Күрмеу кілтін талпынған табады

474

0

немесе жаттанды әдеттен өзгеше өрілген жиын

Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов жарты жылдың жұмысын қорытындылап, өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Айта кетерлігі, аудан әкімі мақтаулы мәселелерді қозғайтын жаттанды жиналыс ауанын бұзып, алаңдатарлық мәселелерге ғана мән берді.

– Кемшілікті жаба тоқып, одан аттап кетпейміз. Ауданда жағымды жаңалық жеткілікті, оны аймақ журналистері хал-қадірінше насихаттап жатыр. Келесі кезекте, ортақ мүддеге жұмылып, шыңыраудан шығатын жолды бірлесе іздесек деймін. Қазір халыққа қызмет етудің сан қырлы көзі бар. Жұмысты жақсы сөз есту үшін емес, елді еңбекке жұмылдырудың, бірлікке бұрудың бағытында жасау маңызды, – деді ол.

Аудан басшысы алдымен бюджет қаражатын арттыру және мерзімінде игерудегі түйінді мәселелерге тоқталды. Қаңтар-маусым айларында жергілікті бюджеттің кірістер болжамы 102,6 процентке орындалып, шілде айының басында қаражат 100 процентке игерілген. Бұл жағдайлар тұрғындарға қалыпты жұмыс көрінгенімен, салада проблемалар жеткілікті. Салық базасын кеңейту бойынша жұмыс тобы құрылып, іс-шара жоспары да бекітілді.

Ауданға қарасты әрбір округте бар, айқындалған мәселенің бірі – іс жүзінде жоқ, жойылып кеткен автокөліктерді есептен шығару. Тіркеуде ғана бар, өзі жоқ көлікке салық есептеледі де, өндірілмейді. Көлік салығынан берешек қалыптасып, жыл са­йын арта береді. Шешім – жойылып кеткен көлік салығын есептен шығару процесін оңайлату немесе біржолғы амнистия жариялау.

Оған қоса, жыл сайын бағалаудан соң мүлік салығының көлемі азайып барады. Салық салынатын нысандардың орналасу коэффициенті жыл сайын бекітіліп, жеке тұлғалардың мүлкі бағалануы тиіс. Дегенмен, «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ өз базасындағы деректер бойынша ғана бағалау жүргізеді. Ескі тұрғын үйін бұзып жаңадан салғандар, жаңадан тұрғын үй салғандар түгендеусіз, бағаланбай қалып отыр. Бұл мүлік салығына тікелей әсер етеді. Аудан бюджеті екі мәрте шығынға кетеді. Мүлік салығына байланыс­ты тағы бір мәселе – кәсіпкерлік мақсаттағы мүлік құнын айқындау механизмі жоқ. Жеке кәсіпкер тәуелсіз кез келген бағалаушыға мүлкін бағалатады да, төмен құн көрсетіп болмашы салық төлейді. Бұл ретте аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жұмысын күшейтіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жүргізу керек.

– Кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін жеке­меншік және жалдау құқығымен табыстау үшін сауда-саттық жүргізу қағаз жүзінде атқарылып келген. Кемшіліктер орын ала берген соң, арнайы аппараттық мәжілістер ұйымдастырып, түгендеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Нәтижесінде облыста бірінші болып аудан көлеміндегі кәсіпкерлік мақсаттағы жерлердің барлығын электронды сауда-саттық алаңында өткізуге дайындық жасауды тапсырдым. Қазір алғашқы аукциондарға дайындық жасалуда. Осы жұмыстар арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеміз, әрі аудан бюджетіне қосымша қаржы түсіретін боламыз, – деді Р.Рүстемов.

Аудан әкімі бюджетті нақтылау процесінің де көп уақыт алатынын атап өтті. Тұрғындар көтерген өзекті мәселені шешу үшін бюджетті нақтылауға кемінде екі-үш ай уақыт керек. Қаржы бөлінген соң мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жарияланатын конкурс та екі айдан аса уақытты керек етеді. Тиісті рәсімдер үшін жалпы жиыны жарты жылға жуық уақыт кетеді.

– Сол уақыттарда тұрғындар рені­шін де білдіріп жатады. Сон­дықтан осы процестерді оңтайлан­дыру жөнінде Парламент депутат­тары, министрлер мен олардың орынбасарларына ұсынысымызды да айтып жатырмыз. Жыл соңына дейін салық базасын кеңейтудің кешенді жос­пары жасалып, барлық есептік көр­сет­кіштерді бір орталықтан бас­қарып отыратындай бағдарлама жасау қа­растырылуда, – деді аудан әкімі.

Ауданда негізгі салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп, өнеркәсіпте өсім байқалған. Шағын және орта кәсіпкерлік саны 5640-қа жетіп, былтырғыдан 16,9 процентке артқан. Бұдан бөлек, жыл басынан барлық қаржы көздерінен 423 жобаға 1 млрд 164 млн теңге  қаржы тартылды. Сондай-ақ, сауда саласында өсім байқалып, бөлшек сауда көлемі 2,1 млрд теңгеге жуықтап, оның ішінде көтерме сауда көлемі 12 есе артты.

Бүгінде ауданның өнеркәсіп саласы облыстың 11,5 процентін құрап, Қызылорда қаласынан кейінгі екінші орында болса, өңдеу өнеркәсібі облыстағы көлемнің 27,7 процентін құраған. Сонымен қатар, алдағы жылдары бірнеше инвестициялық жоба іске асырылады.

Атап айтқанда, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-ның қуаты жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы, «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-ның жылдық қуаты 1200 тонна полиметалл кенін өндіру және қайта өңдеу комбинатын салу жоспарланған. Мұнан бөлек «Жан-Арай» ЖШС жол бойы қызмет көр­сету кешенінің құрылысы жыл соңы­на дейін бас­талады. Тойхана, кафе, асхана, қонақ үй мен монша қарастырылған кешен жанында 1500 тонна көкөніс сақтайтын қойма, 50 гектар алма бағы мен оны сулан­дыруға арналған бассейн салынады.

Сондай-ақ, индустриялық-инно­вациялық дамы­ту­дың 2020-2025 жылдарға дейінгі мемле­кеттік бағдарламасы аясында респуб­ликалық индустрияландыру картасына «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның жылдық қуаты 4 млн тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы, өңірлік индустрияландыру картасына «Қуат керамзит» ЖШС-ның жылына 3 млн дана блок шығаруға қауқарлы керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару жобасы мен биыл іске қосылатын «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасы енгізілген.

– Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жалпы көлемі 6 млрд тең­гені құрады. Дегенмен, мал шаруа­шылығындағы өңдеу саласын дамыту керегін уақыт дәлелдеуде. Қазір біз мал басын көбейтіп, оны сатудан аса алмай отырмыз. Ендігі кезекте инвесторлар тарта отырып мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашуға мән беру қажет. Мал еті, сүті, терісі мен жүніне дейін өңдеуіміз керек. Бұл – өте ауыр және қомақты шаруа. Алайда оны ауданда жасайтын болсақ, біріншіден таза, арзан, сапалы өнім, екіншіден аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да күн тәртібінен түспейді, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Айта кетерлігі, ауданда күріш көлемі 1316 гектарға азайғанымен, егіс көлемі 449 гек­тарға артып, 36163 гектарды құраған. Себе­бі су тап­шылығына байланысты әртараптандыру жұмыстары жүр­гізіліп, күріш орнына бидай мен көкөніс егілген. Ауыл шаруашылығында ауқым­ды жұмыс жасалып жатқанымен, өзекті мәселе де жоқ емес. Мысалы, Жаңақорған – аймақтағы су тоспасы жоқ жалғыз аудан. Бүгінде су өткізу қабілеті төмен­деп, көп жылдан бері суландыру жүргізілмегендіктен, көл­дер жүйесі құрғап, аумақтың экологиялық ахуалы нашарлауда. Жайылымдық, шабындық жерлер қурап, мал суаттарының жойылуынан аурулар көбейіп, көлге қонатын құстар мекендерін ауыстырып, өңір ахуалы күрт нашарлады.

– Сырдария өзенінен су алатын «Келінтөбе» магистральды каналы 30 мың гектардан аса суармалы егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал азығын молынан дайындау және су тапшылығының алдын алу Көктөбе ауылдық округінің тұсынан салынатын су тоспасына байланысты болып отыр. Жоба ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің іс-шаралар жоспарына енгізілген. Тағы бір аяқсу көзі – «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдер жүйесін қазу, тазалау жұмыстарын жүргізу де өзекті мәселе. Бұл жоба Жаңақорған кенті мен 11 елді мекенді қамтиды. Толық жүзеге асқан кезде барлығы 8880 гектар суармалы жер аяқсумен қамтамасыз етіледі. Аталған мәселеден Парламент депутаттары да, Су ресурстары комитеті де хабардар. Қазір жобаға Су ресурстары комитеті іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуде, – деді Р.Рүстемов.

Аудан әкімі алдын алмаған жағдайда шиеленіс ошағын қалыптастыруы мүмкін тағы бір мәселені назарға алды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына республика бюджетінен 358,8 млн теңге бөлінген. Жоба ережесіне сәйкес «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтінім тоқтаусыз қабылданып жат­қандықтан, қаржы жетіспеушілігіне байланысты 83 қызмет алушы келесі жыл кезегіне қойылған. Бұл жағдай жыл бойы жалғаса беретін болса, кезектілікке қойылғандар саны еселеніп, қана­ғат­танбаған жағдайда жас мамандардың құзырлы органдарға жүгінуі көбейеді. Сондықтан сұранысқа ие мамандықтар тізбесін анықтап, әр салада нақты мекемеде, жұмыс орны мен нақты мамандық бойынша қажет, тапшы мамандар тізімін қалыптастыру керек. Сонымен қатар, жылдық жоспарға сәйкес бөлінген қаражат толық игерілген жағдайда электронды өтінім қабылдауды тоқтату тетігін де ескеру қажет.

– Сондай-ақ, құрылыс көлемі 1,7 млрд теңгеге жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Биыл 2,2 млрд теңге әлеуметтік нысандар құрылысы жүруде. Дегенмен, аудан орталығында жер кезегіне қатысты көптеген мәселе бар. Кезектің өсімі бойынша облыста Қызылорда қаласынан кейін екінші орындамыз. Бұл бағытта кент орталығынан берілген жер тізімі мен уақытын зерделеп, заңға сәйкес қолданылу мерзімі өтіп кеткен жер телімдері қайтарылып, кезекте тұрған басқа тұрғындарға берілетін болады. Келесі тоқсаннан бастап нәтижесін көреміз, – деді аудан әкімі.

Бүгінде ауданда электр бағаналары мен желілерінің 70 процентінің тозығы жеткен. Көбі өткен ғасырдың 1965-1970 жылдарынан бері келе жатқанын айтып, тұрғындар мен сала мамандары да дабыл қағуда. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін құны 3,4 млрд теңге болатын жоба дайындалып, алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында іске асырылмақ.

Әлеуметтік салада жыл басынан жұмыспен қам­ту орталығына 2767 адам хабарласса, 1527 адам жұ­мыс­қа орналастырылған. Бұдан бөлек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа республика бюджетінен 600 адамға 350 млн теңге қаржы қаралып, 294 адамға грант берілген.

– Мемлекеттік грантты алғандар келісім шартқа сәйкес 1 жылға дейін кәсіпкерлігін жаппайды. Алайда, 1 жылдан соң жауып тастауға құ­қылы. Сондықтан бизнес идея жыл өтпей жатып тоқтап, кәсіпкерлік жабылып, азаматтар қайта жұмыссыздар қатарын толықтырып жатқан жағдайлар кездесуде. Мемлекеттік грантты өз мақсатына сәйкес жұмсап, кәсіпкерлігін дамыту үшін шартты мерзімді 5 жылға ұзарту керек. Сонда ғана азамат кәсібін дамытуға мүдделі болар еді. Қазіргі жағдайда мемлекеттік гранттардың тиімділігі болып отыр. Жұмыспен қамту мәселесін алып қарайтын болсақ та жағдай көңіл көншітпейді, – деді Р.Рүстемов.

Аудан әкімінің айтуынша, азаматтар мемлекеттен бөлінетін қаржыға жұмыс жасауға үйреніп алған. Жұмыспен қамтудың көп бөлігі – уақытша жұмыс орындары саналатын жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмыс орындары.

– Жұмысшы іздеген кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы хабарламалар беріп, 90-100 мың теңге жалақыға жұмысшы таппай жатады. Азаматтар сол жұмыстарға барудың орнына 42500 теңге төленетін қоғамдық жұмысқа таласып жатыр. Мәселе өткен айда арнайы аппараттық мәжілісте қаралды. Тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіп ашу үшін мемлекеттік гранттар мен несиелер берудің көлеңкелі тұстарын анықтап жатырмыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екендігін айтып өткім келеді. Саладағы кемшіліктер саралануда, – деді Руслан Рүстемұлы.

Сонымен, бұл әдеттегі жетістіктер айтылып, өзекті мәселенің мәніне терең бойламай жататын жаттанды жиыннан өзгеше өрілді. Ұстаным дұрыс, елдің игілігіне бағытталған әрбір істен нәтиже болуы керек. Уақыт осыны талап етіп отыр. Ал, уақытқа және оның сұранысына ілесе алмау сылбыр тепең сүреңсіз тіршілік болып қала бермек.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<