Еуропаның бірнеше елінде қуаңшылықтан қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды

327

0

Франция үкіметі қуаңшылық салдарымен күресу үшін кризиске қарсы штаб құрады. Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы шілде соңғы 60 жылда жауын-шашын ең аз түскен ай болды. Жүзден астам коммуна ауызсумен тапшылық көріп отыр, егін қурап кету алдында.

«Қазіргі жағдайды қалыпты деп еш айтуға болмайды. Қазіргідей құрғақшылық бұрын-соңды болған емес. Және жағымсыз жаңалық – мұның тоқтайтынына еш негіз жоқ болып тұр», – деді Франция экология министрі Кристоф Бешу.

Францияның барлық департаменттері құрғашылыққа байланысты ерекше бақылауға алынды. Олардың алтысында қауіптің ең жоғары деңгейі енгізілді. Бұл деңгей суды пайдалануда үлкен шектеулерді қарастырады.

Италияның 16 қаласында, соның ішінде Рим, Милан, Флоренция мен Генуяда қауіптіліктің ең жоғары «қызыл» деңгейі жарияланды. Мұнда40 градустан жоғары температура сақталып отыр.

Синоптиктер демалыс күндері түнде ауа бағамы 30 градусты көрсететінін болжауда. Нидерланд үкіметі суды үнемдеуге, яғни ваннаны азырақ қабылдауға, көліктерді жумауға, гүлзарларды суармауға шақырды.

Бірнеше күн бұрын корольдікте қажет болған жағдайда судың берілуін реттеп отыратын кризиске қарсы топ құрылған болатын. Елдегі көптеген өзеннің тартылып қалғаны соншалық, насостар істен шыққан. Дунай секілді ірі өзендердің деңгейі де төмендеп барады. Болгарияның, Румыния мен Сербияның шекаралары түйісетін жерде өзеннің тартылуынан аралшықтар пайда болды. Шілде айының соңында Дунайдың бірнеше учаскесінде кеме жүрісі тоқтатылды.