Өңірді өркендетудің жүйелі жоспары бар

918

0

Бұған дейін де газетімізде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Apta» бағдарламасына берген сұхбатының желісі жарияланған болатын. Сол сұхбаттан өңір дамуына қатысты және бірқатар басымдықтар назарға ұсынылады.


Жайна Сламбек: –
Сол­түстік Аралды сақтап қалуға бі­рінші істелген тірліктерді бар­лығымыз білеміз. Сол жал­ғаса ма? Әрі қарай не болады?


Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, өзіңіз білесіз, Елбасының қолдауымен Солтүстік Аралды сақтап қалу бойынша үлкен жоба жасалды. Бірінші фазасы – Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау мәселесі бойынша. Бұл үлкен өзгеріс әкелді деп айтуға болады. Экология жағынан да, экономика жағынан да. Мысалы, осы жобаны бастамай тұрғанда жылына 400 тонна ғана балық өндіріледі екен. Қазір жылына 8 мың тонна балық өндіріледі. Оның жартысы экспортқа кетеді. Аралдың айналасында тоғыз зауыт салынып отыр. Қазіргі кезде Елбасы қойған бір тапсырма – Аралды әрі қарай сақтау, Арал қаласына дейін жақындату. Соған байланысты жұмыс жүргізілуде. Дүниежүзілік банк бұл бойынша техникалық-экономикалық зерттеу жасау үшін арнайы қаржы бөлді. Осы банк арқылы 190 млн доллар қаржы бөлініп, жұмыс жалғасатын болады.


Жайна Сламбек: – Гүлшара Наушақызы, облыс­тағы көпбалалы аналармен қандай қарым-қатынас орнат­тыңыздар? Сіздер олармен қа­лай әңгіме-дүкен құрасыздар? Мына мәселеге байланысты – әлеуметтік төлемдер қалай болып жатыр? Осы салаға кішкене тоқталсаңыз…


Гүлшара Әбдіқалықова: – Облыста 30 мыңдай көпбалалы ана бар. Отбасы коэффициенті бойынша облыстардың ішінде Қызылорда облысы ең бірінші орында тұр екен. Яғни, бір отбасына 4,8 адамнан келеді. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. 26 мың көпбалалы отбасына мемлекеттік көмек беріледі. Білесіз, 4 одан да көп баласы болатын болса, дифференциалды түрде жәрдемақы береді, одан басқа енді қазір әртүрлі бағдарламалар бар, мысалы, Nur Otan тарапынан «Біз біргеміз» деген 2 транш болды, үшіншісі дайындалып жатыр. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылармен «Бақытты отбасы» деген арнайы орталық жұмыс істеуде. Бұрын арыз жазып келгендердің барлық мәселесін біз қарайтынбыз, ал, бұл орталық арқылы қала, аудандар бойынша зерттеледі. Ауданға да таратамыз, зерттеп, біліп, осындай отбасыларды табу керек. Әрі қарай қандай көмек қажет, тек қана жәрдемақы емес, жұмыс беру, балаларға көмек беру, үйір­мелерге тарту, рухани қол­дау, жан-жақты қарайтын осындай орталық жұмысын бастап жатыр. Оны әрі қарай тарқатамыз деп ойлаймын.


Жайна Сламбек: Осы әлеу­меттік тақырыптың жал­ғасы – сіздерде қазір интернет желісін тарту қанша процент? Сол проб­лема қашан түпкілікті шешілуі мүмкін?

Гүлшара Әбдіқалықова: – Бізде қазіргі кезде 69 процент ғана елді мекен интернетпен қамтылған. Яғни, әлі де 31% интернет жоқ жерлер бар. Бұл жөнінде бізге жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келген. Сөйлесіп, қазір жұмыс істеліп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін 23 елді мекенге интернет жүргізілетін болады. Бұл енді 80 процентке дейін көтеруге мүмкіндік береді. Әрі қарай да жұмыс істелінетін болады.


Жайна Сламбек: Гүлшара Наушақызы, келгесін енді көп нәрсені ойлайсыз, жоспарлайсыз. Бірінші кезекте мына тірліктер тезірек бітсе ғой деп қай дүниелерді айтар едіңіз өзіңіз?


Гүлшара Әбдіқалықова: – Енді бірінші кезекте, әрине, экономика болса, бәрі болады ғой. Сондықтан, экономика бойынша жұмыс істеуіміз керек. Оның ішінде, жаңа айттық, мұнай қоры таусылып жатыр. Соған байланысты осы жаз айында «ҚазМұнайГаздың» пре­зиденті Айдарбаевпен кездесу болды. Олар да қазір зерттеу жұмыстарын бастаймыз деп отыр. Биылдың өзінде 700 млн теңге бөлініп, Шу-Сарысу айма­ғында осындай зерттеулер жүр­гізілуде. Жалпы, бізде үш бағытта, Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу, Сырдария бассейнінде зерттеу болады, оған 3 жылда 11 млрд қаржы бөлінеді деп отырмыз. Осы мәселені шешсек, одан басқа тек қана республикалық бюджет немесе мемлекет тарапынан емес, жеке кәсіпкерлер де бұған қызығушылық білді­ріп, жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз деп отыр. Мысалы, мұнай саласында «Саутс­Ойл» деген ірі компания бар. Солар биылдың өзінде 23 ұң­ғыма жасаймыз деген. Екінші мәселе, осындай экономикалық қиын жағдайда тек қана ірі өндіріске сеніп отырмай, кіші, орта бизнесті дамытуымыз керек. Біз білеміз, Түркия да осы арқылы дамып отыр. Сондықтан, жаңа айтқандай, біз 265 жобаны жасадық. Тағы да сондай 265 жобаны жасаймыз. Бұған жергілікті кәсіпкерлерді тартуымыз, көзін жеткізуіміз керек. Жақында көптеген банктерді шақырдық.


Мысалы, «Халық банкінің» басшыларын республикадан ша­қырып, кәсіпкерлермен кез­де­сіп, қазірдің өзінде банктерге 800 ұсыныс берілді. Ал, оған дейін 366 ұсыныс қолдау тауып, 15 млрд-ға жуық ақша бөлінді. Бұл екінші мәселе, оны көбейтуіміз керек. Үшінші мәселе, әрине, әлеуметтік мәсе­лелер. Қазіргі жағдайда әрбір отбасының кірісі болу керек. Кірісі төмендемей, жұмыс орындарында қысқарту болмағаны жөн. Осы мәселелерге көңіл бөлеміз.


Жайна Сламбек: – Қазір Еуропада коронавирус пан­де­миясының екінші толқыны бас­талды деп жатыр. Ресейдегі жағдайды көріп отырмыз, тәу­лігіне 15 мыңнан асып кетуде. Енді біздің Денсаулық сақтау министрі күздің соңы, қыстың басы деп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Екінші толқынға дайынсыздар ма?


Гүлшара Әбдіқалықова: – Біз резервте 3200 төсек-орын ұстап отырмыз. Оның ішінде 200 орындық жаңа мобильдік инфекциялық аурухана салынып жатыр. Қараша айында бітеді деген жоспар бар. Дәрі-дәрмектің екі айлық қорын белгіледік. Стационарда болсын, амбулаторияда болсын, дәріханаларда да екі айлық қормен жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, қазірдің өзінде 400 млн-нан астам қаржы дәріге бөлінді. Бізде осы жылдың басында 64 қана ИВЛ аппараты болатын. Қазір ИВЛ аппаратын 244-ке жеткіздік. Оттегі концентраторы дейді ғой, ондай аппарат бұрын болған емес. Қазір 650-ден астам осындай аппарат бар.


Жайна Сламбек:Қосым­ша бір сұрақ қойып кеткім келеді. Өткенде Президент айтты ғой, қайтыс болған дәрігерлердің от­басыларына ешқандай бю­рократияға созбай, бәрін бері­ңіздер деп. Сіздің облыста ондай кісілер болды ма? Дәрігерлер қайтыс болған жағдай…


Гүлшара Әбдіқалықова: – Біздің облыста 11 дәрігер қайтыс болды. 11 дәрігерге тө­лемдер толығымен отбасына төленді. Сосын 499 ауру жұқтырған, ауырған дәрігерлер болды. Олар­ға да соңғы уақытта бір-екі аптаның ішінде толығымен төленді. Енді бір ережелерінде түсініспеушілік болғанын ай­ту керек. Қазіргі уақытта Ден­саулық министрлігі өзгеріс енгізіп, тез қабылданып, толық шешілді.
Жайна Сламбек: Әңгіме­ңізге рахмет! Сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен


«Apta» бағдарламасының жүргізушісі


Жайна СЛАМБЕК

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<