51 айыпталушы, 366 жәбірленуші: Қордайдағы тәртіпсіздіктерге қатысты сот басталды

467

0

Тараз қаласында Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараздағы УЖД 158/1 ТИ-13 тергеу изоляторының ғимаратында Қордай ауданында осы жылдың ақпан айында болған жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Процесс ашық режимде және сот процесіне қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында барлық санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілуде.

Қатысушылардың залдағы орындары әлеуметтік қашықтықтың сақталуымен орналастырылған. Дезинфекциялық, санитарлық және антисептикалық тазартқыштар, электронды термометрлер орнатылған. Процестің барлық қатысушылары ПТР-тестіден өтеді. Сотталушылардың туыстарына ыңғайлы болу үшін бөлмелер жабдықталған.

БАҚ өкілдеріне Тараз қаласының №2 соты ғимаратында тергеу изоляторынан сот процесін тікелей эфирде көрсететін арнайы зал берілді. Қордай ауданының сотында жәбірленушілерге арналған зал жабдықталған, онда да процесс онлайн-режимде өтеді.

Істі Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Процеске бірнеше ондаған адвокат қатысуда.

Тәртіпсіздіктер мен басқа да қылмыстарға қатысқаны үшін сот алдында 51 адам жауап беруде. Олардың 33-і қамауда, 16-сы үшін кепілгерлік түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Екеуінен ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлықты сақтау туралы қолхат алынған.

Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша 366 адам жәбірленуші болып танылды.

3 желтоқсан күні кешке аяқталған алдын ала тыңдау барысында осы жылдың 7-8 ақпанында Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарында көптеген адамның қатысуымен жаппай тәртіпсіздік болғаны айтылды. Тәртіпсіздік кезінде 10 ауылдық тұрғын қаза тапты, біреуі сауда орталығының қирауынан мерт болды. 158 азамат пен құқық қорғау органдарының 20 қызметкері дене жарақатын алған. 156 тұрғын үйге және сауда объектілеріне, 102 автокөлікке зақым келді.

Тергеу барысында Қордай оқиғалары туралы іс бойынша барлық қажетті дәлелдер жиналды. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар барлық адам анықталып, Қазақстан заңнамасына сәйкес жазаланады.

Еске салайық, биылғы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Қордай ауданының Масаншы ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Кейін Масаншы, Сортөбе ауылдарында 47 адам ұсталып, сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу), сондай-ақ ҚР ҚК 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша басталды.

ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін барлық кінәлілер ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Процеске Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Замбаев төрағалық етуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<