Тұрғын үйлерге таза су барады

1026

0

32 мың халқы бар Жаңақорған кентіне 194 шақырым су құбыры тартылуы тиіс. Одан бөлек, 5742 дана суесептегіш орнату жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» құрылысы жобасы іске асырылуда.

Біршама қиындықтарға кезіккен жұмыс жыл аяғына дейін бітуі тиіс.

– Бас мердігер мекеме – Қы­зылорда қаласынан «ҚАЗ құрылыс сервис» ЖШС.  Биыл құны 444 млн, 887 мың теңгеге келісім-шарт жасалып, 38 млн 119 мың теңге аванстық төлем жасалды. Жергілікті тұрғындар арасынан жұмысшылар мен техникасы бар азаматтар осы құрылысқа тартылуда. Біздің мақсат – бөлінген қаржыны жыл аяғына дейін игеріп, сапалы, таза суды тұрғын үйлерге кіргізіп беру,  – дейді  аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнолла Әшірбеков. 

Мамыр айы басталғаннан құрылыс жұмыстары бойынша мердігер 16 шақырым сервистік су  жүргізіпті. Бүгінде кенттегі Хорасан ата, Сыздық Ахметов, Оразбек Қашқынов, Раушан Әбенқожа, Аюпов, Қорған Тоғай, Шоқан Уәлиханов көшелері мен «Алтыкрант» ықшам ауданындағы үйлерге су құбыры тартылып біткен. Бөлім басшысының айтуынша, қазірдің өзінде 310 үйге ауызсу құбыры кіргізіліпті. Енді есептегіш құралдарын орнатып, су жіберуге дайындық жүруде.

Кентте «ҚАЗ құрылыс сервис» ЖШС-нан екі бригада жұмыс атқаруда. Бригада құрамы 20 адамнан, 6 экскаватормен жасақталған.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<