Құтқару қызметінің сақшылары

230

0

Жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаншама адам  зардап шегеді.  Денсаулығына зақым келіп, мүгедек атанады. Өңірде күре жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу және жедел ден қою мақсатында, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында   «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойынан 3 медициналық құтқару пункті ашылған болатын. Бүгінде Бәйгеқұм ауылының жанынан «Шиелі», Иіркөл елді мекенінің тұсынан «Жосалы» және Әйтеке би елді мекенінен «Әйтеке би» пункті жұмыс істеп, оң нәтиже беруде.

Осы орайда БАҚ өкілдері Бәйгеқұм ауылының тұсында орналасқан «Шиелі» медициналық құтқару пунктінің жұмысымен танысып қайтты.  

Қазір медициналық құтқару пунктінде 5 адам қызмет етуде. Оның үшеуі фельдшер, құтқарушы және жүргізуші. Бұл – бірінші бригада. Екінші топта да осындай құрам бар. Мамандар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Пункт толық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек қоймасында дәрі қоры жеткілікті. Науқастарға арналған 4 төсек-орын бар. Медициналық көлікте  заманауи құрылғылар қолданылады. Атап айтар болсақ, жасанды тыныс алу аппараты, тыныс жолдарын тазарту, ЭКГ, мойын омыртқасы, аяқты бекіту шиналары, дәрі-дәрмектің дозасын анықтау құрылғылары мен өзге де құралдар жеткілікті. Мұнан өзге жедел жәрдем көлігінде  жол апаты кезінде көлікке қысылған науқастарды шығаруға арналған, кесу құралы – «Holmatra» да бар. 

Жалпы, мұнда келушілер – жол бойындағы жолаушылар мен жүр­гізушілер. Олардың қатарында жер­гілікті тұрғындар да, шетел азаматтары да бар.

– Науқас жолда жағдайы нашарлағанда, қан қысымы, қызуы көтерілгенде біздің қызметке жүгінеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бақылауға алынады. Жағдайы бірқалыпқа түскеннен кейін барып, жолға қайта шығуға болады. Үлкен жол болғаннан кейін көлік апаты да орын алады. Қоңырау қабылданған мезетте оқиға орнына жедел жетеміз. Біздің аумаққа Сунақата мен Сұлутөбе аралығы енеді. Бірақ кейде өзге де аумаққа өтіп, көмек көрсетуге тура келеді. Ауыр, жеңіл, орташа жол апатынан зардап шеккендерге жедел жетеміз. Нәтижесінде қайғылы жағдайлардың көрсеткіші төмендеп отыр, – дейді фельд­шер Қадыржан Балғанбаев.

Медициналық құтқару пункті ашылғалы жұмыс жасап келе жатқан фельдшер Шынтас Асқабов та  талай жанның өміріне араша түскен. Суға түсу маусымы кезінде оқыс оқиғалар жиі орын алады. Сондай жағдайдың бірінде ол суға кеткен адамға алғашқы медициналық қызмет көрсетіп, өмірін құтқарып қалды.

– Біз оқиға орнына жедел жеттік. Науқас ес-түссіз жатқан болатын. Көп су жұтып қойған. Дереу іске кірістік. Алдымен оның тыныс жолдарын ашып, емдік шаралар жасадық. Науқас қалыпқа келгеннен кейін аудандық ауруханаға жеткіздік, – дейді Шынтас.

Шұғыл әрекет ету бригадасының жедел шаралары арқасында жол апаты оқиғаларынан зардап шеккендер саны азайып келеді. Осы орайда сала мамандары тиісті орындарға тағы да үш медициналық құтқару пунктін ашу туралы ұсыныс жолдапты. Егер ұсыныс қолдау тапса, Қызылорда мен Жезқазған қалалары арасындағы «Қыздың шұбары» тас жолында, Арал ауданындағы Қамыстыбас елді мекенінде, Жаңақорған ауданындағы Бірлік пен Манап ауылдары ортасынан ашылатын болады.

Құтқару қызметін қалтқысыз атқарып жүрген мамандардың әрбір күні босқа өтпейді.  Бұған біз сапар барысында  көз жеткіздік.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз