Ибраһимнің бәйбішесі өзінен бойы биік, төре тұқымынан шыққан, толық денелі, аққұба, сүйкімді кісі еді. Балаларын туып, баққаны болмаса, үй шаруасына жоқ. Заттарының шашылып жатқанына қарамастан, басына ақ орамалын салып, сәнденіп, қастарын керіп, көздерін төңкеріп, паңданып, аузын бүрістіріп, сызылып сөйлейтін жан еді.
Қасымовтардың балалары: Шыңғыс, Қадиша, Мәриям-Мәкеш, Мақсұт бәріміз тоғызжылдық Жалау Мыңбаев атындағы мектеп қабырғасында оқыдық. Шыңғыс бізден жоғары класта, ал Қадиша екеуміз бір класта болатынбыз, Мәкеш төменгі кластарда, Мақсұт мектепке бармайтын.
Қадиша екеуміз – дәрігерміз, Шыңғыс – мал дәрігері, Мәкеш филармонияда артист болды. Қадиша екеуміз бала кезімізден дос болдық, оның үстіне, өмір жолымыз, тағдырымыз бірдей ұқсас, қуғынды көп көрдік десек те болады.
Қадиша тұрмысқа Нәтай Әзілханұлы Кенесаринге шыққан. Нәтай – Кенесары ханның шөбересі, 1908 жылы Шымкент облысы Алғабас ауданында туған. 1935 жылы Орта Азия индустриялық институтының тау-кен факультетін бітірген, мамандығы – гидрогеолог. Алматыда Ғылым академиясында жұмыс істеп жүргенде, «хан тұқымынан шыққансың» деген себеппен қуғынға ұшырады, докторлық диссертациясын қорғауға мүмкіншілік берілмеді, сондықтан Нәтай амалсыз Ташкенге ауысуға мәжбүр болды. Докторлық диссертациясын 1958 жылы қорғап, геология-минерология ғылымының докторы атағына ие болды. Еңбектерінің арқасында профессор, Өзбек ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1967 жылы Өзбек ССР-іне еңбек сіңірген геолог атағын алды. Өзбек ССР Ғылым академиясының гидрогеология институтының директоры болып өмірінің соңғы жылдарына дейін істеді. 1968 жылы 60 жасқа толғанда Өзбекстан қошеметпен атап тойлады.
Нәтайды мен сыртынан білетінмін, бірақ таныстығым жоқ еді, соның жөні 1969 жылы ғана келді. Әбен екеуміз Сарығашта демалыста едік. Ташкенде тұратын қызылордалық, менімен бірге бір мектепте оқыған, бұл күнде филология ғылымының докторы Мақаш Бекбергенов келіп, үйіне қонаққа шақырды. Сол үйде отырғанымызда, Мақаштан Кенесариндерді сұрадым. Мақаш: «Олар менен жарты көше жоғары тұрады» деп, желпілдеп телефон соқты. «Қазір олар келеді» деп үстелін жөндей бастады. Қадиша менің келгенімді ести сала жарты сағатта жетті. Екеуміздің көп жылдар өткен соң кездесуіміз. Бір-бірімізді сүйіп, құшағымыз жазылмай қатып қалыппыз. Жылаймыз да күлеміз, қайта-қайта сүйсіне қараймыз. Бірге өткізген балалық, бүлдіршіндей шағымызды еске алдық, қуанышымыздың шегі болмады.
Бір мезгілде Мақаш: «Оу, Нәкең қайда, Нәкең қайда?» деп сасқалақтады. Қадиша бізден ыңғайсызданып: «Нәкең балалармен үйде қалды» деді. Онысын Әбен екеуміз түсіне қойдық та, келмегенін жөн көрдік. Нәтайдың жасы бізден үлкен, дәрежесі жоғары, оның үстіне, Кенесарин төре ханның ұрпағы бола тұра неге келсін? Бәрі орынды. Өзіміз барып танысып, сәлем бермекші болып, Қадишамен үйлеріне келдік.
Нәтай бізді қуана қарсы алды. Мен бір көргеннен ұнаттым, көрсең көз тоярлықтай келбетті, өте сүйкімді, кемеліне келіп тұрған шағы, жігіт сұлтаны десем де лайықты. Ашық-жарқын мінезді, төрелік менмендігі жоқ, барынша сыпайы, мәдениеттілігі әр сөзінен, қимылынан көрініп-ақ тұрды. Мен туралы көп деректер білетінін, кімнің қызы екенімді, менің қасиетті әке-шешемді Қадиша аузынан тастамай көрген-білгендерін айтатынын, екеуміздің дос екенімізді айтып отырады екен. Сөз арасында Қазақстанды сағынатынын, келіп-кетушілерден болып жатқан жаңалықтарды, өзгерістерді естігенін, академиядағы таныс, бұрын істес болған әріптестерін сұрастырып отырды. Әбеннен Қазақ Совет энциклопедиясы шығуына байланысты жұмыстары қандай қарқынмен жүріп жатқаны жайлы білмек болып, көптеген сұрақтарды қойды. «Энциклопедияға сізді кіргіздік» дегенді естігенде, қатты қуанды. Нәтай мұңая күлімсіреп: «Қазақстан қимаған дәрежелерге Өзбекстан жеткізді, мұнысына шүкір, әлі де жаман емеспін, енді энциклопедияда орын аларлықтай еңбегім бар шығар? Оларыңа үлкен рақмет» деп, жазу үстелінің үстінде үюлі жатқан көптеген адрес папкаларды алдымызға жайды. Бұлар Нәтайдың 60 жасқа толғанында барлық республикалардан, Москвадан, Ленинградтан, т.б. қалалардан келіп түскен адрестерді қолымызға алып оқыдық, біздің де мәртебеміз көтеріліп қалды, құшақтап, құттықтадық. Біраз отырыстан кейін біздің балаларымыздың аттарын, жастарын сұрастырды, қайсысы қандай оқу орындарында екенін білді. Нәтай бірден: «Жаннатқа құда түссек қалай көрер едіңіздер? Біздің Мұратымыз ержетті» дегені. Күтпеген жерде не дерімізді білмей сасып қалдық та: «Балалар өздері біле жатар, таныстырайық» дегенді айттық. Әбен екеуміз үндемей қалдық, іштей мен білетін төрелер өзара құдандал болып жатушы еді. Нәтайдың бұл ұсынысы бізді ұнатқаны болар, қызымызды көрмей жатып сонша бағалауына қарағанда, аңсары шынымен бізге ауғанына, ниетіне, ықыласына қатты разы болдық. Бәлкім, қазақтың «шешесін көр де қызын ал» деген мәтелі осындайдан шығар? «Көрмей жатыр «құлағаны» қызық екен-ау» деп мақтанышта жүрдім ішімнен.
Қадиша екеуміз бірнеше жылдар мерекелерде құттықтау хаттарын алысып тұрдық. Қызымыз институт бітірсін дедік, бірақ тағдыр Кенесариндермен құдалыққа жазбады. Өкінішке орай, Нәтай мен Қадиша, соңынан Әбен де дүние салды. Нәтай мен Қадишаның артында екі қыз, бір ұл қалды. Үлкені Раушан – Алматыда КазГУ-де философия ғылымының кандидаты, Мұрат Ташкенде тұрады, инженер. Кейіннен Мұрат Серікбай Бейсенбаев пен Рабиға Жангированың қызына үйленген. Жангирова да төренің қызы. Міне, айтқандай, төрелер бірін-бірі тауып жатты.
Ендігі сөз кезегі екінші төреміз, үй иесі (Ерғали (жұрт Ерім төре дейтін) Қасымұлы туралы болғалы отыр. Ерім төре өзі тұрған үйін бізге пәтерге босатып беріп, туған еліне – Қармақшыға есептесіп, пәтер ақысын алып кететін. Әкем мен шешем меймандостықпен қарсы алатын. «Ерім төремен төрелерше сөйлесу керек» дейтін. Менің аңғарғаным, сөз арасында: «Ляпбай, төре» деп қолын сол жақ төсіне қойып, басын изеп отыратын, бұған мен түсінбейтінмін.
Ерім төре Октябрь революциясына дейін офицер болған кісі. Төңкерістің аласапыран кезінде, еш жаққа қосылмастан бар міндетін, бар шендерін, пагондарын сыпырып тастап, ел ішіне қаймана қазақша киініп, сіңіп кеткен. Кейін дін жағына беріліп, басына сәлде орап, ақ дамбал, кең жейдесінің үстіне сырмалы жағасыз күпі киіп, үшбұрышталған орамалмен белін буатын.
Ерім төре көбіне інісінің үйіне келіп біраз тұрып кететін. Бұл кісі аласа бойлы, шағын денелі, өңі сарыға жататын, сақал-мұртын қоя берген, көп сөйлемейтін, өне бойы намаздан басын көтермейтін адам еді.
Менің есімде қалған бір уақиға – Ерім төренің кешкі намазы кезінде үйге ұрылар кіріп, отырған кісі үндемеген соң, заттарды сыпырып қапшықтарына толтыра салып, ғайып болыпты. Намазын бұзбай, бітіре сала қораға шығып дауыстап тұр: «Үйді үптеді, үйді үптеді» деп. «Үптеді» деген сөзді білмейтінбіз, оның мағынасы «ұрланды» екенін кейін түсіндік. Сөйтіп, Ерекең намазын бұзбастан «үптелген» қалпынша отыра берген. Бұл кісі сол жылдарда қарт шал болатын, қолынан тасбиғы түспейтін, күндіз қалғып-мүлгіп отыратын. Ерекеңнің осы түрін көрген шешем таңғалып айтатын: «Кезінде оқыған, әскери форма киген офицер болды деп ойлауға мүмкін бе?» дейтін. Төре екенін ұмытпайтын, мәртебесін биік ұстап, төре дегенді естісе, денесін ширақтау ұстап, қоқилана қалатын. Қыздарын Мәдина мен Айшаны Ташкенде оқытқан. Мәдина – мұғалима, Айша (Айшук) – дәрігер, екеуі де Алматыда жұмыс істеген кісілер. Мәдина 20-жылдардың ортасында тұрмысқа шықты. Күйеуі Ілияс Омаров Торғайдан шыққан кісі еді. Қызына әкесі ырзалық көрсетпей, «қараға» шықтың деп теріс батасын берген, бұған қарамастан тұрмыс құрған болатын. Бұлардан туған Мақсұт Қазақстанға белгілі алғашқы боксерлердің бірі еді. Мақсұт шет тілдер институтында сабақ беріп жүрген кезде науқастан қайтыс болды, бұл – 70-жылдар. Айша Қазақ медицина институтында доцент-терапевт болып жұмыс істеді, тұрмысқа шықпады, «көк етікті» табылмай, «көне етіктіге» бармай дегендей. Ілияс жездесі 1937 жылы кеткен-ді. Кейін ақталған. Апасы Мәдина екеуі Омаровтың екі баласын тәрбиелеп оқытты. Айша екеуміздің сәлеміміз түзу, сыйласып жүрдік, ол 1977 жылы аурудан дүние салды.
Қызылордадағы біз тұрған Ерекеңнің үйі маған қымбат, жүрегіме ыстық көрінетін, оның себебі, менің өмірімнің ең бақытты, балалық шағымның куәсі болған – осы үй, сондықтан біраз тоқталғым келеді.
Ерекеңнің үйінің ауласы үлкен, кіреберісте сол жақта Ахмет атамның ат арбасы тұратын қорасы мен отын сарайларымыз жайғасқан. Жабулы тұратын дарбазаның (қақпа) сол жақтағы есігінен кіретінбіз, түнге қарай оны да бекітіп қоятынбыз. Әкем түнделетіп келген шағында есікті қолындағы Кавказда істелген, күміс өрнек жүргізілген қызыл таяғымен қағатын, ұшында үшкір шеге тәрізді темірі бар-ды, әр соққан сайын есіктің бетінде қалдырған шұбар ала шұңқыр, нүктелер тәрізді іздер болатын. Осы қалған таңбаларды көрген сайын ұсталып кеткен әкемді сағынып, есіме түсіруші ем, сол сезім менен әлі күнге дейін қалған емес.
Бұл үйден біз 1930 жылы көшіп, Қожық келіні Латифа апаның Мальков көшесіндегі үйінде бір жылдай тұрдық. Үйдің көше жағында кинопрокат мекемесі жайғасқан, ал қораға шығатын екі үлкен бөлмесінде біз тұрдық. Бұрынғы үйден арасы жақын, бір көшедей ғана еді, кейбір кездерде әкемнің жүріп-тұрған жолымен ізінше жүріп, Ерекеңнің үйіне келіп, қақпаның есігіне қарап, сипап қайтатын ем.
1932 жылы Томскіге оқуға жүрдім де, сол жерге барып, әкеммен тілдескендей, батасын алғандай сезініп, соңғы рет көрісіп кеткендей сапарға аттанған едім. Тұрған үйіміз есіме түскенде, көзіме еріксіз жас толып, жабырқап қаламын. Әлі де сол үйде өз семьям тұрып жатқандай, өзімді солардың арасында жүргендей көремін.
Аталып еске түсірген жақсы ата-аналардан қалған ұрпақтар, яғни балалары мен немерелері өздеріндей жаман болған емес. Терең тамырлы емен ағаштың бұтақтары секілді жайқалып, кеңінен жайылып, бұл күнде өсіп-өніп өркендеуде.
Өз басымыздан кешірген неше түрлі қауіп-қатерлерден, оның ішінде, жанға тиетін әке үшін жазықсыз күйдірген өмір соққыларына мойымастан сүрініп-жығылмастан өттік.
Қасиетті әкелеріміздің атына нұқсан келтірмеуге тырыстық, адал еңбектің, көрген жақсы тәрбиенің арқасында өз жолымызды таба білдік. Жолдастарым – заманымыздың мақтанышы, аттарын үлкен ілтипатпен, құрметпен атауға тұратын азаматтар, сүйікті халқына қызмет атқаруда.
(Соңы. Басы өткен сандарда)