ВЕТЕРИНАРИЯ: тұрақтылықты сақтау қашанда маңызды

901

0

Аймақта эпизоотиялық ахуал тұрақты. Оны сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттың 99,6%-і уақытылы жеткізілген. Бұл туралы  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов баяндады. Жиынға облыс әкімінің  орынбасары Бақыт Жаханов та қатысып, өңірдегі ветеринариялық эпизоотиялық іс-шаралардың атқарылу барысын сөз етті.

Басқарма басшысының ай­туынша, өңірде 57,2 мың бас ірі қара, 245,3 мың бас уақ мал, 16,5 мың жылқы, 8,1 мың түйе, 962 шошқа бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді. Ал облыс бойынша дерекқор жүйесінде 356,1 мың бас ірі қара, 809,3 мың бас уақ мал, 155,2 мың жылқы, 54,2 мың түйе, 2 мың шошқа тіркелген.

– Бұған дейін бәсекелес ортада болғандықтан, мал дәрі­герлері тек вакцина жұмыс­тарын жүргізіп келді. Ендігі жерде емдеу, залалсыздандыру бойынша ақылы қызмет көрсететін болады. Аймақта мамандар тапшылығы жоқ. Дегенмен, еңбекақыны уақытылы алмау мәселесі кездесті. Бұл да өз шешімін табуда. Қазіргі таңда күзгі мал қораларының механикалық тазалану және ауыл шаруашылығы жануар­ларын залалсыздандыру жұ­мыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстардың нәти­жесінде, өңірімізде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақ­талып отыр, – деді басқарма басшысы.

Жиында облыс әкімі мал ауруларының алдын алуға орай қажетті қаражат бөлінгенін айта келе, орынбасары мен басқарма басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында, екпелер мен емдеу шараларын уақытылы жүргізу, құс ауруының алдын алу, тиісті шараларды қабылдау мәселесі бар. Сонымен қатар, облыс әкімі ветеринариялық станциялардың сын көтер­мей­тінін айтып, талапқа сай жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік ұсыныс әзір­леуді тапсырды. Оған қоса ветеринар мамандардың жал­ақы мәселесін шешіп, жұмыста тұ­рақтылықты қамтамасыз ету керектігін ескертті.

Айта кетейік, басқарма та­рапынан типтік жобадағы мал қорымдарын салдыру мақ­сатында тиісті жұмыстар да ұйымдастырылуда. Бүгінгі кү­ні облыста  типтік жобадағы 83 мал қорымы бар. Биыл тағы 7 мал қорымы салынады. Оның 5-і Арал ауданында, 2-і Жалағаш ауданында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<