Жер учаскелерін рәсімдеуде жаңалық көп

936

0

Мемлекет тарапынан қабылданып, үлкен мән беріліп отырған бағдарламалардың бірі – «Цифрлы Қазақстан». Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технология мен ақпараттандыру ғасырында цифрландыру бағдарламасы – уақыт талабынан туындап отырған дүние. Ол түрлі салаға дендеп еніп жатыр. Кезек жер қатынастары саласына жеткен тәрізді.

Жер қатынастары – еліміздегі күрделі салалардың бірі. Халықтың оған деген көзқарасы да әралуан. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі электрондық форматта жер беру бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлаған. Министрлік мамандары атап өткеніндей, Жер комиссиясы алынып тасталады, қағазсыз қыз­мет көрсету енгізіліп, жер учаскелерін беруді коммуналдық қызметтермен келісу рәсімі автоматтандырылатын болады.

Бұл бағыттағы жұмыстардың қалай орындалып жатқанын білу мақсатында облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Әзиз Қабылбаевқа хабарластық. Басқарма өкілі Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер қатынастары саласын цифрландыру және одан әрі дамыту мәселелері, Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Осы өзгерістер нәти­жесінде жер саласындағы бюрократиялық рәсімдерді болдырмау, жер беру рәсімдерін біріздендіру, қағазсыз қызмет көрсету, жер рәсімдеудің барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз ету және жер беруді автоматтандыру, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мәселелері қамтылады. Өткен жылдың 1 қазанында Ауыл шаруашылығы министрінің «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» №301 бұйрығы қабылданып, 30 қазан күні қолданысқа енгізілген.

Аталған бұйрыққа сәйкес, енді жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштерді қабылдау мен мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру тек «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталында жүргізіледі. Бөлім басшысы веб-портал арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін де атап өтті. Олар – «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру», «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру», «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру», «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу», «Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру» секілді қызметтер.

Кез келген тұлға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы үйде отырып тиісті ауылдың, кенттің, қаланың, облыстың әкімдігіне жер учаскесін рәсімдеуге өтініш беруге болады. Алайда, тиісті өтінішті жоғарыда аталған бұйрық талаптарына сәйкестендіріп жолдау қажет. Басқарма өкілі жаңа өзгерістерге сай қызметтер цифрландырылып қана қоймай мерзімдері айтарлықтай қысқаратынына назар аударды. Атап айтқанда, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру 30 күнтізбелік күннен 13 жұмыс күніне, жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту 7 жұмыс күнінен 4 жұмыс күніне және сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу 30 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне қысқартылған.

Құжаттар алудың мерзімін қысқарту, қызмет алуды халыққа ыңғайлы ету үшін алдағы уақытта да кезең-кезеңімен тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

– Осыдан 10-15 жыл бұрын белгілі бір мақсатқа жер учаскесін рәсімдеу үшін айлап-жылдап уақытым кетті дейтін азаматтар көптеп кездесетін. Қазір қызмет көрсету және өтініштің қаралу мерзімдері едәуір қысқартылды, – дейді А.Қабылбаев. Дегенмен азаматтар тарапынан ҚР заңнамаларына енгізілген өзгерістерге қызығушылық жоқтығынан өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға жолданбайды.

Қызмет алушы ауылдық округ әкімі көрсететін қызметті алу үшін өтінішті кент немесе аудан әкіміне болмаса аудан немесе қала әкімдері көрсететін қызметті алу үшін өтінішті облыс әкімдігіне жолдап жібереді.

Мысалы: меншік иесі Қызылорда қаласында орналасқан белгілі бір жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді сұрап Қызылорда қаласы әкімінің атына e-gov веб-порталы арқылы өтініш жолдауы қажет. Алайда, ол бұл өтінішін облыс әкімінің атына жібереді. Мұндайда құзыретіне кірмейтіндіктен, қызмет көрсетуден бас тартылады. Ал меншік иесі бұл іс-әрекеттен бейхабар. Осы аралықта меншік иесі уақытын жоғалтып, қызмет көрсетуден бас тартылғаны туралы хабар алады.

Мұндай түсініспеушіліктерді болдырмау және алдын алу жолы бар. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жоғарыда аталған бұйрықпен бекітілген қағидаларға сәйкес тиісті әкімдікке (облыс, қала, аудан) немесе облыстық жер қатынастары басқармасы, аудандық/қалалық жер қатынастары бөлімдеріне бекітілген үлгіге сәйкес өтініш беруі қажет. Тиісті түсіндірмелер, блок-схемалар туралы ақпараттар облыстық жер қатынастары басқармасының сайтында.

Қызмет алушы тиісті өтінімдерді заңнама талаптарына сәйкес жолдаған жағдайда сапалы қызмет көрсетіледі

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<