Жақсының жолы үзілмейді

219

0

1943 жылы Тереңөзек ауданының Калинин атындағы мектебінде оныншы класс оқып жүрген Әлібек Қайымовқа әскерге шақырту қағазы келді. Бұл суық хабар анасы Мәуенің бойын қарып өтті. «Әлібегім әлі буыны қатпаған бала ғой, соғысы несі?..» – деп көзіне жас келіп, бүгіліп қалды.

«Балаңның ер жетіп, Отан қор­ғауға жараған батыр болғанына қуанбайсың ба?», – деді отағасы Қайым.  Осы бір оқиғада үлкен өмір сабағы жатыр. Жүрегі қанжылаған қайран ана мен ұлының жігерін жаныған әкенің рухты сөзі тіні үзілмеген бір ғұмырдың өзегіндей.

Ермінезділік пен ел алдындағы парызын жасынан бойына тоқыған Әлібек соғыста да алдыңғы сапта болды.

Осы жылы Кеңес одағының Сталинград, Курск майдандарында ең сұрапыл соғыс жүрді. Жүз мыңдаған адамның өмірі кескілескен ұрыстардың өрт жалынын жұтты. Вермахттың бет қарат­пайтын «Пантера», «Тигр» деген танктері,  «Фокке-вульф», «Хеншель» атты көз ілеспес ұшақтары жердің астын үстіне шығарды. Ажал от сепкен мұндай сұмдықты көріп, бастан кешу бы­лай тұрсын, естіп білудің өзі ауыр. Ал Әлібек сынды ерлер сол алапат отты жанын төсеп сөндірді. 

Майдан жорығын Сталин­градты қорғау бағытында құрыл­ған 436-полктен бастаған жас жауынгер пулеметшілер ротасын­да соғысты. Азу тісін қайрап келіп қалған талай жауды жаһаннамға аттандырды. Әкесінің рухты сөзі әрқашан алға жетеледі.

Оқ адам таңдамайды, батыр да бір оқтық. Сондықтан Әлібек жан сауғалауды ойлаған жоқ. Басын қолымен қорғалап окоптан шыға алмай жатқандарды да көрді. Қол қалқан бола ма, сәлден соң сорлы ажалдың алдына түсіп кете баратын. Ал Әлібек болса өзін оқ­қа қарсы салды.

Жауынгер Қайымовтың осындай ержүректілігін көрген командирлер оны таңдаулылар қатарына қосып, әуелі сержант, сосын кіші лейтенант шеніне көтерді. Өйткені, ол жауынгерлерді шабуылға бастай біледі, жігерлендіреді. Себебі, өзінің ерік-жігері мықты, жауының көзіне тура қарай алады. Та­лай мәрте тас қалпақ киген неміспен бетпе-бет келіп, жер жастандырды.

Соғыс деген сөзбен сипаттап беретін бір оқиға емес. Анасы айтқандай, «буыны қатпаған» бозбала кезінде әскерге аттанған Әлібек қанша арпалыстың куәсі болып, мыңдаған шақырым жолдарды қару асынып, жаяу жүріп өтті. Бұл күндердің азабын басынан кешкен жанның өзі ғана сезіне алады.

Соғыста жүргенде бір күні қарындасынан хат алды. Онда інісі Сәдібектің де соғысқа алынғаны айтылыпты. Уайымға салынуды білмейтін жүрегі сонда дір етті. Бауырдың жайы бір басқа, қос ұлын қайтуға билеті алынбаған пойызға мінгізіп жіберіп, жаулығының ұшы­мен көз жасын сүртіп отырған шешесінің күйін көзге елестетті. Ал әкесі өжеттілік пен өрлікке тәрбиелеген ұлдарының жеңіспен оралатынына сенеді.

1945 жылы кіші лейтенант Қайымов жасақталған жаңа полк құрамында Жапония соғысына аттанды. Жеңістен соң елге ораламын деп кеудесі қуанышқа толып тұрған жастардың тағы бір соғысқа жол тартуы қандай қиын еді.

Қиыр шығыс пен Тынық мұхитта өз үстемдігін жүргізіп, соғысты өршіте түскен жапондар жетекші елдердің Подстам келісімін қабылдамады. Сондықтан оның КСРО-ға да қаупі күшті болды. Сөйтіп, Германияны жеңген Кеңестер Жапонияға жорық ашты. Осы соғыста Кеңестер жеңіп, жапондар 1905 жылғы соғыста орыстан алып қойған Сахалин, Куриль аралдарын материалдық шығын есебінде қайтып беріп, атақты Квантун армиясы бас сауғалап кетті.

Хабарлы сөйлемдермен айтыла салған бұл соғыстың да сұрапылы сұмдық, Әлібек сол отты белден кешті. Темір етігі тебендей болғанша тау-тас кезген жауынгерлердің азабы таңғажайып оқиғалардан тұрады. Жапондарда камикадзе диверсанттары деп аталатын бөлімдер болды. Олар өздерін кез келген жерде жарып жіберетін «тірі миналар» еді. Жапондар осы ісімен қызыл әскерлердің зәресін аламыз десті. Бірақ кеңес адамдарының рухы олардан да күшті болып шықты. Қайым әке секілді әр азамат баласын соғысқа «сен батырсың» деп аттандырып жіберген болса, олар минадан қаймықсын ба? Сол жапон жан­кештілері кеңес әскерлерін өліммен қорқыта алмады.  

Екі соғыстың ері кеудесіне «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан со­ғысы», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін,  «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарын тағып, 1950 жылы абыроймен елге оралды. Оған дейін майдан жорықтарының бәрінде ержүректілік үлгісін танытқан Қайымовты шенді басшылар Владивостокта әскери қызметте қалдырған еді.

Жеңіс жауынгері бейбіт өмірге еніп, Бибайша Досжановамен бас қосты. Тыныштық сақшылығындағы қызметін Тереңөзек аудандық прокурату­расында хатшылықтан бастады. Сол кездері ол Сталинабадтағы бір жылдық милиция мектебінде оқып, онан соң Кишеневтағы алты айлық курстан өткен. Кейін, 1963 жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумын оқып, ауыл шаруашылығының техник-механигі деген мамандық алып шықты.

Соғыс көрген солдат бейбіт күнгі милиция сапындағы өмірде де өжеттікпен, өз ісіне берілген адалдықпен еңбек етті. Қазалы, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарды.       

Өмірлік жары Бибайша екеуі ауыл-аймаққа, ағайынға сыйлы болып, Бақыт, Сайлау, Әубәкір, Қайрат, Орынбасар атты бес ұлды тәрбиелеп, қатарға қосты.

Бибайшаның атасы Досжан балуан кісі екен. Ол кісіге қатысты бір оқиға бар. Соғыстан кейінгі жылдары цирк, күрес, акробатика өнерін көрсетіп, ақша табатындар ауыл-ауыл, жер-жерді аралайтын. Сөйтіп, Тереңөзекке келген бір топтан сарт балуан шығып,  ұстағанының бәрін аяғын аспаннан келтіріп жығады. Бұған шыдамаған Досжан ортаға шығып, сартты сарт еткізіп алып ұрады. Сонда бір кісі: «Тусаң ту, жауырының қақпақтай екен, сарттың сазайын бердің», – депті таңдайын тақ еткізіп.

Әлгінің сұғы өтсе керек, сол жатқаннан Досжан сегіз жыл төсек тартқан. Демеп тұрғызады, айналасын қымтап отырғызады, әбден азап көрген. Бір күні түсінде аталары аян беріп: «Тұр орныңнан, жатысың қанды», – депті. Содан тәлтіректеп тұрып, аяғын басып кеткен. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ, бұл болған жағдай. Сол кезде Досжан әке қырық жастың шамасындағы жігіт екен.

Осындай әулиелер мен балуандардың тұқымынан шыққан Бибайша қазаны оттан түспеген әулетіне қадірлі ана еді.

Бүгінде соғыс және еңбек ар­дагері Әлібек Қайымов пен Бибайша анадан тараған ұрпақ та бір қауым ел болды. Ұлдардың үлкені Бақыт көп жыл полиграфия саласында қызмет жасап, адал еңбегімен, ата-анадан сіңген жақсы қасиеттерімен тума-бауыр, дос-жаранның сыйлысына айналды.

«Ұрпағыңмен мың жаса» дейді қазақ, сол ұрпақтың ішінен Әлібек әкеміздің жолын қуған талай жақсының шығатыны кәміл.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<