Мейіргер – медицинаның негізгі күші, дәрігердің сенімді серігі. Науқас келіп түскеннен аман-есен сауығып, аяғына нық тұрып кеткенге дейін жанашырлық танытып, қолынан келгенше аянбай ем-шаралар жасайды. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын берген соң, әрі қарайғы бар жұмысты мейіргер орындайды. Осындай үлкен жауапты талап ететін қызметпен қоса басшылықты теңдей алып жүрген, мамандығын мақтаныш емес, жауапкершілік деп түсінетін тері-венерология бөлімшесінің аға мейіргері, әріптесім Төреева Гүлбақыт Сермаханқызына тоқталғым келді.
Гүлбақыт Сермаханқызы – сырқаттың бойындағы әрбір өзгерісті қалт жібермей қадағалап, науқастың дәрі-дәрмегін уақытылы берілуін, ем қабылдау барысын бақылап отыратын жауапты маман. Ем іздеп келген әрбір пациент өте сезімтал келеді. Сондықтан ем қабылдайтын жандарға ерекше ықылас таныту керек. Сол ықыласты бойға жинаған Гүлбақыт Сермаханқызының қабілеті әркез танылып тұрады.
Ол 1987 жылдың 3 желтоқсанында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда медициналық колледжін, 2007 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бітірді. 2007-2008 жылдары №3 қалалық емхананың «Терапия» бөлімінде мейіргер қызметін атқарды. 2008 жылы облыстық тері-венерология диспансеріне мейіргер қызметіне қабылданып, 2023 жылдан бастап сол бөлімшеде аға мейіргер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, тәжірибелі мамандардан оқып-тоқудан жалықпайтын Гүлбақыт Сермаханқызы сынды әріптестерді алдағы 12 мамыр – «Халықаралық мейіргерлер күні» кәсіби мерекесімен құттықтап, ақ халатты кіршіксіз таза ұстап, ел саулығы жолында абыройлы қызмет ете беріңіздер деген тілек қосқым келеді.
Жанат ЖҰМАТАЕВА,
облыстық тері-венерология
диспансерінің бас мейіргері





