Энергетика – экономика өзегі

367

0

Энергетика саласы – әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, негізгі локомотиві саналады. Тәуелсіз Қазақстанның негізгі экономикалық тірегінің бірі – энергетика саласы да күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігіне айналып, жылдамдықпен дамып келеді. Өмірлік маңызды нысандардың жарықпен және жылумен қамтамасыз етілуі энергетиктердің жоғары жауапкершілігі мен сапалы қызметіне, қондырғы-жабдықтардың қалыпты жұмысына байланысты.

Бұл ретте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сала жұмысын үйлестірудегі үлесі қомақты. 2006 жылы құрылған, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органға бағынысты мекемелер қатарында «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ, «Қызылордажылуэлектрорталығы» КМК, «Қызылорда газ тарату жүйесі» МКК бар. Сала мамандары мезгілдің кез келген сәтіне қарамастан әлеуметтік нысандардан бастап, кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына, тұрғын үйлерге электр мен жылу қуатын үзбей жеткізуде абыройлы қызмет атқарып, елге қуат, жанға шуақ сыйлап жүр.

Аймақтың 85 жылдығы энергетика саласымен сабақтас, оның өркениет белгісіндей  өзектілігі бар. Біздің сөз бастауымызға саланың сан салалы бағыты назарға алынды.

Аймақ энергетикасының тарихы

Тарихқа көз салсақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» 1964 жылдың мамырында құрылған. Осы жылы Қызылорда қаласы электр тораптары мен аудандық дизель электр станциялары негізінде электр тораптарының басқармасы, 1972 жылы Қызылорда электр тораптары кәсіпорны болып қайта жасақталды.

Сол уақытта 10 және 0,4 кВ электр тораптарының ұзындығы 71 км, ал 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларының саны небәрі 61, жалпы қуаты 6250 кВА болды. Кернеуі 35 кВ және одан жоғары электр берілісі желілері мен қосалқы станциялар мүлдем болмады. Кәсіпорынның баланстық құны 33 млн рубльді құрады. Персонал саны – 167 адам, оның тек екеуінде жоғары энергетикалық білімі болды.

1960 жылдардың басында облыс энергетикасы небәрі Қызылорда қаласындағы 400 кВт екі энергопоезд, Жаңақазалы және Арал қалаларындағы энергопоезд, Шиелі кентіндегі энергопоезден құрылған еді. ПС «Западная», «АТД», «Залинейная» кіретін ТЭЦ-6-дан тартылған алғашқы 35 кВ әуе желісі 1967 жылы салынды.

1970 жылдың соңында «Қызылорда-Мірғалымсай» 220 кВ әуе желісі іске қосылуымен облыс энергетикасы Оңтүстік Қазақстан энергожүйесімен параллельді жұмысқа кірісті. 1985 жылы «Қызылорда» 220/35/10 кВ қосалқы станциясы мен «Қызылорда-Кентау» 220 кВ әуе желісі іске қосылды. Электроэнергетика саласы белсенді дамуы кезінде кәсіпорын ұжымы облыс еңбекшілерінің үнемі алдыңғы қатарында көрінетін. Бұл жылдары облыс электроэнергетикасы дамуында жетістіктерге қол жеткізгені үшін көптеген марапаттарға ие болды.

1994 жылы «Қызылорда» қосалқы станциясында қуаты 40000 кВА екінші трансформатор пайдалануға беріліп, Шиелі кентінде 4000 кВА күштік трансформаторымен 35/10 кВ «Аудандық орталық» жаңа трансформаторлық қосалқы станциясы іске қосылған. 1996 жылы Қызылорда мемлекеттік мүлкін басқару комитетінің қаулысымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» ашық акционерлік қоғамы құрылды.

КСРО мен жалпыодақтық электроэнергетика жүйесі құлдырауы кезеңінде «ҚЭТТК» АҚ жұмыс жасауы ағымдағы және перспективалық қызметінде тарату кезеңдері мен деңгейлері бойынша мақсатқа сай әзірленген бизнестің даму жоспары мен корпоративтік стратегияны қолдану қажеттілігін паш етті.

Ол жас мемлекеттің электроэнергетикасы үшін өте ауыр кезеңінде компания, аталған стратегия мен даму жоспарына сүйеніп, қателер мен сынамалар тәжірибесімен көптеген ұқсас электр тораптары компаниясы секілді банкротқа ұшырамай, таратылмай кеткен. Қаражат жетіспеуіне қарамастан, басшылық тиісті жұмыс көлемін іздестіріп, құрылыс-монтаж, іске қосу-баптау жұмыстары орындалуын қамтамасыз етіп, осының есебінен өндірістік-шаруашылық қызметі өз жалғасын тауып, компания персоналына жалақысы төленіп тұрған. Бұл жерде бірде-бір қызметкер қысқартуға ұшырамағанын ерекше айтып өтуіміз қажет.

Сондай-ақ, «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қаулысына сәйкес құрылған. Бүгінде Тереңөзек кенті бойынша 2041 үй, 35 әлеуметтік және бюджеттік ұйым, 72 коммерциялық  құрылым, Жалағаш кентінде  2542 үй, 19 әлеуметтік және бюджеттік ұйым, 113 коммерциялық құрылым, Жосалы кентінде 3273 үй, 9 әлеуметтік және бюджеттік ұйым, 72 коммерциялық құрылым толығымен «көгілдір отынмен» қамтылған.

Жаңа ЖЭО – аймақ тарихындағы маңызды жоба

«Қызылордажылуэлектрорталығы» компаниясының да жарты ғасырдан астам тарихы бар. 1964 жылы мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен облыстың шағын энергетикалық объектілері республиканың Коммуналдық шаруашылық министрлігі мен жергілікті кеңестердің қарауынан Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігіне берілді. Сол жылдың шілде айында Қызылорда қаласы мен облыстық дизельдік станциялардың қолданыстағы желілері негізінде электр желілері бөлімі құрылып, 1972 жылы Қызылорда электр желілері кәсіпорны болып аталды.

Қызылорда жылу-электр орталығы 1964 жылы целлюлоза-картон комбинатын жылумен қамтамасыз ететін цех ретінде пайдалануға берілген. Кейін Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты ЖЭО салуға шешім қабылданды. Осылайша нысан 1967-1975-1989 жылдары бірнеше кезеңде кеңейтіліп, қуатты жылу-электр орталығына айналды.

Бүгінге дейін қызылордалықтар электр энергиясы мәселесіне алаңдап келді. Себебі қаладағы жылу-электр орталығы 50-60 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасағандықтан, электр желілерінің де әбден тозығы жеткен. Бұл сөзсіз электр жүктемесіне салмақ салады.

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда.

Өзекті мәселені өз уақытында назарға алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Энергетика министрлігімен тиісті жұмыстарды атқарып, бірлескен түрде оңтайлы шешім қабылдады. Нәтижесінде Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Нысан құрылысын инвестор түрік компаниясы «Акса Энерджи» жүргізуде.

Бұл – егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.

Көпті қуантқан «көгілдір отын»

2004 жылға дейін облыс халқы сұйытылған газды күнделікті ас дайындауға, қатты отынды тұрғын үйді жылыту үшін пайдаланып келді. Алғаш рет 2004 жылы облыс орталығын газдандыру жобасы іске аса бастады. 2004-2013 жылдары Қызылорда қаласының орталығы газбен қамтылды.

2014-2015 жылдары республикалық және облыстық бюджеттер есебінен Тасбөгет, Қызылжарма елді мекендері, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес барлығы 23 млрд теңгеге 4 аудан орталығы және Байқоңыр қаласы газдандырылды. 2016-2017 жылдары облыстық бюджет есебінен Талсуат, Белкөл елді мекендерін, 2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек және Жалағаш кенттерін газдандыру басталып, 53 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ететін автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. 2019-2020 жылдары Жақсықылыш кенті, Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Ғ.Мұратбаев, Қарауылтөбе, Досан, Қызылорда қаласының сол жағалауын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. 2021 жылы 3 аудан орталығы, Қодаманов, Бекежанов елді мекендері табиғи газбен қамтылды.

2022 жылдың қорытындысымен Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары 100 пайыз, 230 ауылдың 22-сі, яғни 9,6 пайызы газдандырылған. Былтыр 589 шақырым газ құбырлары салынып, Қазалы қаласы және 5 елді мекен газдандырылып, 13 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отының» игілігін көруге мүмкіндік алды.

Бүгінде облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 72 пайызды құрап, ауыл тұрғындарының табиғи газға қол жеткізу деңгейі 42 пайызға жетіп отыр. Өткен жылы 14 жобаны жүзеге асыруға 8,7 млрд теңге бөлініп, игерілді. 7 жоба толық аяқталды. Ал биыл жыл соңына дейін 11 елді мекеннің газдандыру жобасы аяқталып, 40 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көретін болады. Сонымен қатар 2024-2026 жылға арналған республикалық бюджетке 23 жобаны қаржыландыруға 19 млрд теңгеге өтінім ұсынылған. Жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Басты міндет – энергетикалық қауіпсіздік

Биыл облыста энергетика саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Айталық, тұрғындарды ауызсумен қамту Сыр бойындағы шешімін тапқан басты мәселелердің қатарында тұр. Орталықтармен қатар шалғайдағы елді мекен тұрғындары да судан зәрулік көріп отырған жоқ. Аймақ халқының 98,1 пайызы  орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша өңірімізде кешенді жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша 23 жобаға барлығы 7,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жобалар толығымен аяқталған соң 163 шақырым ауызсу жүйелері жаңғыртылып, 100 мыңнан аса халықтың ауызсумен қамтылуы жақсарады.

Сонымен қатар облыстық бюджеттен Арал ауданы Құланды елді мекеніне және Шиелі ауданы Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш қондырғы орнатуға 38,5 млн теңге қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту деңгейін 98,3 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Аймақ дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екені мәлім. Электр энергетикасы саласы бойынша да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен ауқымды істер қолға алынуда. Бүгінде өңірде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен кернеуліктері әртүрлі 1867 қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 68 пайызды құрайды. Сондықтан биыл электрмен қамтудың 7 жобасын жүзеге асыруға 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, «ҚЭТТК» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржыға Қызылорда қаласындағы 35 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияны блокты модульді типке ауыстыру, 27 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияның ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, 31,6 шақырым кабель желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Облыс бойынша жылу беру маусымына тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, жоспарланған жұмыстар толығымен орындалды. Қазіргі таңда кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасауда.

Биыл «Қызылордажылуэлектрорталығының» 2 газотурбиналық қондырғысы мен 1 су қазандығын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, кәсіпорынның өз қаржысы есебінен 9 бу қазандығы мен бу турбинасына және 18 автономды қазандыққа жөндеу жүргізілді. Облыстағы барлық 1067 әлеуметтік нысан мен орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілуде.

Экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу үшін жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту, реті келсе жаңа электр стансаларын салу маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», деген болатын. Қорыта айтсақ, энергетика саласында жетілдіре түсетін тұстар аз емес. Жарқын жобалар аймақ дамуына кепіл болатынын ескерсек, салаға серпін беретін жұмыстардың жедел әрі сапалы атқарылғаны абзал.

Облыстың энергетика саласын жаңғартуға байланысты көптеген шара қолға алынды. Бұл аймақтың 85 жылдығына тұспа-тұс келген тамаша табыс!

Биболат Сәтжан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<