«Бейбітшілік қаласы» қалай бой көтерді: жаңа астананың тұсаукесері алдында

526

0

1998 жылы Қазақстанның жаңа Астанасы ұшы-қиыры жоқ бір үлкен құрылыс алаңындай болып көрінді! Шынында да, жұмыстың қарқынды жүргені соншалық, 10 маусымға дейін бірдеңенің жасалып болатынына ешкім де сенбеді. Мен қазір де артқа көз салсам, осының бәрі сондай аз уақыттың ішінде қалай жасалғанын түсінбеймін.

Президент елорданың са­лы­­нып жатқан және қайта жаңғыртылып жатқан нысан­дарын үнемі аралай отырып, құрылысшыларды да, бізді де өзінің энергиясымен, бел­гіленген барлық нәрсенің орын­далатынына деген сенім­ді­лігімен жігерлендірді.

Маусым айының басына дейін бізге қала орталығын қалпына келтіру тапсырылды. Барлық егжей-тегжейлерді тал­қылағаннан кейін біз тек ор­талықтың өзімен шектелмей, оған жақын орналасқан Кене­сары, Абай, Омаров, Сей­фул­лин, Желтоқсан, Бей­бітшілік, Бөкейхан даңғылдары мен кө­шелерін жаңартуды жөн көрдік.

«Жаңарту» бұл қысқаша айтқанда, ал егер нақтырақ айтсақ, онда біз алдымызға он­даған үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, жүздеген бал­кондар мен лоджияларды әй­нектеу, 20 шақырымға жуық жолжиектерін, ондаған мың тонна асфальт-бетон, 30 мың шаршы метрден астам төсем төсеуді, т.б. міндеттерді қой­дық. Және мұның барлығы бел­гіленген нысандарға қосым­ша.

Қалада «біз қалған уақытта бәрін жасауға үлгермейміз» де­ген ашық әңгімелер жүріп, ал тұсаукесер кейінге қалды­рылды деген қауесет тарай бастады. Оның үстіне маған жан-жақтан: «Елбасыға датаны кейінге шегеру керек деп айт, өзің де түсін, егер үлгермесек, жұмыстан бірінші болып сен айырыласың», – деп кеңес бе­рушілер көп болды.

Бірде қаланы кезекті аралап жүргенде, кестеден қалып қоюшылық байқалған нысанда болдық. Жұмыс қарқыны ту­ралы мердігермен болған әң­гіме кезінде солардың бірі: «Асығып не керек, бәрібір тұсаукесер датасын шегеріп жатыр емес пе?», – деді. «Кім айтты?» деген сұрағыма жа­уап ала алмадым. Ал келесі күні Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жанында тұсау­кесер ны­сан­дары бойынша жұмыс ба­ры­сы қарас­тырылуы керек жиналыс белгіленген еді. Мен бәрін өзім анықтап алуды жөн көрдім.

Кездесу әдеттегідей іскерлік сипатта, тез өтті. Дәлізге шық­тық, мен өз сұрағыммен Ел­басыға жақындамақ болған едім, ол өзі-ақ мені шақы­рып алды. «Менің ойымша, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы – тұсау­кесерге қарай жаңа астанаға үлкен үлес қосқандарды мара­паттау үшін «Астана» медалін ұйымдастырсақ, жақсы болар еді. Мен жобамен ол осылай болуы керек деп ойлаймын», – деді де, терезе алды тақтайына қағазын қойып, медальдің но­байын сыза бастады. Айт­пақ­шы, «Астана» медалі сол эскиз бойынша жасалды да.

Нұрсұлтан Әбішұлының көзінде суретшінің құмарлығы ойнап тұрды. Ол сурет салып тұрып: «Қалай, жаман емес пе?», – деп сұрап қояды. Еш­­қандай шегеру туралы әң­гіме жоқ, болмайтынын да тү­сіндім. Және үлгеру үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек. Ал Елбасында жалғыз ғана сол нобайлар емес еді. Әртүрлі уақытта ол Қабылдау үйінің, Президенттің мәдениет орталығының, Орталық алаң­дағы жаңа фонтандардың эс­киздерін салды.

1998 жылдың жазы Аста­нада ыстық болды. Жауын-ша­шын аз болды. Жұрт ыстықтан жағажайлар мен саяжайларға барып, жан сақтады. Алайда, қала жансыз болып көрінбеді: тұсаукесерге дейін астана қа­былдаған құрылыс ырғағы динамикалық болып қала берді.

Енді тозығы жеткен үйлер тек қаланың орталық бөлігінде ғана емес, басқа бөліктерінде де бұзылды: Слободка, Иманов, Кенесары көшелерінде, Солё­ная балкада.

Қадалар қағылды, Еура­зия­лық университеттің жаңа корпу­сының іргетасы бетон­далды, әл Фараби шағын ау­данындағы орта мектептің құ­рылысында нөлдік цикл бо­йынша жұмыстар аяқталды, Ішкі істер министрлігінің үл­кен спорт кешенінің, сондай-ақ көптеген тұрғын үйлердің қабырғалары көтеріле бастады. Қаланы абаттандыру және кө­галдандыру қарқыны да бә­сеңдеген жоқ. Астананың ор­талығы өзінің қазіргі кей­піне еніп үлгерді, ал алты айдан астам уақыт қалада болма­ғандар осында көп нәрсе өзгер­гендіктен, оны танымай қалып жатты.

Шетелдік қонақтар да ас­тананың сәулеттік келбеті мен мәдени өмірінде болып жат­қан өзгерістерді байқады. Бізге ЮНЕСКО-дан ресми хат келді, онда Астана «Бей­біт­шілік қаласы» атағын алу­ға халықаралық байқауға қаты­суға шақырылды. Біз сауал­намаларды толтырып, қажетті құжаттарды жинап, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне жібердік. Әрине, жеңіске аса сене қойған жоқпыз.

Алайда 1999 жылғы 6 мамырда ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майордан Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілгенін мәлімдеген жеделхат келді. Марапатты тапсыру рәсімінде Федерико Майор: «Астана жаңарған егемен Қазақстанның символына айналды» деп атап өтті. Осыдан артық айта алмассың да.

Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ,

мемлекет және саяси қайраткер.

100angime.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<