Жылу маусымы: Тариф төмендеді, құбырлар жаңаруда

415

0

Қызылордада жылу тарифі төмендеді. Былтырғы жылу маусымында қаланың көпқабатты үйлер тұрғындары әр шаршы метр үшін 91,37 теңге төлеп келсе, биыл қыркүйек айынан бастап 83,79 теңге уақытша өтемдік тариф бекітілді. Алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарының деңгейі сынақтан өтетін уақыт та таяу. Сондықтан мамандар қаланы жылумен қамтамасыз ететін нысандарда пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Қазір жауапты науқанға әзірлік аяқталуға жақын. Қазандықтар, магистральді және кварталішілік желілер жаңғыртылды. Бұл ескірген желілердің үлесін азайтуға мүмкіндік берді.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің мұнан өзге де жасап жатқан жұмыстары жетерлік. Кәсіпорынның активтерін жаңалау, қайта жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру мақсатында 2015-2020 жылдарға жалпы сомасы 8 млрд 619,4 млн теңгеге инвестициялық бағдар­лама бекітілген. Ол бойынша жаңғыртылған нысандарға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің бастамасымен баспасөз туры өткізілді.

Журналистер департамент өкілдерімен бірге қаладағы жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарын көрді. Мұнан соң оңтүстік бу қазандығының жылу маусымына дайындығымен танысты. Қаланың 25 процентін жылумен қамтамасыз ететін нысандағы 7 қазандықтың 4-уі былтыр күрделі жөндеуден өткен.

Инвестициялық бағдарлама аясында өткен жылы 1 млрд 382,408 млн теңгеге іс-шаралар орындалған. Оның ішінде 7,9 шақырым кварталаралық жылу жүйелерін жөндеу, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ұзындығы 1,4 шақырым магистральді жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген.

Инвестициялық бағдарламада көзделген шараларды іске асыру нәти­жесі қазандықтар мен жабдықтардың сенімділігін, тиімділігін, жылу алмасуын жақсартып, тозығы жеткен жылу жүйелерін 41,5-тен 40,5 процентке төмендеткен.

– Жаңа құбырлардың ең басты артық­шылығы — жылу ысырап­шылдығын 14,1-ден 13,87 процентке төмендетіп, барынша бір температураны ұстап тұруында. Себебі, барлық салынған құбырлардың сырты пенопласт тектес өніммен қапталған. Әдетте бұл өнімді құрылыс нысандарында жылуды іште сақтап тұру үшін қолданады. Өз кезегінде бұл құбырлар жылу жүйелерінің тозуын 42 проценттен 41,5%-ке, ал өндірістік жабдықтардың тозуын 43 проценттен 42,3%-ке төмендетпек, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғалым Толыбеков.

Десе де, барлық аумақтың жөндеу жұмысына едәуір қаражат қажет. Қазіргі уақытта кәсіпорын станцияны алдағы жылыту маусымына дайындау, экономикалық даму, техникалық қайта жарақтандыру және реконструкциялау бойынша бірқатар іс-шараларды орындады. Биыл кәсіпорын өз қаражаты есебінен 35 млн теңгеге негізгі және қосалқы жабдықтарды, ұзындығы 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерін жөндеуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен жылу энергетикалық жабдықтарды қайта жаңартуға және дамытуға 299,741 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталуға жақын.

– Қала бойынша жылу беру маусымына дайындық аясында кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 57 млн теңгеге 7 шақырым жылу құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1 млрд 267 млн теңге қаралып, оған сыйым­дылығы 720 мм магистральді жылу желілері ауыстырылды. №3 газ турбина қондырғыны 666 млн теңгеге, қосымша 300 млн теңге қаржыға қосалқы қондырғылар жөнделуде, – дейді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директорының орынбасары Бақытжан Молдиманов.

Қызылорда қаласы бойынша жылу өндіру, тарату қондырғыларының барлығын жөндеу аяқталуда. 6 қыркүйектен бастап құбырларды сумен толтырып, гидравликалық сынақ жүргізу жоспарда тұр. Кәсіпорын 15 қазанда жылу беруге толық көшуге дайын. Қазірге дейін дайындық жұмыстары 85 процент аяқталып тұр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<