Белдескеннің белін қайыстырған

1108

0

Жапон күресі – дзюдо өзінің ұлттық ерекшелігін сақтаған, төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі екенін бәріміз білеміз. Ал өңірде аталған спорт түрінің шоқтығы биік. Бүгінге дейін бірнеше спортшымыз Олимпиада ойындарында дзюдодан ел намысын қорғады. Сол көп қараның ішінен Мағжан Шамшадин биыл үлкен белесті бағындырып, Загребте өткен Grand Frix халықаралық турнирінен жеңіспен оралды. Тіпті, Мағжан бұл жеңістен кейін араға 2 апта салып, Азия біріншілігіне қатысты. Одан да құр қайтпай, қола жүлдені қанжығасына байлады. Сөйтіп Париж Олимпиадасына бір табан жақындай түсті.

Қызылорда қаласында 1997 жылы дүниеге келген Мағжан Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт мектеп-интернат-колледжін бітірген. Оның жеңісті жолы 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Гонконгта өткен Азия чемпионатында қола жеңіп алғанда басталған. Келер жылы Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарды. Осылайша, 18 жасында әлем шыңын бағындырған балуан кейін де талайды тамсандырып, байрақты бәсекелерде атой салды. Әлемнің әр түкпірінде қазақтың Көк туын желбіретіп, әнұранын шырқатты. Иә, халықаралық жарыстардың биік тұғыры Сыр балуандарына бағынбай жүргеніне біршама уақыт болған еді. Үзіліп қалған чемпиондықты ол қайта жалғады. Жанкүйерлер үшін бұл жеңістің құны сонымен өлшенсе керек.

– Биыл халықаралық жарыстарда бағым жанды. Жыл басында Израильде гранд сламда үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені еншіледім. 60 келі салмақтағы бәсеке дзюдода өте жоғары. Әлемдік бәсекелерді есептемегенде ішкі біріншіліктің өзінде топ жару оңай шаруа емес. Бәсекелестің жоғары болғанының арқасында ысылып, оң нәтиже көрсетудеміз. Хорватиядағы байрақты бәсекеде әлемнің кіл үздіктері бақ сынады. Нәтижеге көңіл толды. Ендігі меже – 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойыны, – дейді балуан.

Айтпақшы, сөзімізге арқау болған байрақты бәсекеде 60 келіде 50-ге тарта татами шебері бақ сынады. Алайда Мағжан бұлардың көбісінің әдіс-тәсілдерін білетін болып шықты. Себебі біршамасымен әлемдік жарыстарда жолы түйіскен екен. Жарысты көгілдір экраннан тамашалағанда көрерменге де бұл айқын байқалған шығар. Әйтеуір, алғашқы айналымда Куба балуаны Форте Валдивзоны вазаримен ұтқан ол, екінші айналымда АҚШ балуанын тез тізе бүктірді. Үшінші айналымда Испания өкілі Бернабеу Риканы ұтып ширек финалға шықты. Мұнда түркімен балуаны Хакберді Жумаевты, жартылай финалда француздық Мерлин Максимені вазари әдісіне түсіргенде көрермен тақымын қысып отырды емес пе? Ал енді финал тартысты өтті. Балуанымыз ақтық сында әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, Кореяның тәжірибелі балуаны Ким Вон Жинді жеңіп, Загребте жеңімпаз қатарынан көрінді.

– Спорт та жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Биыл бақ пен бап қатар шауып, бәйге алдық. Айтайын дегенім, осы дәрежеге жетуіме септігін тигізген жаттықтырушы Қален Қалиұлына алғысым шексіз.  Ендігі мақсат –Олимпиаданы көріп, ел қоржынына жүлде салу. Құдай қаласа, 2024 жылы Париж татамиіне қатысуға еңбек етемін. Бастысы, жарақаттан аман болайық, – дейді спортшы.

Иә, дзюдода рейтингі жоғары спортшының ғана Олимпиадаға жолы түседі. Балуандардың босаңдық танытуына болмайдыв. Мағжан енді осы үдеден сүрінбей шықса, байрақты бәсекеде ел абыройын асқақтатарына сенім мол.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<