Бір үйдегі үш келін

1674

0

Жаңақорғандық Баян Муштаева бес ұлдың анасы. Жолдасы Нұралы Өмірбек екеуі балалары, келіндері, немерелерімен бір шаңырақ астында тату- тәтті өмір сүріп келеді. «Келін қызыңдай болмайды», «Ене мен келін бірге тұра алмайды» деген түсінік бұл отбасы үшін жат.

Баян өзі де 18 жасында ақ босаға аттаған. Бала келін енесінің әрбір шаруасын аңғарып жүріп, тіршіліктің көзін тапқан. Текемет ба­сып, алаша тоқуды  үйрен­ген. Енесімен бірге тұрып, отбасылық өмірдің қағи­да­ларын меңгеріп, ене мек­тебінен өткеннен кейін ен­ші алып, өз алдына отау тік­кен. Үй тіршілігімен қа­тар жолдасы мен баланың бабын тауып, шаңырағының жарасымын сақтаған.

– Отбасының берік, мық­ты болуы біріншіден әйел адамға байланысты. Біздің әулетте 7 келін бар. Бәріміз бір-бірімізді сыйлап, ағайын арасындағы татулықты үз­бей келеміз. Қазақта «Абы­сын тату болса, ас көп» деп бекер айтылмаған. Үлкені кішісіне ақыл айтып, жәр­демдесуден шаршаған емес­піз, – дейді ол.

Бүгінде Баян 3 келінді бір шаңырақ астында тәр­бие­леп отыр. Көпшілік жерде оны «үш келіннің енесі» деп таныстырып жатады. Бұ­лай айтудың да реті бар. Себебі, қазір ене мен келін арасындағы қарым-қатынас кәдімгідей күрделі мәселеге айналған. «Келін келін емес, келсап болды» дейтін ене­лер көбейді. Ал, енені мойындамайтын жастардың да өз уәжі бар. Қалай десек те, жаңадан отбасы болған жастарға ата-ананың берері мол. Өз арбасын өздері сүй­реп кеткенше бағыт-бағдар беріп, қолдағаны дұрыс. Сол себепті Баян келіндеріне енші беруді ойға алған емес. Балаларының өз алдына үй болуы үшін әлі де үйренері көп. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді үнемі айтып отырады.

– Келіндерім – көргенді жердің қыздары. Өздері жү­рек қалауымен бас қос­ты. Балаларым қатар үйлен­ді. Отбасына сіңісіп, ене мек­тебінен өтуі үшін  бірге тұрып келеміз. Келіндерім ағайын-туыстың жақындығын білуі керек. Бауырлардың да ара-қатынасы әйел адамға бай­ланысты. Сол себепті бір-біріне бауыр басып, адам­гершілік, қадір-қасиет ұғым­дарын кеңінен ұғынуы ма­ңызды, – дейді ол.

Баян келін тәрбиесіне кел­генде енесінің қолданған ұстанымдарын ескереді. «Ке­­ліні жақсы үйдің кере­гесі алтын» дегендей, ол бар білген-түйгенін үйретуде. Ке­ліндері де шаруаға епті. Қорада төрт түліктің бәрі бар. Сиыр, бие, түйе де сауады. Күбі пісіп, құрт-май алады. Қонақ күте бі­леді. Табақ жасап, жілік ажы­ратуды да үйренген.

Жарасымды отбасыны көп­шілік үлгі етіп айтады. Сүйсінеді. Жас шаңырақты осылай демесе, екіге айы­рылғандар саны азаяр бәл­кім.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<