Жалағашта жүзу бассейні салынуда

817

0

Биылғы жазда жалағаштықтар жүзу бассейінінің игілігін көреміз деп отыр. Заманауи үлгіде салынған ғимараттың сырт келбеті алыстан көз тартады. Біз барғанда, ғимараттың айналасы абыр-сабыр, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен.

Құрылыс басындағы жауапты мамандардың айтуынша, жоспарлы жұмыстардың басым бөлігі атқарылған. Ғимаратты салып жатқан  жұмысшылар қатарында жергілікті тұрғындардың да үлесі бар. Жалпы аумағы 52 гектар ғимаратта үлкен, кіші бассейндер, жаттығу залы, дәрігерлік кабинет, дүкен, киім ауыстыру бөлмесі және душ қабылдайтын орын қамтылған. Ең бастысы, жалпы халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, әсіресе жастардың бос уақытын пайдалануына септігі мол.

Осынау әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға қаржы салып отырған кәсіпкер Қайыржан Құлтекенов – Атырау облысының азаматы, «Казкомсервис» ЖШС-ның  құрылтайшысы. Ал құры­лысты салып жатқан мердігер – «Интегрострой» ЖШС. Жоба аясында бассейн құрылысын салуға 395 млн теңгеден астам қаржыға келісім-шарт жасасқан. Жыл соңына дейін жоспарланған жұмыс мерзімінен бұрын, маусым-шілде айларында пайдалануға берілмек.

– Аудан орталығынан жүзу бассейнінің салынғанына тұр­ғындардың алғысы шексіз. Бұл – жасөспірімдердің өз денсаулығын нығайтып, салауатты азамат болып қалыптасуына, сол сияқты, қара­пайым тұрғындардың да заман тала­бына сай жаңашыл бастаманың игі­лігін көруіне мол мүмкіндік – дейді кент тұрғыны Маханбет Ахметов.

Иә, ел ішінде қалталы азаматтар көп шығар, дегенмен, жеке қара­жатын халықтың игілігіне жұм­сай­тындар некен-саяқ. Осы тұр­ғыдан қарағанда, Қайыржан Құлтекенов сынды атымтай жомарт азамат­тардың ісі көпке үлгі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<