Сырдың қызы Канаданың Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді

1179

0

Жақында республикалық басылымдардан Канаданың жасөспірімдер хоккей лигалары командаларының құрамындағы Марк Уэбб есімді ойыншының сұхбатын оқыдым. Алматы қаласында туған 17 жастағы «Карлтон Плэйс Джуниор Канадианс» клубының хоккейшісі Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткісі келетінін айтқан. Ең қызығы, Марктің анасы Нұргүл Қызылорда қаласының тумасы болып шықты. Мұны білісімен жаңа кейіпкермен тілдесуге асықтық. Нұргүл Канада Үкіметінде, нақтырақ айтсақ, Сыртқы істер министрлігінде сауда жөніндегі кеңесші қызметін атқарады екен.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бухгалтерлік есеп және экономика мамандығы бойынша білім алған. Содан соң құқықтану мамандығы бойынша Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқуын жалғастырған. Кейіннен Қызылорда облыстық әділет басқармасында заңгер болып жұмыс істеген. Кейін ата-анасының рұқсатымен Алматы қаласына қоныс аударған.

– Сол уақытта бас кеңсесі Алматыда орналасқан KEGOC компаниясына жұмысқа тұрдым. Кейіннен Ұлттық банкке ауыстым. Америкалық компанияда консультант қызметін атқарып жүрген күйеуім банктің ішіндегі кеңселердің бірін жалдап, сонда жұмыс істейтін. Ол да заңгер. Сөйтіп, көңіліміз жарасып, отбасылы болдық. Үлкен және ортаншы ұлым Қазақстанда дүниеге келді. Кейіннен жұмыс бабымен Черногория, Албания, Үндістан, Болгария және Армения елдерінде тұрдық. Сосын Канадаға келіп, соның ішінде ел астанасы Оттаваға тұрақтадық. Осында кіші ұлымыз дүниеге келді. Ұлдарымның ағылшын және қазақ тіліндегі қос есімі бар. Үлкен ұлымның есімі – Эрик-Әкежан. Ол дүниеге келерден бір жыл бұрын әкем дүние салды. Сол себепті тұңғышымды Әкежан деп атауды жөн көрдім. Екінші ұлымды Марк-Әсет деп атадық. Ал, кенжемізді әкесі Фин-Абай деп атауды жөн көрді. Құжаттарында қос есімі жазылған, – дейді жерлесіміз.

Марк-Әсет Қазақстанның ұлттық құрамасында ойнауды армандайды

Шетел азаматына өзге елдің үкімет аппаратына жұмысқа тұру оңай емес. Алайда, кейіпкеріміз Оттаваға келген соң Carleton университетінің магистратура бөліміне оқуға түсіп, халықаралық қатынастар факультетінде білімін жалғастырған. Магистратурада оқып жүргендерге мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны пайдаланып, қазір Канаданың өзге елдермен сауда қатынастарын дамытуға атсалысып жүргеніне – 6 жыл.

– Канадада министрлікке жұмысқа тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ мен жаңағы бағдарлама бойынша конкурстан өту үшін барымды салдым. Жалпы, Қазақстанда жүрмесем де, елде болып жатқан жайттарды бақылап отырамын. Ұлым да болашақта Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Мен «Барыс» командасында ойнайтын боласың, «Барыс» барлығын жеңеді» деп айтып отырамын. Егер елге шақыратын болса, мен де қасына еріп келетін едім. Негізі мен қазақ және ағылшын тілдерінен бөлек, француз, серб және болгар тілдерін білемін. Үйдегілермен, анаммен сөйлескенде екінші тілді араластырмауға, тілді шұбарламауға тырысамын. Ұлдарым жетік сөйлей алмаса да, жақсы түсінеді, – дейді Нұргүл.

«Әр демалыста бауырсақ пісіремін»

Кейіпкеріміз ауылдағы ыстық таба нанның иісін, құнарлы құрт пен сөгін ерекше сағынғанын айтты.

– Әр демалысымда бауырсақ қуырып, ет асып немесе шелпек пісіруді әдетке айналдырғанмын, – деді ол әңгімені сабақтап.

Осыдан жеті жыл бұрын Қызылордадағы туысының үйлену тойына барғанда балалары той тойлап, көңіл көтеріп жүрген халықтың дарқандығы мен кең пейіліне риза болып, осында тұрғысы келетінін де айтыпты.

М.СНАДИНҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<