді «Интегрострой» ЖШС салады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<