Комбинаттың бірінші кезеңі аяқталуға жақын

307

0

Арал ауданындағы Шөміш елді мекенінен 18 шақырым жерде кварц құмын өңдеуге арналған комбинат құрылысы салынуда. Кварц құмының мол қоры бар аймақтан жоба бастамашысы «Aral Quartz» ЖШС-на 4 гектар жер телімі берілген.

Жоба «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» аясында  өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Оның бірінші кезеңі бойынша салынған цех Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов комбинат құрылысы жүргізіліп жатқан аймаққа барып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Қазіргі таңда кварц құмын өңдеуге арналған  жер көлемі қоршалып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, цех жұмысына  қажетті құрылғылар жеткізіліп, орналастырылуда.

«Aral Quartz» ЖШС директоры М.Қадірбеков аудан басшысына цехтағы кварц топырағын өңдеу прецесі кезеңдерін түсіндіріп өтті. Мұнда кварц құмынан 4 түрлі сортты құрғақ құрылыс заттары өнідіріледі.

Жоба бойынша Шөміш елді мекенінде өнімдерді тиеп-түсіруге арналған темір жол краны орналастырылды. Алдағы уақытта  ауылдан құрылыс аймағына дейінгі аралықта автокөлік және темір жол желісі тартылады. Мұнан соң аудан әкімі жобаның екінші кезеңіне сәйкес цех қуаттылығын арттыру және өнім түрлерін көбейту мақсатында салынатын жаңа нысанның қазығын қақты. Жергілікті жерде бастау алып жатқан ірі жоба құрылысына сәттілік тіледі. Нысан құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Ал комбинат толық іске қосылғанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Комбинат жылына 120 000 тонна байытылған кварц концентратын шығаруға қауқарлы.

Елді мекен тұрғындары жаңа өндіріс орнының ашылуы мен жергілікті халықтың жұмыспен қамтылатынына қуанышты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<