Сыр елінің сыйы Сарыарқаға жөнелтілді

697

0

Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі 11-12 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл күні елорда ду-думанға бөленіп, астаналықтар Аралдың балығы, Қазалының конфеті, Сырдария мен Жалағаштың күріші, Жаңақорғанның қарбызы сынды аймақтың беткеұстар бренд өнімдерін, елдің дәмін базардағы бағадан біршама арзанға ала алады.

Жәрмеңкеде ұсынылатын азық-түлік өнімдері тиелген жүк көліктері кеше Нұр-Сұлтанға жол тартты. Алтын күзде ұйымдастырылатын молшылық мерекесін елорда тұрғындары жыл сайын тағат­сыздана тосатыны белгілі. Себебі он жылдан астам уа­қыттан бері еліміздегі барлық облыс ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесін аста­нада өткізуді дәстүрге айнал­дырған. Биыл да, ең бастысы, халық сапалы әрі арзан азықпен қамтамасыз етілмек.

Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен аудандардағы 70-ке жуық шаруашылық пен кәсіп­орыннан 400 тоннаға жуық өнім жөнелтіліп, қала тұрғындарына нарықтағы құнынан 10-15 процентке төмен бағада ұсынылады.

–    Жәрмеңкеге азық-түлік өнімдерінің 29 түрі 40-тан астам жүк көлігімен жеткізіледі. Сыр­бойылықтар бұл шара­ға 140 тонна күріш, 20 тонна балық, 150 тон­на бақша өнімдері, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 5 тонна сүт және кондитер өнімдерін апармақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шарада аймақтың агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктерін көрсететін боламыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Айта кету керек, Сарыарқаға Сыр елінің сыйын ұсынған ауқымды шара «Хан Шатыр» сауда орталығының жанында, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысындағы бірыңғай конструкциямен жабылған алаңда өткізіледі деп жос­парлануда.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<