Бамбук өсірген бағбан

1035

0

Жаңақорғандық бағбан бамбук өсіреді дегенде алғашқыда таңғалғаным рас. Негізінен Сыр өңірі шөлейтті аймақ екені белгілі. Шыбық тіксең, шыға бермейтіні тағы бар. Әрбір тал-терекке ерекше күтім керек. Осындай аймақта бәрімізге таңсық бамбук ағашын кім өсіріп жатыр екен деп қызығушылық білдірдік.

Расында да, жергілікті бағбан Амантай Сарбасов бұл істі биыл қолға алыпты. Алғашқыда ол жайында нақты деректер жинақтаған. Жаһандық желіні шарлай отырып көптеген құнды мәліметтерге кезікті. Оны алу жолдарын қарастырды. Таныстары бамбук ағашының көшетін жеткізіп бергенде әуелі қалай болар екен деп ойланып қалғаны рас. Қашанда тәуе­кел іске білек сыбана кірісетін дағдысымен бұған да назар аударды.

– Алғашқыда өсіп кетуіне күмәнім болғаны рас. Оның себебі де жоқ емес. Негізінен ол тропиктік аймақтарда өседі. Біздің өңірдің климаты, ауа райы, топырағы оған сай келе ме? Күмәнім бекер болып шықты. Бамбук күннен-күнге бойын тіктеп, жасыл желегін жайқалта түсті. Қазір бойының ұзындығы 3 метрге жетті. Суда көбірек тұруы керек. Ол жағы қамысқа ұқсас. Ұзақ жылдан бері бағбандықпен айналысқандықтан, сан ­алуан өсімдіктерге тәжірибе жасағанды жаным қалайды, – дейді ол.

Жаһандық желі беттерін шолып шыққанымызда, бамбук өсімдігі жайлы көптеген қызықты мәліметті көзіміз шалды. Оның астық тұқымдасына жататын ағаш сабақты өсімдік екенін білдік. Бамбуктың 47 туысы, 200-ден астам түрі бар. Ол Австралия, Азия және Америка құрлықтарында кеңінен таралған.

– Оған ерекше күтім жасаған жоқпын. Өзі бірден-ақ бойын тіктеп кетті. Рас, біздің жеріміздің ауа райы қатал, топырағының да құнары төмен. Кейбір дақылдар мен өсімдіктерге арнайы жағдай жасалуы тиіс. «Бабын тапсаң жер жомарт» дейді ғой халқымыз. Менің бақшалығымда грек жаңғағы да өсіп тұр. Оған қоса миндаль, фундук жаңғағы да бар. Алманың 10 сортын өсіремін. Өріктің 4-5 сорты, жүзімнің де бірнеше сорты бақша сәнін келтіріп тұр. Ал гүлдің 12 түрі жайқала өскенде өзіңе ерекше сезім сыйлайды. Таңертең бақшама бас сұққанда сондай күйге бөленемін, – дейді бағбан.

Бүгінде бұл іспен баласы Өркен де (суретте) айналысып жүр. Ол «7KZ Сыр табиғаты» ЖШС-на жетекшілік жасайды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<