Жол картасының игілігі мол

530

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде халықты еңбекпен қамтуды көздейтін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасау.

Облыстық жұмыспен қам­­туды үйлестіру және әлеу­­меттік бағдарламалар бас­­­қар­масының мәліметіне сүйенсек, бағдарлама аясында аймақта 276 инфра­құрылымдық жобаны орындау үшін 39,5 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаражат әлеуметтік-мәдени, ком­муналдық, инженерлік-көлік­тік нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу­ге, елді мекендерді абат­тан­дыруға бағытталып отыр.

Бағдарлама шеңберінде, мысалы, биыл Қазалыда құны 3 млрд 11 млн теңгеден жоғары 42 жоба іске асырылуда. Аудан әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарасақ, жөндеу жұмыстарымен Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназия, Қазалы қаласындағы «Шағала» лагері қамтылды. 1967 жылы пансионат ретінде бой көтеріп, кейін мектепке айналған нысан 1996 жылдан бері ешқандай жөндеу көр­ме­ген. Жол картасының арқа­сын­да есік-терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі тү­гел ауыстырылды. Осылайша ғимарат өзгеше кейіпке енбек.

Бағдарламаға сәйкес Арал ауданындағы индустриалды-техникалық колледж ғи­мараты да бастан-аяқ жөн­делуде. Екіқабатты нысан жұмысына жергілікті тұр­ғындар тартыл­ған. Ал облыс орталығында 263 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 255 ша­қы­рым автомобиль жолы мен көше, көпірлер жөндеуден өт­кізілуде. Аталған шаралар бойынша 2639 адам жұмыспен қамтылған.

Жалпы, өңірде жұмыспен қамтудың жол картасы орын­далған соң жаңа ны­сандардың құрылысы ар­қылы 452 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 275 жоба аясында межелі тірлік басталып, 9714 жұмыс орны ашылды. Орташа еңбекақы 88 мың теңгеден жоғары.

Бағдарламаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Олар – апатты және үш ауысымды мектептер санын азайту, өңірлерді газдандыру, сапалы жергілікті жолдар салу, инженерлік-ком­муникациялық инфра­құ­рылымды жаңғырту, сон­­дай-ақ таза ауызсумен қам­­тама­сыз ету бағытындағы шаруалар.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»