Жаңару – жақсылықтың нышаны

481

0

Наурызнаманың тағы бір бөлігі – жаңару. Жалпы адамзат әуелден ескі-жаманнан арылуды, жаңа жақсымен қауышуды қалайды. Бір сөзбен айтсақ, жақсылыққа деген үміттен туған өлмейтін аңсар бар. Жаңару да осы үміттің отын жағар датаның бірі десек, жаңылыспаймыз.

Жаңару сөзбе-сөз мағынада да, қоғамдық-саяси тұрғыда да «өмірдің жаңаруын» бейнелейді, бұл күні әр өңірде жаппай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады. Кейде көзге елеусіз көрінетін жақсы істің қадірі ұлы істерден де асып жатады. Ағаш отырғызу да осы іспетті, келешек дүние үшін жасалар игі амалдың қатарында.

Әлем халықтарының көбінде жаңа жылды қарсы алу кезінде шаңырақтағы ескі затты, ескі киімді лақтыратын дәстүр бар. Білсеңіз, қазақ та ертеден бұл дәстүрден алшақ болмаған. Наурызбен жолыққан сәттен ескі дүниесін сыртқа тастап, «жамандық кетсін» деп тілеген. Әсілі, бұл күннің тағы бір нышаны – ескі-жаманнан арылу. Осы тұста айтудың жөні бар, елдің саяси өмірінде де ескіден арылу, жаңа құндылықтардың пайда болуы секілді процестер жүреді. Мәселен, елімізде Демократиялық жаңару күні іспетті даталар бар. Сондықтан бұндай мерекелер саяси тұрғыдан да өзіндік мәнге ие. 

Табиғат та өздігінен жаңарып, түлей алмайды, яғни, жалғыз жаңара алмайды. Сондықтан жаңару күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Көппен көрер ұлы тойдың бір кейпі осындай болса керек. Бұрынғылардың наурызда ұлан-асыр той етіп, жұрттың бәрін шаттыққа бөлейтіні бекер емес, ел тек ауызбіршілікпен, ынтымақпен ғана көктей алатынын жете ұғынғаннан болған. Демек, бұл күн ел өмірінде және әрбір ел азаматының тағдырында жақсылыққа толы жаңа кезеңнің басталуына ұйытқы болуы тиіс. Әркім өзінше алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастауға, мемлекеттің саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгертуге бағытталғаны абзал. Міне, жаңару – үлкен дүмпулердің болатын уағы.

Аз да болса жаңарудың түпкі мәніне бойладық. Осынау Наурызнаманың тұсында әр күнді естен шығармай, мүмкіндігінше ұлттық болмысымызды тани түскен абзал. Және ол адамзаттың тұтас құндылықтарынан да ажырамауға септескені жөн.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<