Бірлескен істің берекесі

721

0

Жасыл желек – жан саясы. Біріншіден, экологиялық ахуалды жақсартса, екіншіден айналаға әсемдік сыйлайды. Адамның бойына күш-қуат береді.  Арал ауданында осындай жарқын істер жалғасын тауып келеді.

Экономиканың күре тамыры саналатын темір жол сала­сының мамандары қай кез­де де ел мүддесін бірінші ке­­зекке қояды. Қандай да бір қо­ғамдық бастамаларға қызу қолдау көрсетіп келеді. Соның бір айғағы –  сексеуілдік темір­жолшылар, яғни, «Қамқор ло­комотив» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің «Сек­сеуіл локомотив жөндеу» депо­­сының ұжымы кент орта­лығындағы №231 орта мектеп ауласына 600 түп үйеңкі талын егіп, көгал­дандыру ісіне үлесін қосты. Жас ұрпақты туған жерін сүюге баулып, адал қызмет етуге үйретіп, париоттық тәрбие беруде осындай шаралардың орны бөлек.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің кеңесшісі Бауыржан Махатов:

– Қоршаған ортаны көркейту-көгалдандыру – баршаның ортақ ісі. Бұл ретте қоғамдық маңызы бар жобаларға ұйтқы болып жүрген теміржолшылар еңбегін айрықша бағалаймыз. Соның ішін­де ауқымды бастамаларға қол­дау көрсетіп, оның орындалуына асқан сергектікпен қарай білген «Қамқор Менеджмент» ЖШС өкілдеріне алғысымыз шек­сіз, – деп ризашылығын білдірді.

Мұнан соң, «Сексеуіл локомотив жөндеу» депосының филиал директоры Мұхтар Кеулімжаев бірлескен істе береке болатынын, игі шараның әлі де жалғасын табатынын айтты.

– «Қамқор Менеджмент» компаниясы ұйымдастырған «Қамқор Park» акциясы – Қазақстан халқының тұрмыстық жағдайын және әл-ауқатын арттыру бағытында елімізде қолға алынған «жасыл экономикаға» көшу бастамасына қолдау. Бұл орайда мемлекет пен қоғамның негізгі бағыттарына үнемі қолдау көрсетіп отыратын «Қамқор Менеджмент» компаниясының бас директоры Диас Төлеутайұлының еңбегін  атап өткеніміз жөн. Компания басшысы дәстүрлі «Қамқор Park» акциясын ұйымдастыру арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, жұртшылықты салауаттылыққа үндеп, туған жер табиғатын жасыл желекпен көмкеруге ерекше көңіл бөліп отыр. Негізінен, бұл акция жыл сайын жалғасын тауып, келешек ұрпақтың экологиялық таза ортада өмір сүруіне көптеген мүмкіндіктер жасалмақ, – деді. Осы ретте «Қамқор Менеджмент» ЖШС тобы атынан №231 орта мектеп директорына «Тегін саябақ» сертификатын табыс етті.

Өз кезегінде мектеп директоры Серік Жұмалиев ұжымға артылған сенімді ақтауға, жас талдардың жайқалып өсуіне зор жауапкершілікпен жұмыс жасайтындықтарын айтты.


Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<