Еңбек қатынасына қатаң бақылау қажет

796

0

Көптеген қызылордалық бүгінде мұнай өндіруші және оларға сервистік қызмет көрсететін компанияларда еңбек етіп жүр. Олардың әрқайсысы кемінде отбасындағы бес адамды асырап отыр. Сондықтан қызметкерлердің жалақыны арттыру, жұмыстан қысқартпау туралы талабы орынды. Әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынасын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тараптарды тыңдады.

Күн тәртібі бойынша ал­дымен облыстық еңбек са­ласындағы бақылау бас­қар­масының басшысы Тө­реахмет Жолымбетов баян­дама жасады.

Айтуынша, был­тыр кәсіпорындар мен мекемелерді тексеру нәти­жесінде 188 заң­бұзушылық анықталған. Нұсқама бо­йынша соның 165-і жойыл­ды. Ал 20 кәсіпорын 4648 жұ­мысшысына 618 млн тең­ге жалақы қары­зын қай­­тарды. Жыл ба­сында банк­рот болған «Фотон» серік­тес­тігінің 1 қыз­мет­керге 3,7 млн теңге берешегі бар.


– Қаңтар, ақпан айла­рында мұнай және мұнай сервисі компанияларында, оның ішінде «СНПС-Ай-Дан Мұнай», «Сибу-Қы­зыл­­орда», «Қуат-Амлон Мұнай», «Петро­Қазақстан Құм­көл Ре­сорсиз», «CNEC», «Тұзкөл­Мұ­найГаз Оперейтинг» ком­­панияларының жұмыс­шы­лары жалақыны артты­руды, ұжымдық шарт талап­тарының сақталуын және оны өзгертуді талап етті. Облыс әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері компанияларда тү­сіндіру шарасын жүргізді, – деді Т.Жолымбетов.


Нәтижесінде «Қуат-Амлон Мұнай» ұжымдық шарт­та көрсетілген барлық әлеу­меттік төлемді сақтап қалды. «СНПС-АйДан-Мұ­най» коронавирус пан­де­­­миясы кезінде қызмет­кер­лерге ең төменгі жалақы кө­лемінде материалдық кө­мек берді. Биылдан бастап вахталық әдіспен еңбек ете­тіндердің жалақысын – 15, оның ішінде 4, 5-дәрежелі жұмысшылар үшін қосымша 12 процентке жоғарылатуды ұйғарды. «Сибу-Қызылор­да» жыл басында тарифтік еңбекақыны 20 процентке арттыру, вахталық жұмыс­шылар үшін 10 процент үс­темеақы қосу туралы шешім қабылдады.


Басқарма басшысы атал­ған ұжымдарда ахуал тұ­рақты екенін жеткізді. Алай­да, кейбір компания өкілдері ұжымдық шарттың, келісу комиссиясы мен өн­дірістік кеңестің жоқтығына наразы. «Айлығымызды кө­бейтсе» деген талабы тағы бар. Бұл жағдайды шие­ле­ністіре ме деген қауіп жоқ емес.


Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов еңбек дауының басты 5 себебін атады. Олар – жалақының маңдай терге лайық бол­мауы, жұмыс беруші мен жұ­мысшы арасында ашық байланыстың жоқтығы, ең­бекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі шартының тиісті деңгейде орындалмауы, кадр саясатындағы әділет­сіз­дік, тұрмыстық жағдай­дың төмендігі.


– Жүйелі жұмыстың бір­ден-бір тетігі – ұжымдық шарт. Бүгінде мұндай шарт барлық кәсіпорын мен ұйымның 63 процентінде ға­на тіркелген. Ұжымдық шарт саны жөнінен облыс – 7-орында. Бұл жерде сан­ға емес, сапаға баса мән бе­рі­луі тиіс, – деді С.Серма­ғам­бетов.


Комиссия отырысында бірқатар компанияның лауа­зым иелері мен кәсіподақ өкілдері шиеленістен ке­йінгі жұмысқа тоқталды. Ай­мақ басшысы жалақының уақытылы төленуі қатаң бақылауда болып, шиеле­ніс өршімес үшін жедел әре­кет атқарылуы қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ұжымдық шарт жасауда үш­жақты комиссия келісі­мін алу, ондағы талаптар­дың орындалуы назардан тыс қалмауы тиіс. Компа­ния басшыларына жұмыс­шыларға барынша қолдау көрсетіп, заңнамаға сәй­кес еңбегіне орай үс­темеақы төлеп, оларды мүм­кін­ді­гін­ше қысқарт­пауды тап­сыр­ды.


– Өңірдегі өнеркәсіп өн­дірісінің 60 процентке жуық үлесі мұнай-газ саласына тиесілі. Мұнай өндіру көлемі жылдан-жылға қысқарып барады. Сондықтан осы саладағы қызметкерлердің қысқаруы, жалақының мар­дымсыздығы, оны кешіктіру жағдайларын тұрғындар жиі көтеріп жүр. Мәселелердің оң шешім табуына ықпал ету өте маңызды. Өйткені бұл қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына әсер етеді, – деді өңір басшысы.


Облыс әкімдігі мен про­куратура әлеуметтік шие­леніс ошақтарының кар­та­сын ай сайын жаңартып отыр. Өткен жылы шетелдік жұмыс күшін тартқан 24 кәсіпорын тіркелді. Оларда 8023 қазақстандық жұмыс істейді. Ал шетелдік жұмыс күшін тартуға 356 квота бө­лінді. Тексеру нәтижесі ең­бекақы төлемінде теңсіздік жоғын көрсетті.


Сонымен қатар, жұмыс берушілер қызметкерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу қажет екенінен хабардар. Атқарылған жұмыс нәтиже­сінде биыл 1755 жұмыс бе­рушіде 93602 еңбек шарты пайда болды.
Облыс әкімі құзырлы орындарға әлеуметтік ең­бек дауының алдын алу ба­ғытында бірқатар тапсырма берді.


– Жазатайым оқиғалар жиі тіркелген компания бас­­­шыларының, кәсіподақ өкіл­дерінің қатысуымен тың­­­дау өткізу керек. Са­ла­­лық кәсіподақ ұйымда­рымен бірге шетелдіктердің қаты­суымен құрылған ком­­паниялардағы ең­бек дау­­ла­рын, еңбек қатына­сын бақы­лауды күшейту керек. Жер­гілікті бұқа­ра­лық ақ­парат құралда­рында, әлеу­меттік желілерде халыққа еңбек заңнамасының негіз­дерін түсіндіру шараларын күшейту маңызды, – деді аймақ басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<