Құрылыс материалдары өзімізде өндіріледі

268

0

Өткен жылы Қазалы ауданының 7 және Арал ауданының 6 ауылындағы барлық 14 мың тұрғынды қуанышқа бөлеген бір ерекше оқиға болды. Олардың көптен бергі тілегі орындалып, дарияның «Әлсейіт» учаскесіндегі көпір пайдалануға берілді. Жол қатынасындағы өзекті мәселе шешімін тапты. Осы орайда Әлсейіт көпірі құрылысына қатысты бір жайт біздің назарымызды аударғанын айта кетейік.

Жалпы ұзындығы 219, ені 12 метр болатын көпірді салу барысында жергілікті жерде шығарылған темір-бетон балкалар пайдаланылыпты. Дәлірек айтқанда, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын «LCI-MK» ЖШС-ның Қазалы филиалы көпірге арнап 9500 дана темір-бетон балкасын дайындап берген. Оны естіп, риза болып қалғанымызды жасырмаймыз. Олай дейтін себебіміз, мұндай нысандарға арналған темір-бетон конструкцияларын кез келген кәсіпорын шығара бермейді.

Білікті басшы Сәбит Өтегенов бас­қаратын бұл кәсіпорын – аудан эконо­мика­сының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан бизнес құрылымдарының бірі. Осыдан 40 жылдай бұрын, кеңес­тік кезеңде Қазалыда салынған темір-бетон бұйымдары мен конс­трукция­лар зауыты Батыс Қа­зақстан теміржол басқар­ма­сының құрамындағы «Жол­құрылысы» тресі қарамағында болды. 2005 жылы «МО-1» ЖШС-ның құрамында №2 Қа­залы бөлімшесі болып қайта құ­рылса, кейінірек «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалына айналды.

Кәсіпорын негізінен құры­лысқа қажетті материалдарды әзірлейді. Жыл­ма-жыл зауытқа тапсырыс берушілер көбеюде. С.Өтегеновтың айтуынша, өткен жылдан бастап автомобиль көпір құры­лысына қажетті ВТК-33У маркалы аралық құрылыс балкаларын құю технологиясы жолға қойылған. Ол үшін қосымша техникалар мен қондырғылар алынды. Қазіргі күндері мұндай конструкциялар Орал қаласындағы көпір құрылысына жөнелтіліп жатыр. Жалпы зауытта темір жолға, көпір құрылысына қажетті темір-бетон балкалары, құбыр­лары, жоғары кернеулі желіге арнал­ған ВЛ10кВ бағаналар, сондай-ақ көпқабатты үйлер құ­ры­лысына қажетті темір-бетон бұйымдарының 60 түрін өндіреді.

– Тапсырыс пен сұранысқа сәйкес жұмыс жүргізу қазіргі кезде заман талабы. Атыраудың ірі компаниялары­мен және жергілікті құрылыс мекемелерімен жұмыс істеп келеміз. Шикізатты Жаңа­қорған, Шиелі аудандары мен Ақтөбе қаласынан алдырамыз. Сапаны басты орынға қоямыз. 18, 21, 24, 33 метрлік балка шығаратын зауыт Қазақстанда санаулы, – дейді Сәбит Рахметұлы.

Зауыт 80-дей адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Олар­дың арасында 20-30 жылдық еңбек өтілі бар білікті мамандар аз емес. Өндіріс ісінің іркіліссіз жүруі үшін зауыттың жұмысшы-қызметкерлеріне бар жағдай жасалған. Олар арнайы жаздық және қыстық жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіледі. Күнделікті мөлшерге сәйкес зиянды цехтағы еңбеккерлерге сүт өнімдері беріледі. Жыл сайын 14 жасқа дейінгі балаларына Алматы қаласына «Маралсай» демалыс үйіне тегін жолдама дайындалады. Көзге түскен еңбек озаттары мен өз істерінің шеберлері атаулы күндері ескеріліп, марапатқа ұсынылады.

Зауыт директорының өзі алғаш еңбек жолын 22 жасында осы өндіріс орнында бастағанын айта кету керек. Ол Шымкент қаласындағы химия-технология институтында білім алып, инженер-құрылысшы мамандығын игерген. Ең әуелі зауытта ОТК шебері, кейін бетон құюшылар бригадирі, еңбек қорғау мен техникалық қауіпсіздік инженері, бас инженер қызметтерін атқарды. 2005 жылы №2 бөлімше болып қайта құрылған шақта бөлімшені басқарды. 2013 жылы мекеме атауы «LCI-MK» ЖШС-ның Қазалы филиа­лы болып өзертілгенде филиал басшысы лауазымына тағайындалды. Түрлі сатыдан өткен тәжірибелі басшының еңбектері еленіп, әр жылдары сый-сияпатқа бөленді.

«Құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер» дипломымен марапатталып, ІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясының жеңімпазы атанды. Облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табыс етілді. Ауданның құрылыс саласын дамытудағы жемісті еңбегі үшін Құрылыс және ком­муналдық шаруашылық агенттігінің Құр­мет грамотасына қол жеткізіп, «Құр­мет­ті құрылысшы» төсбелгісін омырауына тақты. Сондай-ақ «Сапа көшбасшысы» Құрмет грамотасымен марапатталды.

Өткен жылы кәсіпорын жалпы құны 1 млрд 150 млн теңге болатын 16113 текше метр көлемде өнім шығарса, биылғы 9 айда құны 850 млн теңгеден астам 15620 текше метр көлемдегі темір-бетон конструкцияларын дайындап үлгерді. Кәсіпорын қарайтын бас құрылым басқа өңірде орналасқанмен, барлық салықтар жергілікті мемлекеттік кіріс органдарына төленіп отырғанын атап өткен жөн.

Елімізде, өңірімізде құрылыс жұ­мыстары бәсеңдемек емес. Олай болса зауыттың да жұмысы жандана түсері сөзсіз. Бұл бірлігі жарасып, берекесі тасыған ұжымның болашағы зор екенін білдіреді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз