Ішімдік сатылмайтын ауыл

1330

0

Жиделіарық – созыла біткен қарт Қаратаудың соңғы сілемдеріне тым жақын ауыл. Атакәсібі – мал  шаруашылығы. Уақ мал да, ірі қара да жеткілікті. Халықтың қосымша егін егетіні де бар.

Мыңнан астам халық тұра­тын Жиделіарықтың кө­шелері әлдеқашан жөн­делген сияқты.  Бойын­дағы самсай орналасқан бағаналарда түнгі жарықшамдар қойылған. Айт­пақшы,  былтыр су жаңа клуб соғылып, мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Мұнда екі жылдан бері қылмыс мүлде тіркелмеген. Тіпті, ұсақ құқықбұзушылық та болмапты. Ал ішімдік атаулыны дүкен сөресінен байқай алмайсыз.

– 2016 жылдан бері осында учаскелік полиция қызметіндемін. Жиделіарықта 150-ден астам отбасы, 1021 тұрғын болса, оның ­300-і  жасөспірім. Былтырғы есеп пен биылғы жылдың бес айын қоса алсақ, ауыл тұрғындары арасында ешқандай ұрлық та, төбелес те, ұсақ қылмыс та тіркелмеді. Менің қасымда ауыл ақсақалдары мен қоғамдық кеңес мүшелері сайлаған екі ауыл сақшысы бар. Әсіресе, түнде, мез­гілсіз уақытта жүрген жас­өспірімдердің тәртібін қа­да­ғалауда осы кісілердің маған көмегі көп, – дейді  полиция капитаны Тоқтарбай Дулатов.

Учаскелік полиция айт­қандай, арнайы кеңес сай­лаған сақшылар атқа мініп, ауыл көшелерін аралайды. Беталды жүрген адам не көлік байқалса, полицияға хабарлап, кейбір қылмыстың алдын алып та жатады.

– Өзім талай жылдан осы ауылда мал бақтым. Әлі де сол кәсіптің маңайындамын. Елдің үлкендері бірігіп, әр көшеден бір-бір адам сай­ладық. Ол көшенің тәртібін, таза­лығын үнемі қадағалап отырады. Мысалы, түн мез­гілінде жас балалар үйіне қайтпай жүрсе, өз басым қаттырақ ескертіп жіберемін. Ауыл балалары жақсы ғой, «айналайын, қайта ғой, үйіңе» десең, айтқаныңды тыңдай қояды, – дейді Жиделіарық ауылының тұрғыны Асылхан Сәденов.

Иә, Жиделіарықта тәртіп жап-жақсы. Бұзғандар болса, алдымен ақсақалдар кеңесіне салатыны бар. Сондай-ақ ауылда қызмет көрсететін екі дүкен ішімдік сатудан өздері бас тартқан. Үлкеннің сөзін үлгі тұтқан жиделіарықтық ағайынның бүгінгі тұрмысы шынымен де көңіл қуантып тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<