Еңбекші мүддесін қорғайтын меморандум

472

0

Сейсенбі және сәрсенбі күндері өңірдегі белді мұнай компанияларындағы еңбеккерлер мүддесін қорғауға арналған маңызды кездесулер өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен «Ақшабұлақ» кен орнына барып, жұмыс барысымен танысты. Өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 70 проценттен астамы мұнай өндіруге тиесілі десек, «Қазгермұнай» – мұнай шығару секторындағы ірі компаниялардың бірі.

Компания өткен жылы 1,4 млн тонна мұнай өндірген. Ұжымының лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы «Қазгермұнай» өз қызметінде едәуір жетістікке жетті. Республикалық «Парыз» байқауының «Ең үздік ұжымдық келісім-шарт», «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. «Ақшабұлақ» кен орны директорының орынбасары Бағдат Байділданың айтуынша, компанияда жұмысшы санын қысқарту жүргізілмеген.

– Кәсіпорын елімізде алғашқылардың бірі болып кен орындарын игеру кезінде еңбек өнімділігінің өсуіне, материалдық ресурстар мен күрделі шығындарды қысқартуға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағыттаған «ақылды» технологияларды енгізді. Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру басты назарда. Қазіргі таңда мұнда 731 адам жұмыс істейді. Мұнай өндіру көлемі қысқарғанымен, жұмыс көлемі азайған жоқ. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да үнемі бақылауда, – дейді Б.Байділда.

Сондай-ақ, кәсіпорын өңірімізді табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отыр. Үйлердегі жылу мен жарық, автомобиль көлігіне отын, өңірдегі кәсіпорындар мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін газбен жабдықтауда «ҚазГерМұнай»-дың айтарлықтай еңбегі бар.

Дегенмен, кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірісінің көлемі жылдан-жылға қысқарып келеді. Биыл да өндіру көлемі 3,5 млн тоннаға дейін қысқарады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 700 мың тоннаға төмен. Кен орнын аралаған аймақ басшысы бұл жағдай облыс тұрғындарына да елеулі әсер ететінін атап өтті.

– Қазіргі таңда мұнай-газ саласында 10 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Егер бізде облыс бойынша орташа отбасылық коэффициент 5-ке жуық екенін ескерсек, бұл бүгінде кемінде 55 мың адамның әл-ауқаты мұнай саласындағы жағдайға тікелей байланысты деген сөз. Оған қоса, бұл жағдай мұнай өндіруші компанияларға арнайы киім тігу, тамақпен қамтамасыз ету және басқа да сервистік қызмет көрсететін мекемелердің жағдайына да кері әсерін тигізеді. Біз үшін мұнай-газ секторы – халықты жұмыспен қамтып, табысын қамтамасыз ететін негізгі көздің бірі. Сондықтан, мемлекеттік органдар мен мұнай өндіруші компаниялар бірлесіп жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын белсенді жалғастыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Айта кетерлігі, бұл бағытта Үкімет қабылдаған Кешенді жоспар аясында геологиялық зерттеу жұмыстары жүруде. Былтыр басталған «Шу-Сарысу» шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары биыл аяқталады. Нәтижесінде келесі жылы жаңа кен орындарын барлау жеке компанияларға берілетін болады. Сондай-ақ, биыл «Арал» шөгінді бассейнінің батыс және шығыс бөліктеріне геологиялық зерттеу жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Жұмыстар 2024 жылы аяқталады.

Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы «Торғай-Палеозой» учаскесінде тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылауды жоспарлап отыр. Осы жұмыстардың нәтижесі облыс көлемінде мұнай саласында жұмыс орындарын сақтап қалуға, жұмыскерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, облыс басшысы «Қазгермұнай» кәсіпорнындағы еңбек ұжымымен де кездесті. Қазіргі таңда мұнай-газ секторындағы компанияларда жұмысшылардың жалақысын қысқартпау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету өте өзекті. Кейінгі уақытта қызметкерлердің еңбек шартының сақталуы, оларға әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу мәселелері қоғамда жиі көтеріліп келеді.

Осы және басқа да өзекті мәселелерді оңтайлы бағытта шешуді мақсат еткен жиында облыс әкімі кәсіпорындағы 200-ге жуық маманмен пікірлесті. Кез келген компания басшылығы жұмысшылар мәселесіне келгенде шиеленіске жол бермей, жұмыс орындарын қысқартпай, тұрақты түрде сақтап қалу үшін оңтайлы шешім қабылдауы қажет екенін алға тартты.

– Бүгін біз облыс әкімдігі, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға жиналып отырмыз. Басты мақсат – еңбек ұжымындағы әлеуметтік жағдай мен өндірістік процестердің тұрақтылығын, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды іске асыратын шараларды қабылдау. Осы ретте, облыстағы әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасап, жалақыны кезең-кезеңімен көбейтуде нақты шаралар қабылдауы тиіс. Біз түрлі ұжымдар арасындағы кез келген әлеуметтік мәселелерді орнықты түрде шешуіміз қажет. Бұл ретте кәсіпорын мен әкімдіктің мүддесі ортақ болуы керек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында компанияның бас директоры Лю Шаою және бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Әбдірахманов сөз алып, кәсіпорын тарапынан атқарылған негізгі жұмыстарды айтты. Өз кезегінде аймақ басшысы қызмет көрсететін кәсіпорындардың тарифін ұлғайту мәселесін көтеріп, әріптестерінен мүмкіндігіне қарай, мәселені тиімді шешу жолын қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, «Қазгермұнай» кәсіпорны кәсіподақ төрағасы Қажымұқан Сейілханұлы ұжым қызметкерлерінің мүдделерін қорғау және еңбек қатынастарына байланысты ойларын ортаға салды.

Кездесу аясында облыс әкімдігі мен компания бірлескен меморандумға қол қойды. Нәтижесінде бұдан былай компания кезең-кезеңімен жұмысшылардың еңбекақысын көбейтіп, тарифті көтеруге басымдық береді. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытының жалғасы ретінде «ҚазГерМұнай» кәсіпорны «Оқушылар сарайын» салып беруді өз міндетіне алды.

Айта кетейік, облыс әкімі мен компания басшылары арасындағы келіссөздер нәтижесінде аймақтағы 38 кәсіпорында 8 мыңнан аса жұмыскердің жалақысы 50 процентке дейін көбейді.

Бизнестің әлеуметтік  жауапкершілігі зор

Осыған дейін де мұнай-газ секторы қызметкерлері арасында еңбек шартының сақталуы, оларға әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу мәселелері қоғамда жиі көтерілген болатын. Түйткілді жағдайдың түйіні тарқатылды. Облыс әкімдігі мен мұнай-газ компанияларының бірлескен меморандумының кезекті қол қою рәсімі А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Мұнда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ұжымымен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы келісім-шартқа отырды.

Жиын барысында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Ян Миньюй компанияның атқарып жатқан жұмыстары жайлы хабардар етті. Өткен жылы «ПетроҚазақстан Инк» 1127 мың тонна, оның ішінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ 649 мың тонна мұнай өндірген. Өндірілген өнімнің 70 проценті ішкі нарыққа жөнелтілген. Кен орындарының азаюына қарамастан, компания алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда. Жаңа бұрғылау орындарын ашу үшін барлау жұмыстарына рұқсат алу, қорды молайту, бұрыннан бар бұрғылау аумақтарын кеңейту сынды тірліктер – алдағы күннің еншісіндегі шаруа.

–    Компанияда қазіргі таңда 1500-ге жуық адам болса, оның 84 проценті – ерлер. Қаржылық қиындықтарға қарамастан қызметкерлер қысқармады. Жыл сайын олардың еңбекақысын көтеру мәселесі жолға қойылып келеді. Биылғы сәуірден бастап мекеме жұмысшыларының айлығы 30%-ке өсті. Кейінгі 10 жыл ішінде қайырымдылық шарасына 10,5 млрд теңге бөлді. Өткен жылы 20 әлеуметтік жобаны іске асырды. Ірі жобалар ішінде Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы мен Жаңақорғандағы аз қамтылған отбасыларының балаларына арналған «Балдәурен» балабақшасы бар. Сондай-ақ, «Атамекен» ауылының балаларына қаржылай көмек беруді де жалғастырып келеді, – деді  акционерлік қоғам президенті.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжан Мұқашева кәсіподақ тарапынан еңбеккерлерге қандай көмек берілетінін атап өтті.  Айталық компаниядағы 1490 қызметкердің 1415-і кәсіподақ мүшелігіне кірген. Оның құрылымында 41 цехтық комитет бар.

– 2009 жылдан бастап ұжымдық шарттың 11-бабында қамтылған негізгі әлеуметтік пакет жаңа ұжымдық шарт жасаудың әрбір кезеңінде кеңейе бастады. 2019 жылғы 29 маусымдағы ұжымдық шарт 26 тармақты қамтиды. Мәселен, жұмыскерлердің  отбасы мүшелері де назардан тыс қалмайды. 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасына 40 АЕК, мүгедек баласы барларға әр балаға 100 АЕК-ке дейін, асыраушысынан айырылуына байланысты әр балаға 80 АЕК-ке дейін, студенттерге стипендия төлеу қарастырылған. Санаториялық-курорттық жолдамаларды сатып алу үшін компания 50 млн теңге мөлшерінде қаражат  бөліп тұрады, жолдама құнының 30%-ін жұмыскер төлейді. Ұжымдық шартта көзделген жеңілдіктер мен өтемақыдан бөлек, кен орны жұмыскерлерін жыл сайын «Манкент» санаторийіне оқуға жіберу туралы келісімге қол жеткізілді, ол жерде оқумен бірге денсаулықтарын сауықтыра алады. Бүгінде санаторийге жіберілетін  300-ге жуық жұмыскер қалды. Оларға демалысқа шыққан кезде көзделген төлемдерден басқа, жалақы мөлшеріне қарай сауықтыруға 400-ден 800 мың теңгеге дейін қосымша материалдық көмек төленеді, – деді ол.

Мұнайшылармен кездесуде облыс әкімі меморандумға қол қоюдағы мақсат – жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, қызметкерлердің жағдайын жасау екеніне тоқталды. Мемлекеттік органдар мен мұнай өндіруші компаниялар бірлесіп жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын  жалғастыру қажеттігін де атап өтті. Осы орайда Үкімет қабылдаған Кешенді жұмыстар аясында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жаңа кен орындарын барлау жеке компанияларға берілетінін айтты. Сонымен қатар биыл «Арал» шөгінді бассейнінің батыс және шығыс бөліктерін геологиялық зерттеу  жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін де тілге тиек етті. Бұл жұмыстар үш жылға жалғасады.

–    Осындай ауқымды істер облыс көлеміндегі мұнай саласында жұмыс орындарын сақтап қалуға, олардың табысын арттыруға зор мүмкіндік береді. Облыста әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасап, жалақыларын кезең-кезеңмен көбейту бойынша шаралар қабылдау қажет. Компаниялардың қызмет барысында туындаған мәселелерінің бірі – сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардың тарифін жоғарылату. Мүмкіндігіне қарай осы мәселені де оңтайлы шешу жолын қарастыру керек, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында облыс әкімдігі, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі  арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Бұл меморандум әлеуметтік еңбек жағдайын және  өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастыққа жетелейді.

Мұнай өндірушілердің мүддесі қорғалады

Облыс орталығындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы ұжымымен кездесті. Онда да еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мен өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Торғай-Петролеум» кәсіпорны – Қазақстанның мұнай шығару секторындағы ірі компаниялардың бірі. 2020 жылы аталған кәсіпорын мұнайдың 16,4%-ін, ал былтыр 36,2%-ін экспорттап, жалпы көлем 2,2 есеге ұлғайған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания тарапынан 318,9 мың тонна мұнай өндіріліп, компаниялардың ішіндегі үлесі 7,5%-ті құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,8 млрд теңгеге жетіп, мұнай компаниялары ішіндегі үлесі 7,7% болған.

Кездесуде облыс әкімі еңбекті қоғамның негізгі құндылығы ретінде дәріптеу керектігін, соған байланысты кәсіподаққа ерекше міндет жүктелетінін тілге тиек етті. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандум мақсаты – өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамту үшін шаралар қабылдау.

– Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жағдайын жақсарту және табысын арттыру басты назарда. Бұл тұрғыда «Торғай-Петролеум» компаниясы 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, кез келген мәселеде оңтайлы шешім қабылдауда. Осы орайда қоғамда орын алған шиеленіске жол бермей, дер кезінде шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң кәсіпорынның әлеуметтік міндеттемелерінің орындалу барысы туралы және осы күнге дейінгі атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтылды.

– «Торғай-Петролеум» компаниясы Сыр өңірінде 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 26 жыл ішінде кәсіпорын 40 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, облыстың әлеуметтік саласының дамуына үлес қосты. Компания үлесінің арқасында өңір экономикасына 250 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Қысқаша айтқанда, компания мұнай өндіру жағынан облыстағы жетекші кәсіпорындардың қатарында, – деді компанияның бас директоры Қайрат Арынғазиев.

«Торғай-Петролеум» компаниясы жоғарыда аталған жұмыстардан бөлек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, демеушілік, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Бүгінгі таңда компания аздаған қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан әлеуметтік қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және жұмыскерлердің табысын арттыруға ерекше назар аударатынын жеткізді.

Теміржолшылар табысын арттыру – басты назарда

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Батыс» филиалы – Қызылорда қосалқы бөлімінің еңбек ұжымымен кездесті.

Аймақ басшысы теміржол ел экономикасын алға сүйреуші негізгі күш екенін атап өтіп, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру басты назардағы мәселе екенін айтты.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Батыс» филиалы – Қызылорда қосалқы бөлімінің басшысы Батырхан Базарбаев кәсіпорынның әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, ұжымның кәсіподақ төрағасы Бауыржан Ахметов әлеуметтік міндеттемелерді орындау және қызметкерлердің мүдделерін қорғау, еңбек қатынастарына байланысты туындаған мәселелерді шешу барысы туралы айтты.

– 2021 жылы 8776 теміржолшы 533 млн теңгеден астам әртүрлі деңгейдегі көмекті пайдаланды. Ұжымдық келісім-шартпен қарастырылған мұндай көмектер биыл да өз дәрежесінде көрсетілуде. Меморандум – аймақ теміржолшыларының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қорғалуына берілген тағы бір мүмкіндік деп білеміз, – деді ұжымның кәсіподақ төрағасы Б.Ахметов.

Айта кетейік, Қызылорда жол бөлімшесі – Сыр өңірінде осыдан 117 жыл бұрын іргетасы қаланып, Қазақстан темір жолдарының қарқынды дамуына лайықты үлес қосып жүрген кәсіпорын. Мұнай-газ, металл, көмір, өнеркәсіптің өзге салаларындағы ірі компаниялардың жүктерін тасымалдауды қамтамасыз ететін кәсіпорын мемлекет қазынасына жыл сайын 1,2 млрд теңге көлемінде салық түсіріп, облыстың 5 мыңнан аса тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Кездесуде облыс әкімі саланы бүгінгі биік талаптарға сай, бәсекелестікке қабілетті ету басты мақсат екенін атап өтті.

– Әуежай секілді жолаушылар вокзалы да «қаланың қақпасы» іспеттес. Өйткені, сырттан келген қонағымыздың алғаш табаны тигеннен вокзалға қарап қаланы сынайтыны анық. Осыдан отыз шақты жыл бұрын вокзал сол кезеңге сай ғимаратымен ерекшеленсе, заман алға жылжыған сайын талаптар өзгеріп, жаңа ғимарат болуын қажет етеді. Бұл – теміржол вокзалын көз ілеспес шапшаңдықпен өзгеріп жатқан заманға сай жаңғыртып, жаңарту керек деген сөз, – деді облыс басшысы.

Сонымен теміржол саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен еңбек шарттарының сақталуы қарастырылған облыс әкімдігі, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Жиын соңында аймақ басшысы өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың тауарларын тасымалдауда, экспортқа өнімдер шығаруда кәсіпорынның атқаратын қызметінің маңызы зор екенін айтты.

Биболат Сәтжан,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<