Бағдарлама баяны

820

0

Қазалы ауданындағы тірек елді мекен  – Жанқожа батыр ауылында бірқатар мәселелер шешімін тапқан.  Түнгі жарықпен безендірілген асфальт көшелер, ұстаздары мен шәкірттері білім мен өнер сайыстарынан жүлдесіз қайтпайтын еңселі мектеп, ауласында саялы талдар мен жеміс ағаштары, әсем гүлдері жайқалған руханият ордасы – мәдениет үйі мен кітапхана, кейбір аудан ор­талығының тұрғындарына арман болған зәулім спорт кешені, айшығы күнмен жарқыраған келісті мешіт, жасыл желегі жан сарайыңды ашқан саябақ «шіркін, айтса айтқандай екен» дегізері даусыз.

Әрине, бұл суреттеуге қарап Жанқожа батыр ауыл­ын­да ешқандай пробле­ма жоқ деу артық шығар. Жұмыс­сыз­дық жайын,  басқа да  мәсе­ле­лерді несіне жасырамыз? Де­се де, алдағы уақытта ке­зең-кезеңімен шешілеріне үміт басым. Айтпақшы, тұрғын­дар­дың біршама жылдан бері алаң­датушылығын туында­тып, сағызша созылып келген ау­ыз су құбырын сервистік жүйеге қосудың алғышарты дайындал­ды.

Арықбалық ауылдық окру­гінде 1692 адам тұрады. Оның ішінде 39 жұмыссыз, 595 өзін-өзі жұмыспен қамты­ған адам бар. Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ла­масының екінші бағыты мен  «Бастау-Бизнес» жобасы ая­сында  стартап жаңа бизнес идея жобасы бойынша  қай­та­рымсыз несие иеленген 7 тұр­ғын мал шаруашылығын да­мыту мақсатында кәсіпкер­лігін бастаған. Тұрар  Мұста­фаев  қой өсіру үшін «Ауыл ша­руашылығын қолдау қоры»  арқылы  несие алды. «Қазалы-Несие» ЖШС арқылы «Орынтай» шаруа қожалығы 7 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы  «Аян»  шаруа қожалығы  6,8 млн теңге несиеге қол жеткізді. Ал «Қалнияз Жұмабек» шаруа қожалығы 7,5 млн теңге «Руслан» шаруа қожалығы  30 млн теңге несие алуға құжаттарын тапсырды дейді.

Ауыл тұрғындарының мұн­дай қаржыға қол жеткізуі – ұйым­дастырушылық жұмыс­тар­дың нәтижесі.

Жанқожа батыр ауылын­дағы жағымды жаңалықтар ле­гі мұнымен толастамайды. Ауыл орталығындағы Егізбай және Достық көшелеріне асфальт жол салу жұмыстары жүр­гізілуде. Нақты кезеңде қиыршық тас төселіп жатыр. Ақ шағыл құмға төселген қи­ыршық тас біршама уақытқа дейін шыдас беретіні сөзсіз. Толық аяқталғанда  ауылдың ажарына сән қосатын бұл ша­руаға жұмыссыз жүрген  ауыл­дың 15 тұрғыны жұмылғанын білгенде қатты қуандық. Тағы бір сүйсінерлігі, соңғы жыл­дардың өзінде ғана Жанқожа батыр ауылында 15 жаңа тұрғын үй бой көтерген.

Ауылдық мәдениет үйі­не «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде облыс­тық бюджеттен 12250 мың теңге қаржы қа­рас­тырылып, ағымдағы жөн­деу жұмыстарын   «ГД-2015» құ­рылыс компаниясы жүр­гізіпті.

Қаралған қаржыға ғима­рат­  шатырының 700 шаршы метрін ауыстыру, көрер­мендер залының еденін сыр­­лау, ғимарат бөл­ме­­лері­нің еденін жаңалау сынды бір­қатар шаруа тындырылыпты. Сах­налық қойылымдарға ар­нал­­ған прожектор орнатылып, жы­­лу жү­йесі де қайта жөнделіпті. Осылайша ауыл өнер­паз­дарына үлкен қамқорлық көр­се­тілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<