«Үздік механизатор»

817

0

Қазір диқандар үшін маңызды кезең. Алдағы міндет – піскен өнімді шашпай-  төкпей жинап алу. Осы орайда шаруа­шылықтар қызу жұмысқа кірісті. Алқап басында техника сақадай сай тұр. Ала жаздай төккен тердің ақталар сәті жақын.

Мақпалкөл ауылындағы «Ер – Әлі» шаруа қожалығы да егін жинау кезеңіне әзір. Жылда молынан өнім жинайтын шаруашылық биыл да үлкен межеден дәмелі. Батырхан Мекебаев – жас механизатор. Техниканың тілін жетік меңгерген. Комбайн айдайды.

Қолынан талай шаруа келетін Батырхан осыдан біршама уақыт бұрын Италия елінен келген маман­дардан дәріс алып, білімін жетілдірді. Онда заманауи құрылғыларды пайдалануды үйренді.  Осылай шетелден әкелген жаңа техникаларды да тез меңгерді. Соның бірі – лазерлік құрылғы. Бұл техника жерді теп-тегіс етіп шығады. Әсіресе, егін егу, жинап болғаннан кейінгі дайындық жұмыстарын мүлтіксіз атқарады.

– Егін жинауды бір аптадан соң бастаймыз. Қазір шаруашылықтағы соңғы дайындық жұмыстар пысықталуда. Техника толық жөндеуден өтті. Ауа райы қарасып тұрса, бәрі де ойдағыдай болмақ. Бұрын ескі техниканы жөндеп шаршайтынбыз. Қазір жаңа техника келді, – дейді ол.

Батырхан базбіреулер секілді қалаға қарманған жоқ. Несібесін ауылдан тауып жүр.

–  Оңай жерде нан жоқ. Жаз бойы егін алқабында жүреміз. Тынымсыз еңбектің арқасында өнімді молынан аламыз. Бір түйір дән далада қалмайды.  Мұнда қызметкерлер үшін жағдай жасалған. Айлығымыз уақытылы, – дейді жас механизатор.

Батырхан – ауданның «Үздік механизаторы». Ел несібесін еселеуге жасаған әрбір еңбегі мұнан былай да бағаланады деп білеміз.

Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<