Мәдени құндылықтарды сақтау, тәжірибе алмасу мақсатында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Алматы облысы Есік археологиялық өлкетану музейінің суретші-реставраторы Әділхан Рахметовтің «Көнеден қалған асыл мұра» атты көрмесі ұйымдастырылды. Шарада облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев әріптестерін мерекемен құттықтады.
– Біз Әділхан Нәдірбайұлымен бірге көне жәдігерлерді қайта қалпына келтіру бойынша жұмыс жасап келеміз. Жуырда ғана 120-ға жуық құнды жәдігерді қалпына келтірді. Әр жәдігерге жан бітіріп жүрген азаматтың ең алғашқы көрмесінің Сыр елінен бастау алғаны – біз үшін мақтаныш. Алдағы уақытта әлемдік деңгейге шығуына тілектеспіз, – деді.
Әділхан Рахметов – белгілі археолог Бекмұхамбет Нұрмұхамбетовтің шәкірті. Ұстазымен бірге қызмет жасап, бүгінде жолын жалғастырып келеді. Әр жылдары ұйымдастырылған түрлі экспедицияларға қатысып, қазба кезінде далалық сызба жұмыстарын, жәдігерлерді қайта қалпына келтіріп, суреттерін салды. Елімізде қат болып есептелетін реставратор мамандығының қиындығына қарамастан, осы салада тынбай ізденіп жүр.
– Ұстазым Бекең ақсақалмен бірге қызмет жасап, жүзден аса экспедицияға қатыстым. Сол кісінің жанында жүріп, тәжірибе жинақтап, археология саласының ішіндегі реставрация тұнып тұрған ғылым екенін түсіндім. Бала кезден суретші болғандықтан маған осы сала жаныма жақын болды. Ұстазымнан үйренгенімді жас ұрпаққа дәріптеп, халыққа ұсынып жүрген жайым бар. Сыр еліне алып келген көрменің хронологиясы тас ғасырынан басталып, ерте темір, қола, түркі заманынан аяқталады, – дейді суретші.
Көрмеге әр өңірден археологиялық қазба кезінде табылып, қайта қалпына келтірілген жәдігерлер мен суреттер қойылған. Онда «Елеке сазы» қорғанынан табылған әшекей бұйымдар мен жаңа тас ғасырына тән құралдар, дән үккіштер және қола дәуірінің моншақтары бар.
Қызылордалықтар көрмені 20 маусымға дейін тамашалай алады. Жалпы Халықаралық музей күні аясында облыста «Жас өлкетанушы-2025» ғылыми-білім жоба байқауы, Шиелі ауданындағы «Руханият орталығында» «Музей түні-2025» мерекелік шарасы өтуде.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»