Қазалыда егінге орақ түсті

981

0

Қазалыда егінге алғашқы орақ түсті. Диқанның жаз бойы төккен терінің өтеуін таразылайтын шақ келді.

Аудандағы ірі шаруа­шылық­тардың бірі – «РЗА-Агро» жауап­кершілігі шек­­­теулі серік­тестігінің Ү.Түктібаев ауы­­лындағы егін алқабына алғашқы орақ түсті. Танап басындағы басқосуда  ау­дандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің бас­шысы Нұрлан Аманбай көр­сеткіштер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Серіктестіктің бас агрономы Нұрлан Наурызбаев шаруашылықтың егін орағына дайындығы туралы айтты.

«Тоғызарқан» учас­кесін­де аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы, еңбек ардагері, Ү.Түктібаев ауы­лының тұрғыны Бағзалбай Қалышев диқандарға сәттілік тіледі.

«РЗА-Агро» ЖШС өн­діріске жаңа технологиялар енгізуге баса назар аударады. Бұл күні рәсімге қа­тысушылар  жер тегістейтін итальяндық «Мара» лазерлік агрегатының қарқынды жұмыс процесіне куә болды.

Осы жылы Қазалы ауданында 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы да­қылдары орна­лас­тырылған. Негізгі  дақыл – күрiш 6496 гектарды құрайды.

Әртараптандыру бағы­тына мән берудің нәти­жесінде жаздық бидай 140,  арпа 108, тары 4, сүр­лемдік жүгері дақылы 200 гектарға артық егілген. Биыл  картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі көлемі де артқан.

Мәселен, Сарыкөл ауыл­дық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы мен Ақжонадағы «Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығы картоп пен көкөніс, бақша дақылдарын егіп,  өз өнім­дерін өткізген. Жалпы ауданда күзгі шешуші маусымды ойдағыдай атқару шаралары қызу жүріп жатыр.

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<