Жаңа техника төрт күнде 1 миллион көшет отырғызды

9

0

Кейінгі кездері шаруалар бау-бақша дақылдарын егу ісін жандандырып келеді. Былтыр шиелілік Мұхтар Шохаевтың еккен қызанағы Ресейге тасымалданды. Еліміздің әр өңірінен тапсырыс берушілер көбейіп, мол өнім алды. Қызанағы табиғи, таза болғандықтан сұраныс артты. Бір жағынан органикалық тыңайтқыштарды қолданады. Биыл 35 гектар жерге егін егіп, алғашқы өнімді де жинады. Қазір шаруаның алқабында жұмыс қызу. Біз де орайын тауып, тілдескен болатынбыз.

Диқан көктемге дайындықты ерте бастапты. Наурыз айында алқап басына көшкен. Қазір онда 11 адам еңбек етеді. Науқан кезінде 50-60 адамға дейін барады.

– Биыл да ерте қамдандық. Жалпы 35 гектардың 20 гектарын егіп болдық. Қалған 15 гектарды маусымның 15-не дейін бітіреміз. Қытайдан дән себетін техника алдырдық, төрт күннің ішінде 1 миллион көшет егілді. Техника еңбек өнімділігін арттырып, уақыт үнемдеуге септігін тигізді. Тағы бір тиімділігі, көшет біркелкі отырғызылады. Сәуір айында алғашқы өнім жиналды. Қияр пісіп, келісін 650 теңгеден саудалап жатырмыз. Ал тәтті бұрыш 950-1000 теңге аралығында. Енді маусымның 20-нан бастап қызанақ, қауын секілді өзге де дақылдар піседі. Былтыр да өнім молынан жиналды. Тұтынушылар алқап басынан алып кетті. Жүк көлігіне тиелген қызанақ Ресей мен еліміздің барлық өңіріне жөнелтілді, – дейді Мұхтар Шохаев.

Ол жергілікті тұқымнан бөлек, кейінгі кездері түріктің, Голландия мен Израильден келген өнімді сынап көруде. Былтыр қызанақтың 11 сортын егіп, 50 түрлі сынақ жасады. Нәтижесі жаман емес. Бастысы табиғи тыңайтқыштарды қолданды. Еңбекқор азамат көп ізденеді. Өзі секілді шаруалармен бірге жаңа сорттарды сынақтан өткізеді. Шет елдерде болып, ондағы шаруашылық жайын зерттеп, тәжірибе алмасудан жалықпайды.

– Бала кезден егін егіп өстік. Кейін ұстаздық жолды таңдадым. Мектепте мұғалім болдым. Бірақ сол бала күнгі жаныма жақын егіншілікке қай­та бет бұрдым. Алғашында картоп егіп бастадым. Бейнеті аз емес. Қара күзге дейін кү­тім жасалады. 2017 жылдан қы­занақ егуге көштім. Жылда бір дақылды еге берсең, уақыт өте келе ол да ескіреді. Құбылмалы ауа райына қарсы тұра алмай ауырады. Сол үшін жаңа сортты шығаруға, оны бейімдеуге бай­ланысты зерттеу жүргіземін, – дейді ол.

Жер-ананың бабын тауып, шаруасын дөңгеленткен ол ақ­пан айында есіктің алдына тұ­қым сеуіп, көшет шығарады. Сәуірде қызанақ егеді. Алқап­тың басында жатып, әр түптің ауырмай жетілуін бақылайды.  Осылайша тынымсыз еңбек­пен алғашқы өнімге қол жеткі­­зеді. Шаруа 2019 жылы алғаш­қы­­лар­дың бірі болып, тамшы­латып суару әдісін қолға алды.

– Судан мәселе жоқ. Бастап­қы кезде өзіміз тамшылатып суа­рамыз. Ал сәуір айынан аяқ­су келе бастайды. Қол­дан келгенше барлық мүм­кін­дік­ті тиімді пайдаланып қа­луға ты­ры­самыз.  Биыл да қыза­нақтың сұранысқа ие «Ерке F1», «Таня» сорттарын ектік. Бұл – өнімді мол беретін тұқым, дәмді әрі сулы, – дейді диқан.

Шаруа алдағы уақытта шырын өндіретін техника алуды көздеп отыр. Үш түрлі қызанақ сортын сынап көрмекші. Сон­дай-ақ мемлекет тарапынан бе­рі­летін жеңілдіктердің де игі­лігін пайдалансам деген ниетте.

Иә, адал еңбектің жемісті болары анық. Ала жаздай иы­ғынан кетпені түспей, бел жаз­бай еңбек ететін диқанға сәт­тілік тіледік.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»