Теміржол – тіршіліктің бір өзегі

624

0

Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің қалт-құлт еткен экономикасын қиындықтан алып шыққан негізгі салалардың бірі қазақ даласында қан тамырдай ию-қию болып жатқан темір жол екенін бәрі біледі. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сол бір шақта көршілес мемлекеттермен арадағы экономикалық байланысты сақтап, одан әрі дамытқан да Қазақстан теміржолы болатын.

Еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейінгі Қазақстан теміржол көлігінің өткен жолын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – 1992-1996 жылдар аралығы. Осы уақытта теміржол саласы КСРО-ның аяқасты ыдырау себебінен туындаған қиындықтарға және мүлде жаңа экономикалық жағ­дайларға бейімделу жағ­дайын бастан өткерді.

1997-2001 жылдарды екінші кезең ретінде қа­рас­­тырамыз. Бұл ара­лықта қазақстандық үш магистральді біріктіре алған әрі саланың әрі қарай өсіп-өркендеуіне негіз салған отандық тұңғыш теміржол кәсіпорны – «Қазақстан темір жолы» құрылды.

2001 жылдан бүгінге дейінгі уақыт – үшінші кезең. Яғни, саланы қайта құ­рылымдау басталған шақ. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында үлкен ре­формалар жүзеге асырыла бастады.

Қазақстан темір жолы өзінің 100 жылдық мерейтойын 2004 жылы кең көлемде атап өтті. Сол жылы шойын жол тарихының маңызды кезеңдерінен сыр тарқатылып, жер-жерде темір жолды жаңғырту, әлеуметтік саланы, теміржолшылардың еңбек жағдайын жақсарту шаралары мен ірі құрылыстар аяқталды.

Соңғы онжылдықта Қазақстанның темір жол саласы, оның ішінде жол шаруашылығы заманауи техникалармен толықты. Бұрынғы рельс шпалдарды қолмен көтеріп, қара күшпен атқарылатын ауыр жұмыстар техникаландыруға көшкелі жолды күтіп ұстау әлдеқайда жеңілдеді.

2001-2015 жылдары жол шаруа­шылығына австриялық «Plas­ser&Theurer» фирмасының 57 өнімділігі жоғары машинасы, RM балластты тазалау бойынша 8 техника, швейцариялық «Spenо» фирмасының 2 рельс тегістеу машинасы, француздық «Жейсмар» фирмасының шпал ауыстыратын 5 кешені, бағыттама бұрмаларын ауыстыруға арналған DESEC жол машиналары келді. Қол жеткен техниканың күшімен жол жағдайын жақсартуға, қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндіктер көбейді. Нақтырақ айтқанда, рельс тегіс­теу пойызы рельстердің жарамдылық мерзімін ұзартудың профилактикалық шарасы десе болады. Ал жол төсеуге арналған SMD машиналары өндірістегі кейбір функцияларды, мәселен, рельс шпал торшасын тоқу мен оны тиісті орынға жеткізу қызметін жойды.

Мобильді-диагностикалық кешен­ді өндіріске енгізудің арқасында теміржолдың нақты бір телімдеріне айы­на 2 рет диагностика жасауға мүмкіндік пайда болды, бұл ретте әр МДК 5 мыңнан 5 500 шақырымға дейін жолды жүріп өтіп, қозғалыс қауіпсіздігі деңгейін арттырып қана қоймай жолдың ақауын дер кезінде анықтайды.

Компания қазіргі таңда елдің теміржолдарын ағаш шпалдан темірбетонға ауыстыруды жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Түйіспесіз жол – әлемдік тәжірибеде кең таралған және көп пайдаланылатын құрылым. Соның көмегімен жолдың техникалық сипаттамасы жақсарып қана қоймай, жолға қызмет көрсетуге кететін пайдалану шығыны да азаяды. Жол шаруашылығын дамытудың техникалық және ақпараттық дамуы бойынша функционалды стратегиясы осы шаруашылықты жаңа жол машиналары және соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтудың арқасында жүзеге асырылады. Осы бағытты дамыту нәтижесінде жол шаруашылығындағы еңбек жағдайы жақсарды.

Бұның бәрі – ғасырдан ұзақ жасаған Қазақстан теміржолы саласының бүгінге дейінгі төккен тері мен еткен еңбегінің нәтижесі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ­станда 2,5 мың шақырым жол салынды. Оның 271 шақырымы облыс аумағына тиесілі. Соңғы жылдары аймақтағы теміржол қатынасының аясы кеңейе түсті. 2014 жылдың 22 тамызынан «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы уақытша пайдалануға қосылды. Осыған байланысты, 2016 жылдың наурыз айында облысаралық «Қызылорда-Жезқазған» темір жол қатынастары ұйымдастырылды.

Саладағы тағы бір жаңалық – аймақ теміржол желісі ұзара түсті. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолының Қызылорда жол бөлімшесіне қарасты «Сексеуіл» станциясынан «Қоскөл» станциясына дейін жолдың қашықтығы 271,3 шақырымды құрап, бірнеше станция, ондаған бекет салынды.

– Облыста 7 мыңға жуық адам темір жол саласында еңбек етуде. Жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан астам темір жол өтетін аймағымызда 67 бекет бар. Ішкі коммуникацияны қамтамасыз ету, өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруда темір жолдың маңызы зор. Мысалы, екі жыл бұрын Шиелі ауданында цемент зауыты іске қосылды. Цементтің 9 түрін өндіретін зауыттың 90 процент дайын өнімі мен шикізаты теміржол арқылы тасымалданады. Сондай-ақ Арал ауданында кальцийленген сода зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Ол өндіріс орнының да өнімі мен шикізаты теміржол арқылы тасымалданады. Нысанға жақын бекеттің қабылдап, жөнелту жолдары биыл ұзартылып жатыр, – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ-Қызылорда бөлімшесі» филиалы директорының бірінші орынбасары ­Ерлан Айдаров.

2021-2025 жылдар аралығында магистральдық желі бойынша 600 шақырым, соның ішінде 400 шақырым транзиттік бағдардағы жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ел Үкіметі бекіткен, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін контейнерлік пойыздардың бағдарлық жылдамдығын тәулігіне 1150 шақырымға жеткізу көзделуде.

Биыл теміржолды дамытуға қосқан үлесі үшін ҚТЖ компаниялар тобының 944 қызметкері марапатқа ұсынылған. Оның ішінде 55 қызметкер «Құрметті теміржолшы» белгісімен, 131 қызметкер – «Адал еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. 80-нен астам теміржолшыға «Кәсібі бойынша үздік» және «Үздік маман» салалық атақтары ­берілді.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<