Жанын жақсылыққа қиған

376

0

Бұрынғы С.Киров, қазіргі әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің тарих факультетін тәмамдарда (1969 ж) ұстазым, профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің жетекшілігімен диплом жұмысын қорғадым. Тақырыбы Қазақстанның шетелдермен интернационалдық байланысы (1917-1937 жылдар) болғандықтан, Юлиус Фучиктің өмірі мен шығармашылығын зерттедім.

1903 жылы Прага қаласында өмірге келген ол 1943 жылы 8 қыркүйекте неміс басқыншыларының қолынан қырық жасында қаза тапты. 1958 жылы мамыр айында Халықаралық журналистік ұйымдарының  IV конгресінің (Бухарест) шешімімен неміс басқыншыларының қолынан түрмеде азапталып өлтірілген чех журналисі, антифашист Юлиус Фучиктің құрметіне 8 қыркүйек – Журналистердің Халықаралық ынтымақ күні болып белгіленді. Содан бері бұл дата әлем елдерінде атап өтіледі.

Ю.Фучик – қарапайым жұмысшы отбасында өмірге келіп, солардың жарқын болашағы үшін өмірінің соңына дейін күрескен қайраткер. Сол кездегі буржуазиялық Чехословакиядағы халыққа жасалған әділетсіздікке қарсы күрес оны 1921 жылы Коммунистік партия қатарына әкелді. «Творба» журналының, «Руде право», «Руди вечерник», «Гало Новини» газеттерінің редакторы бола жүріп, аталған баспаларды фашистік режимге, қоғамдағы саяси-әлеуметтік әділетсіздікті әшкерелеуге ұтымды пайдаланды. 

Ю.Фучик жаңа бағытқа бет алған Кеңес үкіметінің жанашыры болды. Екі рет (1930,1935 жж.) 20 айдан аса Кеңес Одағында болды. Алғаш рет Фрунзе қаласында 1925 жылы чехтар ұйымдастырған «Интергельпо» өндірістік копперациясының бес жылдығына Коммунистік «Руде пра­во» газетінің тілшісі әрі жұмысшылар делегациясын басқарып келді. Орта Азия республикаларының тарихи, саяси, әлеуметтік даму қарқынымен танысып, Қазақстанда басталған тарихи өзгерістерге ерекше көңіл бөлді. «Иіссу флаконы» («Флакон одеколона») атты очеркінде Ембі мұнай кеніштеріндегі құрылыс қарқынына қазақтармен бірге қуанышын білдірді. Ал «Қызылордалық комсомол қыз» («Комсомолка из Кызылорды») очеркінде қарапайым қазақ қызының  білімге талпынысын үлкен ша­бытпен суреттейді. Қызылордалық қарындасымыз әкесінің қарсылығына қарамастан Ташкентке кетіп, сауатын ашып білім алады. Кейін екі жыл Мәскеудің Шығыс халықтары институтында оқиды. Ол жақтың жауыны мен қара түтіні дала қызының денсаулығын нашарлатып, елге қайтуға мәжбүр болады. Ақтөбеде жаңадан ашылған совхозға өз қалауымен келіп, қызмет жасайды. Кейін туған жері Аралға келіп мәдени-ағарту жұмыстарының ұйытқысы болады.  Ю.Фучиктің очеркінде Арал теңізінің, Арал қаласының сол кездегі табиғи көріністері тамаша суреттелген.   

Оның шығармашылығына Түрксібте болған кезі әсер еткен. Бұл жайлы күнделігінде: «Қу мекен шөлді, құмды даланы, тауды жарып өтетін 1442 шақырымға созылған Сібір мен Семейді жалғастырған бұл темір жол – әлемдік магистраль! Осыларды біз бірінші рет көріп тұрмыз. Қуанышымызда шек жоқ» деп жазыпты.

«Правда Востока» (30 маусым 1930 жыл) газетіне берген сұх­батында Орта Азия республикаларында тарихи өзгерістерге әсіресе Қазақстандағы индустрия­ландыру қарқынына ерекше кө­ңіл бөліп, риясыз достық сезімін білдірген. «Руде право» газетінде жарық көрген (25 тамыз 1935 жыл)  «Чехтар Балқашқа келе жатыр» («Чехи едут на Балхаш») атты очеркінде қазақ даласында бой көтеретін мыс өндіретін үлкен зауытты салатын «Прибалхашстройға» көмекке чек мамандары келгенінен хабардар етеді.

Иә, Юлиус Фучик – халыққа жасалатын игі істердің жанашыры, тек рухани емес, тән қиындықтарын да көрген, оларды көтере білген, дегенінен қайтпайтын қайсар тұлға. Басқа Орта Азия республикаларында болып, алған әсерін,  репортаждарын «Сүйікті елде» («В стране любимой»), «Біздің ертеңіміз бүгін болған елде» («В стране, где наша завтра стало вчерашним днем») атты кітаптарына топтастырған.

Антифашистіктен қайтпаған қайсар Фучиктің атын әлемге паш еткен –  көптеген ұлт тіліне аударылған «Дар тұзағындағы репортаж» («Репортаж с петлей на шее») атты еңбегі. Шығарманың бізге жетуіне себеп болған оның жұбайы Густа Фучикова. 1945 жылдың мамыр айындағы гитлерлік Германияның жеңілісінен кейін Густа түрмеден шығысымен жұбайы жайлы мәліметтер іздестіре бастайды. 25 тамыз 1943 жылы өлім жазасына кесіліп, екі аптадан кейін 8 қыркүйекте үкімнің Берлинде орындалғанын біледі. Гестапоның Панкраце түрмесінде отырып, күнделік ретінде жазған еңбегінің сақталуына түрме надзерателі А.Колинский көмектесіпті. Әр жерге тығылған, әркімнің қолындағы парақтарды жинастырып, реттеп Ю.Фучиктің соңғы кітабын 1945 жылы қыркүйек айында оқырмандарына ұсынады. Сөйтіп күйеуіне адал махаббатын, оның саяси көзқарасының белсенді   қолдаушысы болғанын дәлелдейді.

Күнделік тек өзі емес түрмеде отырған фашизмге қарсы азаматтардың бастан өткен қиыншылықтарды, түрме қызметкерлерінің айуандық әрекеттерін бұлтартпас фактілермен әшкерелейді. Әйелі Густаға жазған соңғы хаттарының бірінде: «Ешқашан ұмытпа, саған осы хатты жеткізетін адам маған өмір сыйлады. Менің одан алып отырған қағаз бен қаламым өзіне деген алғашқы махаббатымдай толғандырады» деп жазыпты. Атын айтпаса да түрме надзерателі А.Колинскийді мегзеп отырғаны түсінікті. Еңбекті тебіреніп, түрме қызметкерлерінің айуандық әрекеттеріне тісіңді қайрап отырып оқитыныңызға кәміл сенемін. Құрметті оқырмандар, Ю.Фучиктің соңғы еңбегін оқып шығуды ұмытпассыздар. (орысша нұсқасы. Ю.Фучик. Избранное.Кн.1-М: «Политиздат»,1983. 305-409 беттер).

Студент кезімізде Ю.Фучиктің жерлесі, чех, одан бұрын Қырғызстанға келген, кейін Алматыда тұрған Р.Маречекпен кездесу жасадық. Ол бізге досының Орта Азия халықтарына жасаған ерен еңбегін тізбектеп айтып, Қырғызстанда оның есімі көше мен гүлзар бақтарға берілгенін, қырғыз жастарының ұсынысымен Теріскей Алатоо жотасынан 4010 метр биіктіктегі шыңға «Люди, я любил Вас! Будьте бдительны» деген сөзімен вымпел қойылғанын айтты. Бұл – Ю.Фучиктің соңғы еңбегінің соңғы сөзі. Қырғыз жастары жыл сайын оның қайтыс болған күнін еске алу үшін осы шыңның басына альпинистік экспедиция жасайтынын да айтты. Бұларды айтып отырғаным қаны бөлек болса да, жан жүрегі қазақтармен бір болған журналисті мәңгі есте қалдыру үшін  біз не жасадық? «Жастарымыз бен журналистеріміз осы ұсынысымызға не айтар екен?» деген сауалмен ойымды аяқтаймын.  

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<