Мұнай-газ қызметкерлері марапат биігінде

501

0

Сыр елі экономикасының серпінді дамуына аймақтағы мұнай-газ саласының үлкен үлесі бар. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала өкілдерін марапаттады.

– 1983 жылы «Құмкөл» кенішінің ашылуы Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркәсіптік аймаққа айналуының негізін қалады. Содан бергі уақытта Сыр мұнайы экономикамыздың дамуына зор үлесін қосып келеді, өңір экономикасының негізгі локомотиві болып саналады. Қазірдің өзінде игерілген кен орындарының көпшілігі өндірістің соңғы сатысына шығып, қалдық қорларын өндіру қиын болғанымен, мұнай-газ саласы аймақ экономикасын дамытуға үлкен үлесін қосып отыр.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында геология саласын дамытуға аса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Сондықтан жаңа перспективалы учаскелерді барлау мәселесі өзекті болып отыр. Ол біздің бағдарламаларда бар. Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен 3 шөгінді бассейнін геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте өңіріміздің мұнай өндіруші және барлаушы компаниялары да атсалысуы қажет. Кейбір компаниялар бұл жұмысқа қазірдің өзінде кірісіп кетті.

Бүгінде «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсін кеңейту жобасы аяқталу үстінде. Жоба толығымен іске асқанда Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді. Осыдан түскен кіріс арқылы еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға, тарифтерді қайта қарауға мүмкіндік туады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мұнай компаниялары былтырдан бастап COVID-19 індетімен күреске өзіндік үлес қосып, медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, мұнай компаниялары қызметкерлерінің 84 проценті екпе алғанын, әрі қарай да вакциналау жұмыстарын толықтай жалғастыру  қажеттігін атап өтті.

Мұнан кейін облыс әкімі мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерді Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Жиында сала ардагері Барлыбай Биманов мұнай-газ кешенінің аймақ экономикасының дамуына қосатын үлесі елеулі екенін айтты, еңбек озаттарының еңбегі ескерілетін мұндай шаралар қоғамды нығайтатынын жеткізді.

Мереке аясында марапатталған қызметкерлердің қатарында Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты ЖШС-ның машинисі Мұрат Көшкінбаев та бар. Жиырма жылға жуық осы салада қызмет еткен ол мұнай халықтың игілігіне айналғанын, мастерліктен басталған еңбек жолы табыс­ты болғанын айтты.

Шарадан соң облыс әкімі мамандардың зерттеуінше, кең даламызда әлі де мұнай қорлары бар екенін, сондықтан осы бағыттағы геологиялық зерттеу жұмыстары жақсы нәтиже беріп, мұнай компаниялары әрі қарай өркендей түссе, жаңадан жұмыс орындары құрылып, әрбір отбасының табысын еселейтінін атап өтті.

Айта кету керек, тәуелсіздіктің 30 жылында мұнай-газ кешені мемлекет экономикасының негізіне айналды. Еліміз 2020 жылдың рейтингі бойынша әлемдік мұнай қорында 11-орынға тұрақтаған. Бүгінде аймақта мұнай-газ кен орындарын игерумен 22 компания айналысады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<