Тіл –адамзат баласының ең асыл қазынасы, онсыз ұлт болмайды, екеуі егіз ұғым. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы сақтаған тарихы, мәдениеті, өнері мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, қағидалары мен ұстанымдары ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы беріліп келеді. Қай халықтың болмасын ұлттық рухы ұлттық тілімен қатар жүреді. Рухы мықты елдің мәртебесі биік болады. Тілін, ділін, Отанын қастерлеген ел ғана елдігін сақтайды, ұлттық құндылығын жоғалтпайды.
Осы орайда «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына де себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл – қазақтың жаны, дербес ұлт екенінің белгісі.
Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жылдан асты. Осы аралықта еліміз ғасырға бергісіз жетістікке жетті. Оның ішінде елдің алтын діңгегі саналатын мемлекеттік тілді дамыту мәселесі де ұдайы назарда. Ол үшін тиімді де тың жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қазақ тілінің мәртебесі жыл өткен сайын нығайып, белгілі бір белестерге көтеріліп келеді.
Елімізде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған әрі қазақ тілін қолданушылардың көптігімен ерекшеленетін облыстың бірі – Сыр өңірі. Тағдыр талайымен өз атамекенін жырақта қалдырып, Қазақстанды өз елі, туған жері, Отаны санайтын тілі, түрі өзге, бірақ тілегі бір отандастарымыз да көп. Бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан, түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, тіл саясатын қалыптастыруға септігін тигізуде. Облыста 35 этностың өкілдері бар. Олардың бірлігі өзгеге үлгі. Ұлты басқа болса да жүрегі мен тілі қазақ деп соққан жандардың бірі – қызылордалық Вера Нестерова.
– Қазақ тілін алты жастан бастап білемін. Қазақ балаларымен бірге ойнап өстім. Қызығушылығым сол кезде басталды. Тілді үйренуіме тағы бір себеп – балалар үйінде өсуім. Отбасында бесеуміз – 2 әпкем, 2 сіңлім бар. Ата-анамыз ерте қайтқандықтан, екі сіңліммен бірге балалар үйінде өстік. Ол жақта бірыңғай қазақша сөйлегендіктен, тілді меңгеру қиын болмады. Бауырларым да қазақша жақсы біледі, – дейді Вера.
Ол М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» мамандығына оқуға түсіп, қазақ тілінде бітіріп шықты. Балабақшада жұмыс істеп жүріп, қазақ отбасына келін болды. Бүгінде Вера қазақтың барлық салт-дәстүрін меңгерген, ибалы, инабатты келін. Отағасы Талғат екеуі Адия, Әйгерім, Әлия, Томирис есімді қыздарына тәлімді тәрбие беріп отыр.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, отбасын бақытқа бөлеген Вера Нестерова қазақ тілін білу, мәдениетін үйрену, қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін дәріптеу басты парызым деп біледі. Міне, осылайша қазақ тілі рухани бірлік пен татулықтың тірегіне айналды.
Облыста мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл саясатын дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру, жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тазалығын сақтауға бағытталған іс-шаралар мен жұмыстар бір сәтке тоқтаған емес. Өңірдегі тіл саясатын жүргізуге сүбелі үлес қосып жүрген орталықтар мен тіл жанашырлары түрлі форматта байқаулар мен сайыстар өткізіп, жастарға мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту өз қолдарында екенін ұғындырып келеді.
Дегенмен кейінгі кезде қазақ жастары тілді бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Сөздің мағынасына мән бермей оңды-солды қолданады. Әрі желіде хат-хабар алмасу кезінде тіл тазалығын ластайтын «тренд тілін» қалыптастырған. Бұл ана тілдің шырайын кетіреді.
Өз ана тілінде сөйлемеу – ақ сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен тең деп бекер айтылмаған. Оған мына бір оқиға дәлел. Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты повесі бар. Онда елінен жырақта күн кешкен авар суретшісінің тағдыры суреттеледі. Елін аңсаған, сағынған суретші ақынмен тілдесіп, сырын ашады. Керемет туындысы өзінің өмірінен алынады. Еліне оралған Расул суретшінің отбасын іздеп табады. Ұлының жайын айтып келген оған шешесі ең алдымен «Сендер аварша сөйлестіңдер ме?» деп сұрақ қояды. Ақын тілмаш арқылы сөйлескендерін жеткізеді. Біраз үнсіз отырған анасы ақынға қарап: «Сен қателестің, Расул, менің ұлым баяғыда өліп қалған. Сенің көргенің – менің ұлым емес. Менің ұлым өзім үйреткен, авар анасы үйреткен тілді ұмытуға тиіс емес» деп жауап береді. Міне, ұлтқа, тілге деген құрметті ақынның шебер жеткізуі. Оқиғада баласы ана дарытқан асыл қасиетінен айырылса, анасы баласын жоғалтты. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді деген осыдан шықса керек.
Заман ағымына сай өзге тілді білу маңызды. Ол білім алу, ел, жер тану мақсатында қажет. Алайда ең алдымен өз тілі, ана тілін құрметтеуі тиіс. Осы тұста қазақтың халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген сөзі ойға оралады.
Тағы бір мәселе, бүгінде баласын орыс сыныбына беретін ата-ана көбейген. Қоғамда бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Мұстафа Шоқай «Баланы қай тілде тәрбиелесең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дейді. Ананың ақ сүтімен бойға даритын ана тіліміздің құндылығын бала ерте жастан түсінсе, ол ұлтжанды азамат болып өсері сөзсіз емес пе?! Сол себепті бесіктегі тәрбие де, мектептегі білім де қазақ тілінде болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен ата-ана шешімі маңызды. Әрбір отбасы – өз алдына кіші мемлекет. Бала тәрбиені ең алдымен өз отбасынан алады. Сондықтан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Кішкентайынан туған тілімен сусындап, елінің тарихы мен шежіресін, сөз құдіретін түсініп, ұлттық құндылықтарды естіп, көңіліне тоқып өскен бала есейгенде өз тілінің бағын ашады.
Қоғам қайраткері Н.Оңдасынов «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады» деп керемет баға берген.
Адамды асыл мұратқа жетелейтін ана тілі. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы өз ана тілінде сөйлеп, қадір-қасиетін жоғалтпауы тиіс. Кейінгі жас ұрпаққа тілдің ең құнды мұра екенін, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын аманат екенін ұғындырып отыруымыз керек. Сонда ғана тіліміз тұғырлы болары сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»