Топырақты қалай құнарландырады?

1161

0

Мен Қызылордадағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жарты ғасырдан астам еңбек етіп, үш кітап, бес кітапша жаздым. Сол үш кітаптың бірінде Қызылорда аймағына тараған тұзданған топырақтың құралуы, топырақ құрылымы өзгеруінің экологиялық ортаға келтірер зияны, құнарсыз жерді ғылыми ұтымды әдістермен қалыпты егіс жағдайына жеткізіп игеруге болатыны жөнінде институтта дәлелденген шешімдер келтіріледі.

Егер тұздану дәрежесі артып, егіс бақылау­дан тысқары қалса, күріштік жер көп ұзамай тақырға айналатыны зерттеуші ғалымдардың тұжырымымен ұсынылған. Әрине, оларды тақыр жағдайға инновациялық ғылыми жетістіктеріміз жеткізбейтіні анық. Оған мысал – Арал тағдыры. Шалқып жатқан Арал теңізінің XIX ғасырдың 70-жылдары суы тартыла бастап, құрдымға кетуі мұң екен, ұлтанында құм төбелер, тақыр және тақырға ұқсас топырақ түрлері пайда болды. Аралға Әмудария мен Сырдария өзендерімен өзендер басына орналасқан елдің егісінің тұз, тыңайт­қыш, гербицид пен пестицид қалдықтарын, қалалар қалдықтарының қоқыс шірінділері ерітінді түрінде әкелініп, теңізді қалдықтар мен қоқыс қоспалары жиналатын қоймаға айналдырды. Суы кеткен теңіз ұлтаны кеуіп, тұз бен улы қалдықтар құмға араласып, аспанға құ­йындатып боратып, 150-200 шақырым қашықта орналасқан жерді ластап жатты.

Осының алдын алу үшін шетел ғалымдары профессор Зигмар Брекле, доктор Вальтер Вухерер (Алмания, Берлин, Биелефельд университетінен), профессор Арон Айер (Израиль, Иерусалим университетінен) халықаралық жобасына Қазақстан ғалымдары Ғ.Т.Мейірман, ­Х.Жамантіков, ­Л.А.Димеева, (Ботаника инс­титутынан), В.С.Каверин (орман шар­уашылығы институтынан) қосылып, Арал ұлтанын зерттейтін алғашқы экспедицияның негізгі құрамы құрылды. Бірінші зерттеу нәтижелері  Жер шарын шарлап, зерттеуіміздің бастамасы әлемді дүр сілкіндірді. Себебі, нәтижеміз ЮНЕСКО жобасына сәйкес орындалыпты. 1998 жылы екінші жыл орындалған жоба жұмысы Францияда (Париж) тіркелді. Осы экспедиция құрамы Алмания-Қазақстан жобаларына да қатысып, Біріккен Ұлттар ­ұйымынан қаржыланып көлікпен, құрал-жабдықтармен жабдықталып, фитомелиорация жұмысында үлкен жетістіктерге жетті. Экспедицияның нәтижелі зерттеулері Арал ұлтанында 14 жылдан астам жалғасты.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанын фитомелиорациялау, өсімдік жамылғысын жабу мәселесін болашақта әлемге зиянын тигізбейтіндей жолға салу іс-шаралары оңайға түспеді. Жинаған ғылыми тәжірибелердің арқасында оңтайлы атқардық. Ал Арал экология­сын жақсарту жөніндегі қорытынды мақалалар Франция, Алмания, Ресей, Украина, Татарстан, Қазақстанда 15 қалада жарық көрді. Осы айтылған Арал мағлұматтары екінші кітапта жазылды.

Үшінші кітапта жаңа жүйе – органикалық егіншілік жөнінде  мәселе көтеріліп және оның орындалу жолдары анық айтылды. Қолданыс­тағы ескі жүйе егіс топырағын лас­тады, бірақ топырақ экологиясын тазартатын жол жүйе де болмады. Ол үшін жаңа жүйе – органикалық егіншілік жолы керектігі айқындалды.

Органикалық егіншілік – қазіргі заман талабына сай әрі болашағы зор жүйе. Себебі, топырақ экологиясын тазартып, микроағзаларды түр-түрімен молайтуға жағдай жасайды. Бактериялар арқылы топырақ тірі тіршілік дәрежесіне жеткізіледі. Осы дәрежеге жетісімен онда мелиорациялық, топырақжақсартқыш, ылғал сақтағыш қасиет қалыптасады. Аталған функцияларды толық атқару үшін оның беткі жыртылатын қабатын органикалық заттармен екпінді түрде байыту керек. Бұл – топырақты толыққанды тыңайту деген сөз. Ол үшін 1 гектар ауданға 20-30 тонна органикалық зат биокомпост түрінде топыраққа сіңіріледі. Биокомпост – жартылай шіріген жағдайдағы күріш қауызы. Қауызды ылғалдап, іріктелген (селекция жолымен) бактериялар арқылы клеткасын ыдыратады. Бактерияларды сулы ашытқыға қосып, қауызды ылғалдайды. Анаэробты (ауасы жоқтың қасы) ортада бактериялар қауызды, соның құрылымындағы оттегіні пайдаланып, белсенді түрде ыдыратып тастайды. Жартылай шіру деген реакция жалғасы топырақта жүретінін білдіреді.

Топырақ толыққанды байытылса, су сіңіргіштігі органикалық заттар әсерінен 2 есеге артады, ал су өткізгіштігі кемиді яғни, 12%-ке су үнемделеді. 2013-2015 жылдары тәжірибе көрсеткіштері топырақтың су өткізгіштігі органикалық заттармен байытылғанда орта есеппен 29%-ке кемігенін көрсетті. Бастапқы кезде ол 41% еді. Топырақтың су сыйымдылығы 72-92% артты. Компост берілмегенде 43% еді. Сы­йымдылық 2 есеге жуық артты. Мысалы, 1 гектар аудандағы (тереңдігі 25 см) топырақ массасы 3000 тонна. Сонда есеп қорытындысында, (41%-29% алғанда) 12% үнемделген су массасы 3600 тонна/га болады екен. Топырақ бойында, суға қаныққанда (батпақта), ылғалдың орташа мөлшері 36%. Оны салмаққа айналдырсақ, топырақ бойындағы су массасы 10800 тонна болады. Топырақ сыйымдылығы орта есеппен 1,91 есеге көбейеді. Сонда су сыйымдылығы 10800т х 1,91=20628 тоннаға жетеді. Оған үнемделген 3600 тонна су мөлшерін қоссақ, 24228 тонна болады, яғни 1 гектар егіс компостпен байытылса, органикалық заттар әсерінен 24228 тонна/га су үнемделіп, күріш дақылына жұмсалады немесе күріш кезек кезінде үнемделген сумен тіршілік етеді, судан тарықпайды. Үнемделген су компост бойында гидрогель (2019 жылы Жаңақорғандағы Қаратау бөктерінде жаздық бидай мен мақсарыға зерттелген) сияқты сақталады. Гидрогель туралы деректер 3-кітапта кеңінен келтірілген.

Күріш егілгенде қосымша әрі сақтық шарасы ретінде дәлелденген әдіс гидрогельді сіңіріп берсе, оның 1 г 500 мл су сақтау қасиетімен, су тапшылығы кезінде өсімдіктер ылғал қарбаласынан тарықпай шығатынына сенім мол. Себебі, екі ұсыныс: топырақты компостпен байыту және гидрогель берілсе, осыларға егістік бетінің тегістігі қосылса, шаруашылық су тапшылығынан іркілмей шығуға болады. Үштік – органикалық заттар, гидрогель мен жер тегістігі және олар білім мен ғылым жетістіктерімен негізделсе, қорқыныш пен үрейге орын жоқ. Сондықтан досың да, сенерің де тәртіп, ғылым жетістігі мен білім болу керек. Бұл – үшінші кітап қорытындысы. Оларды өндіріске енгізу – агрономның тікелей ісі.

Бес кітапшаның біреуі күріш қауызын (шашылып, экологиялық мәселеге айналған) биокомпостқа айналдыру ісін сапалы жасау жолын нұсқау ретінде жазылды. Екінші кітапша жас кадрлардың  сапасын жақсартуға арналды. Үшінші кітапша естелікке арналды. Ешкім өздегінен ғалым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оған орта, оның ішіндегі жақсы ұстаз ұйытқы болады. Сол кісі ізденген жасты ғылым жолына түсіріп, істейтін жұмысының бағытын түсіндіретін болса, ұстазды неге қадірлемеске? Естелік ұстазды қанағаттандырады әрі оған қуат береді.

Төртінші кітапша –  Қаратау фосфоритінен қыздыру мен балқыту жолымен алынған полифосфаттар жөнінде. Полифосфаттар ортофосфаттан әсер етуші фосфор тотығы (Р2О5) мөлшерінің 3,6 есе көптігімен, гидролизденгенде макроэргиялық энергия шығаруымен ерекше. Полифосфат тыңайтқышын алу жолы, әрине, қымбат. Қазақстанда энергия тапшылығы басымдылық жасап тұр. Бір өте ескеретін жағдай – Қаратау фосфориті құрамында қоспаның көптігі. Ауыр металдан улы фтор тыңайтқыш құрамын ластайды. Ал, полифосфатты фосфоритті балқытып не қыздырып өндіргенде, ауыр металдар уыты жойылады олар күйіп жаман қасиетін жоғалтады. Полифосфаттарда қоспа жоқ, сондықтан қолдану өте тиімді. Оларды өндіретін болашақта энергия жолы табылар деген үміт бар.

Бесінші кітапша Қызылорда аймағын көгалдандыру мақсатында жазылды. Қазақстанда табиғи өскен ағаштар аз. Олар солтүстік жақта. Қызылорда қуаңшылық белдеуде болғандықтан, ағаш отырғызып көшені көлеңкелеу, парк жасап демалыс алаңын қолдан құру, қаланы, үлкен ауылдарды бораннан, шаңнан қорғау белдеуін жасау, сол сияқты көгалдандыру іс-шараларын орындау өте қажет және өзекті мәселе. Сол үшін осындай жаңа жоба жасау­ға арқау болатын, кезінде мұнайлы Ащысай жерінде өндіріске енгізілген, жаңалығы бар жобаны үлгі ретінде ұсынып отырмыз.

Кітаптар мен кітапшалар материалдары Қызылорда қаласында бір ғасырға жуық еңбек етіп, егіншілікті дамытуға бағытталған Күріш шар­уашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутында орындалды. Ғылыми еңбектер осы институт кадрын, ғалымдардың еңбегін ескеріп, ғылымға көзқарасты жақсартуға, оның орасан күшін облыс егіншілігі игілігіне жұмсауға, табиғатты аялап, топырақты құнарландыруға арналған. Топырақ құнарлы болса, климаттың оқыс құбылысының бірі – қуаңшылықта да ғылыми жолмен оңтайлы деңгейде азық-түлікті өндіруге болатыны дәлелденген,  яғни, ғылым-білім күнделікті керек. Қиындықтан алып шығатын жолды ғалымдар ізденіспен табады, оны мезгілінде өндіріске енгізу – тауар өндірушілер міндеті.

Сыр өңіріндегі егістік құнарлылығын тыңайған егіс топырағына сәйкес дәрежеге жеткізіп, облыс халқының азық-түлікке мұқтаж болмауы үшін  институт ғылым  жетістіктерін Тәуелсіздіктің 30 жыл толу мерекесіне үлес ретінде ұсынып отырмыз.

Хасый Жамантіков,

ауыл шаруашылығы 

ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<