Егіндікте еңбек қызу

741

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданында болды.


Аймақ басшысы алдымен «Әйтек» су торабына аялдады. Был­тыр бұл нысанның 16,6 метр аумағы зақымданып, аудан әкімінің шешімімен объектілік ауқымдағы техногендік сипат­тағы төтенше жағдай жария­ланған болатын. Сол уақытта облыс қазынасынан қаржы бөлініп, 13 мың тонна тас төселіп, уақытша бекітілген. Облыс әкімі мән-жайға қанығып, тиісті басшыларға тапсырма берді.


– Су торабы 2004 жылы салынған. Жаз маусымында 700 текше метр, қыста 425 текше метрге дейін су өткізе алады. Сырдария, Жалағаш аудандары бойынша 3 каналға су жібереді. Нысанның жөндеу жұмысына көп қаражат қаралды. Былтыр облыстық бюджеттен 38 млн теңге қаралса, Үкіметтің резервінен 50 млн теңге бөлінді. Биыл 700 млн теңге су тоспасын қалпына келтіруге бағытталды. Табанына бетон құйып, қойтас төсейміз. Жыл сайын ақпанда бізде су мол болады. Соған дайын болу керек. Мұндағы барлық жұмыс жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Қазсушар» ШЖҚ РМК облыстық филиалы директоры Хамит Бейімбетов.


Облыс әкімі мұнан кейін Ақжарма ауылында болды. Елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 699 млн теңгенің жұмысы қолға алынған. Әсіресе, жол салу қызу жүргізілуде.


– Бағдарлама бойынша ауылда 4 көше жарықтандырылып, 9 көше орташа жөнделу үстінде. Тағы үш көшеге темір-бетонды лоток орна­тылуда. Қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл ауылда 2800 халық тұрады. Әлеумет­тік нысандар ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Ауылда 19,2 шақырым жол болса, соның 13,6 шақырымына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының себі тиюде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев.
Елді мекенде «Ақжарма 2» фермерлік қожалығының жұмысы жақсы жолға қойылған. Жақында іске қосылған күріш тазалау құрылғысы да серіктестікке жаңа серпін беріп отыр. Қожалық 2020-2023 жылдарға құны 370 млн теңгені құрайтын «Күріш тазалайтын зауыт құрылысы», «Пастерленген сүт өнімдерін шығаратын зауыт құрылысы», «Жылыжай мен бау-бақша сақтайтын қойма құрылысы» жобаларын іске қосуды жоспарға енгізген. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 56 млн теңге несие алып, Чехия мемлекетінен аппарат алдырып, күріш тазалайтын зауытты іске қосты. Аталған нысанға қосымша 10 адам жұмысқа алынған.


– Фермерлік қожалық тек күріш егумен айналыспайды. 10 гектар алма бағымыз бар. 3500 түп алма жайқалып тұр. Жоба құны 7 млн теңгені құрады. Қазір онда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алма, алмұрт жемістерімен қатар көкөністерді де өзіміз егеміз. Алма мен алмұрттан шығатын өнімдерді де жасауға кірістік. Болашақта да ойлаған мақсаттарымыз бен қолға алар жобаларымыз жетерлік, – дейді «Ақжарма 2» фермерлік қожалығының төрағасы Марат Бисенов.


«Шаған-Жер» серіктестігі де осалдық танытып тұрған жоқ. Облыс әкімі биыл 3 мың гектарға жуық күріш еккен шаруашылықтың егін алқабына барды. Ауылдың 350 адамы шаруашылықтан несібесін айырып отыр. Жаңа төраға Жеңісбек Сыздықовтың жаңалығы жоқ емес. Биыл 7,9 млн теңгеге 2 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұйыртса, қысқа дейін жылыжай жұмысын іске қоспақшы.


– Биыл еккен 200 гектар бидайдан тәуір өнім алдық. Оған қоса, 200 гектар жаңа жоңышқадан 100 тонна, 1000 гектар ескі жоңышқадан 2664 тонна малазықтық шөп жиналды. Негізгі дақыл – күрішті 2878 гектарға ектік. Бүгінде 505 гектар күріш орылып, оның 250 гектары бастырылды. Орташа өнім 52 центнерден келуде, – дейді серіктестік директоры.


Облыс басшысы Нағи Ілиясов ауылында да болды. Мұндағы «Мағжан и К» ЖШС астық тазалау қырманы назарға ұсынылды. Сағатына 5 мың тонна күріш тазалайды. Екі ауысыммен 40 адам жұмыс істейді.
– Биыл 5100 гектар жерге күріш ектік. «Лидер», «Янтарь» сорттарымен бірге өзіміздің «Сыр сұлуын» да септік. Қазірге дейін күріштің 64 проценті орылып, 52 проценті бастырылды. Былтыр осы уақытта гектарына 62 центнерден өнім айналса, қазір 66 центнерден келуде. Шаруашылық жұмысшыларының да көңілі көтеріңкі. Өйткені, меже артығымен орындалған сайын оларға сыйақы тағайындайтынымыз бар, – дейді серіктестік директоры Дархан Ерәлиев.
Арысбек Байназаров шаруа­шы­­­лықта сушы болып жұмыс істей­ді. Көпбалалы отбасының иесі. Мем­лекеттің қолдауымен мал шаруа­шылығы бағытында несие алған. Серіктестік те көпбалалы от­басыға қамқорлығын көресетіп тұрады.


– Көктемнен бастап шаруа­шы­лықтамын. Қыста мал бағамын. Қазір мал-жанға бала-шағам қарап отыр. Жағдайымыз жақсы, – дейді ол.


Облыс әкімі диқандармен дидарласып, шаруашылық жайына қанықты.


– Басты мәселе – жауын-шашынға қалдырмай егінді жинап алу. Қысқа дайындық қамы да қабат жүреді. Қазір аудан халқы егіннің 30 процентін жинап үлгеріпті. Бұл – жақсы, жоспар бойынша келеді. Қазан айының ортасына дейін толық бітіреміз деп отыр. Бұдан бөлек, «Әйтек» су торабының мәселесі бар. Оған бөлінген 700 млн теңгені тиімді пайдаланып, сапалы етіп қалпына келтіру керек. Тағы бір айта кетерлігі, аудандық аурухана жөнделуде. Осы нысанның ең алдымен жылу қазандығын реттеу керек. Пандемияның кезінде бұл – маңызды, – деді облыс басшысы.


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<