Әлем АҚШ долларынан сақтана бастады. Неге?

753

0

Ақша жарықтықтың экономикалық айырбас құралы ретінде адамзат өміріне енгеніне бірнеше мыңдаған жыл болды. Айтатыны жоқ, сол үлкен тарихтың өн бойында ол өзінің табиғатын, болмысын сан мәрте өзгертті. Белгілі бір тарихи оқиғаларға, мемлекеттік төңкерістерге, қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты ақша талай рет құнын жоғалтты. Тіпті оның жай ғана қағаз ретінде қалған кездері де болды.

Қазақстанның жағдайында Ұлттық валюта – теңгенің пайда болуы Тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болғанын атап өткіміз келеді. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшы­лығымен теңгенің өмірге келуі  еліміздің егемендігін нығайту жолындағы алғашқы қадам болды. Бұл 1993 жылдың 15 қарашасы еді.

Ресейдің әбден құнсыз­данған ақшасын сол заматта теңгеге шаққанда 1 теңге – 500 рубльге  айырбастағанымызды ұмытпаймын. Қызық үшін бүгінгі оқырманға айта кетейін, сол алғашқы айырбас кезеңінде жалақымыз 1000-1200 теңгені құраған болатын. Жалақы күн сайын өсіп жатқан қымбатшылықтың әсерінен  тоқсан сайын көтерілді. Ақшаның балама құнын есепке алу үшін бір салыстырмалы цифр келтірейін. 1994 жылы Қызылорда базарында жылқының бағасы 7 мың теңге болды. Теңгенің жалпы халықтың игілігінде болма­уына байланысты көпқабатты үйлердің екі пәтерлігі сол уақытта 15-20 мың теңгеге бағаланды. Сол жылдары салыстырмалы түрде малдың құнды болғаны соншалық, екі бұзаулы сиырға немесе екі жылқыға 1-2 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. 1994 жылы Қазақстанда орташа жалақы 1,7 мың, 1999 жылы 12 мың теңге болды.

Жылдар өте жағдай бір­шама өзгерді. Бірақ сол 90-жылдардың дағдарысы ха­лыққа үлкен ауыртпалықтар әкелді. 1999-2000 жылдары базарда тәуір қойды сатып алу үшін 5 мың теңге жеткілікті еді. Артынша үй қымбаттай бастады. 2005-2006 жылдары оның бағасы едәуір өсті. Содан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Таңғажайыбы сол, бүкіл әлемдегі үрдіс осындай болды. Күні кешеге дейін жылжымайтын мүлік, автомобиль саудасы, тағысын тағылар Қазақстанда доллар баламасымен бағаланды. Алайда соңғы уақытта біздің долларға деген көзқарасымыз біршама өзгере бастады. Табиғатынан резервтік валюта саналғанымен, қазір АҚШ долларының өзі құнсызданған сыңайлы.

Салыстырмалы түрде айтылатын ой көп. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Амери­кан­дық билік кешегі пандемия дағдарысы кезінде әлемдік нарыққа бірнеше трил­лион­даған долларды лақтырып тастады. Бұл бір жағынан, американдықтарды пандемия зардабынан құтқару үшін жасалды. Алайда әлемдік қауымдастық америкалық резерв­тік жүйесінің бұл қадамына оншалықты риза емес. Триллиондаған доллар, ең бастысы, ешқандай мате­риалдық немесе басқалай бағалы құндылықтармен бекі­тілмеген еді. Қазақша айт­қанда, жай ғана қағаз ақша. Доллармен бірге әлем елде­рінің ұлттық валюталары құнсыздануда.

Бір қызықты айтайық. Әлем жұртшылығы, әрине барлығы емес, жуық арада доллардан құтылу ниетін сездіріп үлгерді. Бұл бір жағынан, әділ сияқты, себебі доллар сол АҚШ-та бір орталықтан басқарылғандықтан, ұлттық валюталардың құнсыздануына еселеп әсер етуде. Осыны ескерген Ресейдің билігі жуық арада өздерінің әл-ауқат қорының құрылымынан долларды мүлдем алып тастайтынын мәлімдеді. Нақтылай түсейік. Ресейдің қаржы министрі Антон Силуановтың айтуынша, бір ай ішінде Ресей Ұлттық әл-ауқат қоры құрылымындағы американдық доллардан толық бас тартып, британдық фунттың үлесін төмендетеді. Біз Орталық банк сияқты доллар активтерінің инвестицияларын қысқарту туралы шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда құрылым бойынша Ұлттық қордың 35%-і долларға салынған. Долларлық активтерден толық шығу туралы шешім қабылдадық, инвестицияларды доллармен алмастыру еуроның ұлғаюы мен алтынның өсуіне ықпал етеді деді  Силуанов.

Оның айтуынша, ҰҚҚ жаңа құрылымына көшу бір ай ішінде жүзеге асады. «Бұл істі жүзеге асыруға бір ай жеткілікті» деді Силуанов, яғни, алдағы уақытта қор құрылымындағы доллар 0, еуро 40, юань 30, алтын 20, фунт пен фунт стерлинг 10, иена 5 процент құрайды.

Байқап отырған боларсыздар, бұл – біздіңше, АҚШ-тың Ресейге бірнеше жылдан бері аяусыз салған санкцияларының «жемісі». Соңғы күндері Ресей ұлттық банк төрағасы Элвира Набиуллина активтен долларды мүлдем алып тастамайтынын мәлімдеді.

Бір шындық бар. Өмір өзгеруде. Қазір Ресей Қы­таймен экономикалық байланысты бұрынғыдан да бетер ұлғайта түсуде. Осыдан бірер ай бұрын Ресей президенті В.Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин видеоконференция үлгісінде Тяньван атом электростанциясының бірнеше блогын іске қосуға уағдаласты. Бұл – әлемдік құрылыс. Бізге жеткен мәлі­мет­терге сүйенсек, екі ел басшылары құрылыс барысында, ал ол 2026-2028 жылдарға дейін созылады, рубл­ьмен және юаньмен есептесетін болады. Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, қазір Қытай­дан АҚШ және Еуроодақ та сескенеді. Бірақ капиталистік әлемнің өзі шығарған доллар үстемдігі біртіндеп өз билігінен арылуда, әлбетте, сол үстемдікке ұрынғандардың өзін тығырыққа тірейтін сыңайлы. Сарапшылар қазір Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлемді өзі билеп-төстеуге үйренген АҚШ-тың болашағы өте бұлыңғыр екенін айтады.

Тарихқа зер салайық. Ресейде рубль тұңғыш рет айналымға бірінші Петр патша кезінде енгізілді. Капиталистік дәуір дамыған кейінгі кезең­дерде ол ұзақ уақыт өзінің сатып алу қабілеті жағынан құнды болды. Ресей империя­сы, әсіресе XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында экономикалық жағынан күрт дамыды. Рубль өте жоғары бағаланды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ресейде экономика жоғары қарқынмен дамыды. Себебі рубль қаржылық қабілеті бо­йын­ша алтынға бағаланды. Мысалы, тарихшылардың зерт­теуінше, патшалық Ресейде 1914 жылы, 1400 тонна алтын қоры болды. 1917 жылғы төңкеріске дейін 1 рубль 77 грамм алтынға бағаланды. Барлығы бір сәтте өзгерді. Азамат соғысы бас­талды. Оның алдындағы бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайы алдымен патшалық Ресей, ізінше Кеңес Одағының экономикалық жағдайын мүл­дем құлдыратып жіберді. Әсі­­ресе азамат соғысы кезін­де қаржы жүйесі мүлдем қо­жырады. Сол Ресей жерінде бірнеше ақша баламасы пайда болып, олар әртүрлі ай­мақ­тарға ықпал жасаған банда құрамаларының, би­лік бас­шыларының есім­дерімен аталды. Оларды керенс­кийлік, махнолық, одесса­лық деп атады. Азамат соғысы жылдарында Ресей талан-таражға салынды. Алтын валюта қоры ұрланды. Патша генералы Колчактың игілігінің өзінде 500 тонна алтын болды. Ол бағалы қазынаны американдықтардан қарызға қару-жарақ, басқа да қажеттіліктер алуға пайдаланып, ­большевиктерге қарсы күреске жұмсады. Кейін Колчак ұсталып, атылды. Бірақ оның иелігіндегі алтынның тағдыры қалай болғаны бүгінге дейін беймәлім.

В.Ленин құрған Кеңес өкіметіне өте ауыр мұра қалды. Рубльдің құнсызданғаны сон­шалық, революция кезінде 1 млн рубльге бар болғаны бір бөлке қара нан сатып алатын еді. Елдегі күйзелісті большевиктік билік жақсы түсінді. Жағдайды қалыпқа келтіруге Ленин қаржы шенеу­ніктерін тартты. Солар­дың бірі Григорий Сокольников еді. Жаңа құрама тауарлық қатынастарды жетілдіру бо­йынша реформалар жасады. Оның ең бірінші талабы ретінде рубльді тұрақтандыру барынша қажет болды. Г.Сокольников қаржы комиссары ретінде 10 сомдық алтын тиынды шығарып, оның құны алтынның 25 процентіне бағаланды. Мемлекеттік сақ­тандыру қоры құрылды. Бюджет заңдылығы бекітілді. Сөйтіп қысқа уақытта большевиктер Кеңес Одағының қалыпты қаржы жүйесін қа­лыптастырды. Жаңа эко­но­микалық саясат (НЭП) жүйесіне сәйкес қаржы айналымын қалыпқа келтіру бо­йынша тауар айырбастаудың тиімді жолы ұсынылды. 1922 жылғы Кеңес үкіметінің қаулысы бойынша 10 рубльге қара рыногта алтын, платина, күміс сатып алуға рұқсат берілді. Сөйтіп 10 сомдық ақшаға базарда алтын, басқа да құнды металдар сатып алына бастады. Халық рубльдің нығаюын бірте-бірте сезіне бастады. Егер 1924 жылы 1 АҚШ доллары құны бойынша 2 рубль 20 тиынға теңессе, 1925 жылы оның құны 1 рубль 94 тиынға, ізінше 1 рубль 15 тиынға көтерілді.

Реті келгенде айта кетейік, сол Сокольников 1939 жылы Сталиннің репрессия құрбаны болып атылды. Тарихшылар оның кезінде Троцкиймен байланысты болғанын айтып, кейінгі тағдырының трагедиямен аяқталғанын осымен сабақтастырады.

Кеңес үкіметі жаңа кезеңге аяқ басты. Сталиннің басшы­лы­ғымен 1920 жылдардың соңында Кеңес Одағында индус­трияландыру кезеңі бас­талды. Бұл орайда Сталин: «Біз әлемнің индус­триалды мемлекеттерінен 50-100 жылға артта қалдық. Артта қалушылықты 10 жыл ішінде еңсермесек, біздің тағ­дырымыз капиталистердің қолында бо­лады» деді. Елде жаппай индустрияландыру науқаны қа­уырт жүргізілді. Деректерге жүгінсек, 1927-1940 жылдары Кеңес Одағында 9 мың жаңа кәсіпорын салынды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдары 8 мың есе өсті. Алғашқы бесжылдықтың үш жылында 364 жаңа қала салынды. Статистикалық дерек бойынша Кеңес Одағында сол жылдары әрбір 29 сағатта 1 зауыт іске қосылып отырған екен. Кеңес Одағының экономикасы қуаты жағынан әлемде АҚШ-тан кейін 2-орынға шықты.

Осы жылдары АҚШ-та экономикалық дағдарыс салдарынан 2 млн адам аштан өлді. АҚШ президенті Рузвельт байлардың алтын-күміс құймаларын зорлықпен тартып алды. Бермегендерге 10 мың доллар айыппұл салынды немесе түрмеге қамалды. Мұны американдықтар «ғасырдың алтын тонауы» деп атады. АҚШ өз аумағында соғыс қимылдары жүрмегендіктен, екі дүниежүзілік соғыстан кейін әбден байыды. 1945 жылы онда әлемнің алтын қорының 70 проценті шоғырланды.

Депрессия кезінде жұмыс көзін таба алмаған амери­кандық инженерлер Кеңес Одағында жүздеген зауыттарды салу жұмысына қатысты. Индустрияландыру жылдары кезінде елде 90 жаңа кен орны ашылды. Бұл жағынан АҚШ, Англия, Германия, Кеңес Одағында болып жатқан өзгерістерді іштарлықпен бақылап отырудан басқа амалы қалмады. Тек қана гитлерлік Германия соғысқа барынша әзірленді. Соғыс қарсаңында Кеңес Одағының алтын қоры 2800 тоннаға жетті.

1944 жылдың шілде ­айында Бреттон-Вуд қаласында АҚШ пен Кеңес Одағының жә­не әлемнің өзге де 44 мем­ле­кетінің қатысуымен кон­­­фе­ренция өткізіліп, онда екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талғаннан кейін әлем­дік қаржы-валюта қа­ты­нас­­тарының қандай болу керектігі талқыланды. Аме­рикандықтар өздерінде әлем­нің алтын қорының 70 проценті шоғырланғанын, өздерінің дү­ниежүзінде өн­дірілген өнім­нің 50 процен­тін тұтынып отырғанын айтып, долларды әлемдік валюта деп жариялады. 3,5 доллар 1 унции алтынға бағаланды. Халықаралық валюта қоры құрылды. Бірақ Сталин конференцияда қа­был­данған шешімдерді құп­та­мады. Ол: «Егер капи­талистік қаржы жүйесі социа­листік экономикаға үс­темдік жасайтын болса, онда әлемдік қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес» деді. КСРО Жоғары кеңесі Бреттон-Вуд шешімін мақұлдамады. Сол кездегі Қытай басшысы Чан Кай Ши де осылай істеді. Таңғаларлығы, Сталиннің сол кезде айтқан сөзі бүгінге дейін мазмұнын жоғалтпай келеді.

Кеңес Одағында 1947 жылы ақша реформасы жүр­гізілді. Бұл соғыс кезінде оккупа­цияланған аумақта жал­­ған неміс маркасының жүруі салдарынан тауарлық қаты­наста үйлесімсіздік пайда болумен байланысты еді. 1961 жылы ақша реформасы тағы жүзеге асырылды. Рубльдің құнды болғаны соншалық, ол 1 долларға шаққанда 64 тиынды құрады. Шын мәнінде мұндай қатынас сәл-пәл өзгеріске ұшы­рағанымен, негізінен Кеңес Одағы құлағанға дейін сақ­талды.

1971 жылы американ­дық­тардың қаржы жүйесіндегі саясаты мүлдем өзгерді. Президент Никсон тіпті долларды алтынға бағалаудың қажеті жоқ деп санады. 1991 жылға дейін Кеңес Одағында 2 мың тонна алтын қоры болса, кейін 1-2 жыл ішінде оның көлемі 200 тоннаға азайды. Рубль жүздеген есе құнсызданды. Миллиондаған адам Кеңес Одағында қайыршылыққа ұшырады, соншалықты адам ондаған жылдар жинаған жинақтарынан бір сәтте айырылды. Кейінгі жағдай белгілі. Ресей 30 жыл бойы әлемнің бірнеше жойқын дағдарысын бастан өткізіп келеді. Қаржы жүйесі қожыраған сайын ха­лықтың тұрмыс деңгейі тө­мен­деуде. Оны бүгінгі Қа­зақ­стан мысалынан да кө­руге болады.

Қазір әлем жұртшылығы індеттен кейінгі жағдайды көз алдарына елестетуде. Ол қандай болады? Кез кел­ген дағдарыстан әдетте ат төбе­ліндей қаржы магнаттары ғана ұтады. Олар байыған үстіне байып шыға келеді. Керісінше, кедейлер көбейеді. Оған бұрынғы дағдарыстар дәлел бола алады. Айталық, коронавирус дерті шарпыған АҚШ-та оның зардабын жеңілдету үшін 6 трлн долларды басып шығарды. Сарапшылардың есептеуінше, оның 4 трл-ны – ештеңемен қамтамасыз етіл­меген әншейін қағаз ақша. Доллардан қалай құтыламыз деген сыпсың әңгіме қазір жетекші елдердің басшылары арасында жиі айтыла бастады. Ресей мен Қытай бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасады.

Сонымен бүгінгі теңге бағамының долларға қатысты құны қаншалықты әділ? Сарапшылар пікірінше, бұл туралы ұзақ айтуға болады. Қазір әлемде көп нәрсе салыстырмалы түрде айтылады. Бұл негізінен тауар айналымындағы импорт-экспорт арасындағы айыр­машылыққа байланыс­ты. Әзірге Қазақстанда айыр­машылық біздің пай­дамызға қызмет жасамайды. Үмітке жетелейтіні, елімізде қазір бұл бағытта оңды қадамдар жасалып жатыр.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<