Қазақстанның ғарыштық дәуірі қашан басталады?

426

0

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан Иран Ислам мемлекетінің «Хaйям» жepсерiгi ұшыpылды. Ресейдің «Союз-2-1б» зымыран-тасығышына ирандық жeрді қaшықтықтaн зoнттay жерсерігімен бірге 16 құрылғы орнатылған. Спутниктер тобы бар зымыран-тасығышы 9 тамызда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:52-де ұшырылды. Барлық ғарыш аппараттары мақсатты орбитаға шығарылды. Қызылорда облысына іссапармен келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин зымыранның ұшырылуына арнайы қатысты.

Зымыран 31-ші ұшыру алаңынан аттанды. Мұндай айтулы оқиғаны көзбен көруге шет елден көптеген турист келген. Министр ғарыш айлағынан кеменің ұшырылуын бақылауға келген оқушылармен де кездесті. Ғарыш кемесінің ұшырылуын көру және министрмен кездесу мүмкіндігі он бір қазақстандық оқушыға бұйырған. Олардың барлығы – техникалық ғылымдар бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.

Министрлікке техникалық дарынды балаларды «Байқоңыр» ғарыш айлағына саяхаттауға ынталандыру туралы ұсынысты Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин білдірген. Бастама қолдауға ие болып, балалар ғарыш кемесінің ұшырылғанын көріп қана қоймай, министр Бағдат Мусин, ғарышкер Айдын Айымбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртаймен кездесіп, әңгімелесті.

Оқушылармен кездесуде Бағдат Мусин инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының жаңа буынын тәрбиелеу қажетін атап өтті. Сондай-ақ мұндай іс-шараны дәстүрге айналдыруға тырысатынын жеткізіп, балалардың қолға алған істеріне табыс тіледі.

– Қазақстандық мектеп оқушылары физика, математика, IT, астрономия және астрофизика бойынша халықаралық олимпиадаларды қоса алғанда, олимпиадаларда жарқын және табысты өнер көрсетуде. Алдағы уақытта да қолға алған жобаларыңыз бойынша жетістікке жетуге тілектеспін. Ғарыш саласында да, басқа да салаларда Қазақстанның дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер. Қазіргі идеямыз 2030 жылға қарай жеңіл класты зымыран құрастыру болып отыр. Сол идеямызды жүзеге асыруға күш-жігерін салатын жастарға қош келдіңіздер дейміз, – деді министр.

Бағдат Мусин балалармен кездесу барысында ғарыш саласы ғана емес, барлық сала цифрландырумен тығыз байланыста екенін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің ғарыш саласын дамытуда жастардың күш-жігеріне сенім артты.

– Бір зымыран 9-12 қабатты үйдің биіктігіндей болады десек, оны аспанға ұшыру, ғарышқа жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан ғарыш саласы толыққанды ілгерілетуді талап етеді. Әлбетте, ол үшін мамандар қажет. Ол мамандар – қазіргі жастар, – деді Бағдат Мусин.

Биыл жаһандағы геосаяси шиеленіске байланысты Байқоңырдан ұшырылатын зымырандар саны азайды. Әлемде жағдай оңалмаса, Қазақстан мен Ресейдің ғарышты игеру бағытында қолға алған «Бәйтерек» жобасы екі-үш жылға дейін тұралап қалуы мүмкін. Себебі, бұл салада отандық маман тапшы. Оқушылармен жүздескен Бағдат Мусин жастарды осы бағытта білім алуға шақырды.

Ғарыш айлағынан кейін дарынды балалар «Бәйтерек» ғарыштық кәсіпорнының базасын аралап көрді. Бұл кәсіпорын Қазақстан Республикасына тиесілі. Мұнда оқушылар «Зенит» зымыран тасығышын құрастырып, сынақтан өткізетін алып кешенмен танысты. Кешендегі мамандар оқушыларға әрбір құрылғының атқарар қызметін егжей-тегжейлі түсіндірді.

1971 жылы пайдалануға берілген құрастыру және сынақтан өткізу кешенінде отандық ғалымдар «Союз-5» зымыранын құрастыруға кірісіп жатыр. Қазақстандық зымыран тасығыш «Бәйтерек» ұшу алаңынан 2025 жылы ұшырылмақ.

Балалар танымдық бағдарлама барысында тамаша әсерлерімен бөлісті. Алматы қаласынан келген 11-сынып оқушысы Камиля Жұмабаева «Жер және Ғарыш туралы ғылым» республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы. Оның айтуынша, ғарыш айлағына саяхаттың балалар үшін пайдасы зор.

– Бұл саяхат – жаңа жеңістерге, білімге, қазақстандық ғарыштық технологияларды, ең алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамытуға ынталандыру. Мен өзімнің ғылыми жобамда адамзаттың болашақта басқа ғаламшарда өмір сүруге мүмкіндіктерінің технология жақтарын көрсеткенмін. Тақырып маған өте қызықты. Бұл мүмкіндік маған болашақта осы саланы өз елімде дамытуға мотивация берді, – дейді Камиля.

Ал, Ақжол Ерланов бұған дейін ғарыштық зымырандарға тікелей қатысы бар, «Космос және жер» секциясы бойынша ұшу аппараттары туралы ғылыми жоба қорғап, жүлдегер атанған. Талантты оқушы зымыранның ұшу сәтін өз көзімен көргеніне қуанышты екенін айтады.

– Ғылыми жобамда ұшу құрылғылары туралы ғылыми жұмыс жүргіздім. Бүгін зымыранның әуеге көтерілу сәтін көріп, өз ісіме деген құлшынысым артып отыр. Тың ойлар жинақтадым. Дәл қазіргі сәтте алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен бүгін фильм көргендей әсер алдым, – дейді ол.

Ғарышты игерудегі отандық жобалармен танысу барысында оқушылар №45 ұшыру алаңына барып, оның үстіңгі және астыңғы бөліктерімен түгел танысып шықты. Бұл ұшыру алаңында алғашқы «Зенит» зымыраны сонау 1985 жылы көкке көтерілген. Ал, соңғысы 2017 жылдың желтоқсанында ұшырылыпты. Қазір бұл аумақ та Қазақстанның еншісіне беріліп, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс 2024 жылы аяқталады. Сол кезде Қазақстанның жаңа ғарыштық дәуірі басталады.

Балалар мұнда 6 қабатты тұрғын үйдің көлеміндегі жерасты жолымен өтіп, зымыранды ұшуға дайындайтын, алайда алдағы уақытта мұражайға кететін құрылғылармен танысты. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда «Бәйтерек» жобасы қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп бастаған. Алайда әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты нысанның пайдалануға берілу уақыты 2 жылға шегерілген. Алдағы уақытта нысандағы барлық технологиялар заманауи үлгіге көшетін болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

Байқоңыр

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<